Күніне 100 рет отырып тұру жаттығуын жасасаң ағзада қандай өзгерістер болады?

О Сансызбай Корреспондент
Күніне 100 рет отырып тұру жаттығуын жасасаң ағзада қандай өзгерістер болады?
Фото ©️ elements.envato.com

Саламатты өмір салтының басты кепілі – физикалық белсенділік. Күнделікті жаттығулар мен белсенді қозғалыста болу арқылы ағзаны дұрыстап, көңіл күйді реттеуге болады. Арнайы залға бармай-ақ, үйде немесе өзге де ыңғайлы орындарда жасауға болатын жаттығулар да бар. Соның қарапайым бір түрі – отырып тұру жаттығуы.

БӨЛІСУ

Отырып тұру жаттығуы сергектік сыйлап қана қоймай, бұлшықеттерді де ширықтыра түсері анық. Ал күніне 100 рет  жасайтын болсаңыз ағзада қандай өзгерістер болуы мүмкін?

Отырып тұру жаттығуының пайдасы:

Аяқ бұлшықеттеріне күш береді

Отырып тұру арқылы аяқ, бөксе мен белдегі бұлшықеттер ширығады. Күніне 100 рет жасайтын болсаңыз аяққа күш беріп, төзімділігіңіз артады.

Икемді боласыз

Бұл жаттығудың тізеге, бөксе мен санға пайдасы зор. Қимыл-қозғалыста ширақ әрі икемді болуға көмектеседі.

Бой өсіретін гормон көбірек бөліне бастайды

Күнделікті отырып тұру жаттығуы арқылы ағзада бой өсіретін гормон көбірек бөліне бастайды. Бұл арқылы терінің қалыпқа келуі, сүйектің бекем болуы және ағзадағы энергияның үлесі артады.

Тепе-теңдік сақтау жақсарады

Отырып тұру арқылы аяқтағы бұлшықеттер қалпына келіп, ширап, адам өз салмағын тепе-теңдікте сақтауы дұрысталады. Жүгіргенде оқыстан тайып кетпес үшін немесе кей жаттығуларды орындағанда тепе-теңдік сақтау үшін бұл жаттығудың пайдасы зор.

Эндорфин гормоны артады

Физикалық жаттығулар, оның отырып тұру эндорфин гормонының көбірек бөлінуіне сеп болады. Эндорфин «бақыт гормоны» деп те аталады. Бұл арқылы адамның көңіл күйі көтеріліп, күйзелісін ұмытады.  

Калория көп жұмсалады

Отырып тұру арқылы арықтауға да болады. Себебі күнделікті бұл жаттығуды жасау арқылы калорияны көп жұмсайсыз. Бұл салмақты қалыпты ұстауға, арықтауға көмектеседі.

Отырып тұру жаттығуының кері әсерлері:

1. Бұлшықеттерге күш түсіру. Отырып тұру жаттығуының да өзіндік әдіс-тәсілі бар. Денені қыздырмай бірден бастап кетуге болмайды. Дұрыс жасамаған жағдайда аяқ пен арқаның бұлшықеттеріне күш түседі. Сондықтан да денені қыздырып, одан кейін техникасын толық меңгеріп барып бастау керек.

2. Тізе буындарының зақымдану қаупі. Отырып тұрудан тізе мен ондағы буындарға көп күш түседі. Сондықтан да жарақат алып қалу, ауыртып алу жағдайы арагідік кездеседі. Егер Сіздің тізеңіз, аяғыңыз ауыратын болса, онда дәрігер мен жаттықтырушыдан кеңес алған абзал.

3. Шамадан көп істеу. Күніне 100 рет бұл жаттығуды жасау бұлшықеттер мен терінің қызметіне кері әсер етуі де мүмкін. Сондықтан да ағзаны демалтып, арасында демалыс жасап тұру керек. Сонда жарақаттан аман боласыз.

Күн сайын 100 рет отырып тұру жаттығуының пайдасы мол. Дегенмен денсаулығыңызда қандай да бір кінәрат, тізе мен буындарыңыз ауыратын болса, онда дәрігерден кеңес алу керек. Бұл Сіздің денсаулығыңызға кері әсер етуі де мүмкін. Сондай-ақ жаттығу техникасын дұрыс білмеу де қауіпті деуге болады. Ал дұрыс орындалған жаттығу – деннің сау болуына бір кепіл.