Еуропа және қазақ мәдениеті: әйел затының қоғамдағы орны

Еуропа және қазақ мәдениеті: әйел затының қоғамдағы орны
Фото: suhbat.bozbala.com

...ғылым мен мәдениет барлық дүниенің
алтын алқасы болып отыр. 

Мұхтар Әуезов 

Кез келген елдің мәдениеті, өзіне тән салты мен дәстүрі бар. Жер бетіндегі барлық әйелдің атауы бір болғанымен олардың болмыс-бітімі, табиғаты ұқсас деп айта алмаймыз. 

Әйел затының жаратылысы ерекше құбылыс. Бүгінгі күнге дейін ғалымдардың зерттеу тақырыбына айналған жұмбақ тіршілік иесінің өз туған еліндегі салт пен дәстүрге сай өмір сүру қағидасы бар. Еуропа – бізден жүз жыл бұрын дамып кеткен, негізгі тарихы отырықшы халық есебінде қалыптасқан құрлық. Ал орта Азия халықтарының даму тарихы көшпенді ретінде танылған. Бұл екі ұғымның тарихи-әлеуметтік маңыздылығы әйел затының да тыныс-тіршілігіне әсерін тигізді. 

Бүгінгі таңда әлемде адам еркіндігі, әйел затының құқығы сынды көптеген танымдық ақпараттар бар. Бұл заңдылықтардың арқасында еуропадағы әйел баласының мәдениеті тегінен ерге бағынуға қарағанда, тікелей іскерлік әлемге бастайды. Әрі олардың түсінігінде «қызға қырық үйден тыйым» сынды қазақ дәстүріне тән ұғым жоқ. Қазақта «үш қызы бар әке жұмақтық» аталады. Бұл санға байланысты емес, олардың тәрбиесіне байланысты айтылса керек. Өйткені қазақ үшін қыз баланың орны өте ерекше болған.

Еуропа мәдениетінде қыз баланы кішкене кезінен бастап іскерлікке, қала мәдениетіне, өз алдына табыс табуға жетелейді. Соның арқасында бүгінде биік орындарда, басшылықта әйелдердің үлесі көп. Ал бізде мүлде басқаша. Ақылы толысқан күннен бастап қазақ қызын отбасы өміріне, тұрмыс-тіршілікке, еріне лайық болуға тәрбиелейді. Бұл бүгінде кері жақтағы пікір, заманынан қалып қойған деген секілді нәрселерді меңзеуі мүмкін. Бірақ тал шыбық кезінен берілген тәрбиенің тәлімі тас түйін екенін де жасырмаймыз. Далалық мәдениеттің, дәстүр мен салтты ұстанған көшпелі жұрттың әйелдер қауымы көштен қалыпты деген әңгіменің де ауылы алыс. Өйткені ертеден белгілі қазақ даласында дүниеге келген «Дихнат мама», «Ұмай ана», «Домалақ ана», «Матай» сынды аналарымыз да тізгін ұстап, ел дауын шешуге араласқан. Бұл еуропалық мәдениеттің қазақ қоғамында көрініс табуы емес, қайта біздің мәдениеттің тәрбиелік құндылығы ертеден ел есінде болғанын аңғартады.

Еуропалық тұрмыс-тіршілік негізінде олардың әйелдер ортасын төмендегідей бес топқа бөліп қарастыруға болады: 

1. Көшбасшы әйел;
2. Іскер әйел;
3. Отбасы иесі; 
4. «Жұлдызды әйел»;
5. Тұрмыстағы әйел.
 

Әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері мен айырмашылықтары бар. 

Екі жақты мәдениеттің негізінде көптеген айырмашылық көруге болады: еуропалық әйел орамалды басына сән үшін тақса, қазақ қоғамында орамалдың орны мүлде басқа. Киім кию үлгісінде де айырмашылықтар бар. Қысқа не жыртық үлгідегі киімдерді кию кәрі құрлық үшін күнделікті әдет болса, көшпенді елдің ұрпағы үшін бұл тәрбиелік тәлім жағынан қайшылық туындатады. Яғни, ұзын кию, тізені көрсетпеу деген секілді. Шаш жаю олар үшін қалыпты болғанмен қазақта «жесір әйел шашын жайып жүреді» деп жатады. Бәрі сайып келгенде  «діл» (менталитет) ұғымына бағынышты болып тұр. 

Зерделей берсек көптеген айырмашылық пен ұқсастықтарды көре аламыз. Сіздіңше еуропа мәдениеті мен қазақ мәдениетіндегі әйел затының рөлдері қаншылықты тең дәрежеде, біздің дамыған мәдениеттен үйренеріміз бар ма?!

М. Ақан