Әмір Темір жүрегін жібіткен ана

Әмір Темір жүрегін жібіткен ана
Фото: baq.kz

Ел шауып, жер басып алу жөнінде атышулы Шыңғыс ханнан кем түспеген Әмір Темір көреген елдің боздағы мен аруын, сәбиі мен кәрісін, қызы мен кемпірін қынадай қырып, қанын судай ағызған. Ақсақ Темір деген атты есіткенде жылаған бала дауысын өшіріп, сөйлеген жан сөзін қойған. Оның қаттылығынан қайыспаған ел, қамықпаған адам болмаған. Шабылмай қалған ел де, алынбай қалған жер де қалмаған. Сондай зұлымдығының бірінде Темір бір елді шауып, мал-мүлкін, халқын басып алып айдап кетеді.

Сол айдалып кеткен қолға көп тұтқынның ішінде бір кемпірдің көзінің ағы мен қарасындай жалғыз баласы да кетеді.Баласынан айрылған кемпір: «Жалғызымнан айрылып, одан жанымды аяп қалып мен кімге тұлға боламын», – деп баласының артынан бұл да кетеді. Жолда небір биік тау-тасты, қалың ну орманды, өткел бермес асау өзенді кездестіреді. Бірақ оның бәріне де төзімділікпен шыдайды. Ақырында кемпір Темірдің Самарқандағы сарайына да жетеді. Бірақ жол азабын көп көрген кемпірдің тек қана сүлдесі жетіп еді.

Ажары кеткен, жүзінің нұры қашып, сілесі қатқан кемпірді көрген сарай адамдары, күзетші-жасауылдары оны Темірге жібермейді. Өжеттігі мен қайсарлығы кемімеген табанды кемпір Темірге де жетеді. Алдына келген адамнан жөн сұрауды күнәмен тең көретін Темір мына келген кемпірді адам екен-ау деп елемейді. Тіс жармайды.

Ақыры шыдамы таусылған кемпір Темірге былай деп сөз бастайды:

– Уа, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты әміршім! Біздей алдыңызға келген пақыр жанның сөзіне құлағыңызды асыңыз. Сен алмаған ел бар ма, сен баспаған жер бар ма?! Халықтың қанын судай ағыздың. Ұлын улаттың, қызын шулаттың, кәрісін зарлаттың, сәбиін жылаттың. Олардың барлығына да тырнақтай рахым жасамадың. Алдыңа келгенді аждаһадай жұттың, қасыңа жуығанды қапсыра құрттың, ойыңа алғанның бәрін істедің. Арманыңды түгел орындадың. Дүниеде уысыңа симаған ел де, қансырамаған халық та жоқ. Осының бәрін, әміршім, сен істедің. Дүние жүзіне Темір атың мәшһүр болып, кеңінен тарады. Осындай айбарлы атақ пен өшпес даңққа ие болғаныңмен, әміршім, сен мендей анадан туып, анадан өстің. Мендей ана болмаса, сендей атақты да қаһарлы патша да болмаған болар еді. Сондықтан да анадай асыл жан дүниеде әм ұлы, әм құдіретті деп айтуға лайық. Анаға бала өмір бақи қарыздар. Сол анадан сендей айбарлы хан да, айбатсыз, ақымақ, жаман да туады. Сен анадан артық туған хансың да, менің балам жаман туған жан. Бірақ жаман болса да ол өзіме артық, өзіме жақсы. Қарға екеш қарға да балапанын «аппағым» деп аялайтын көрінеді. Ананың балаға, баланың анаға қымбаттылығы сондай. Ендеше, хан ием! Ендеше, сол жаман балам сенің тұтқыныңның бірі болып зынданда жатыр. Сол жаман баламды сұрай келдім. Шыбынымды тірідей қолыма бер! Ол өзіме қымбат, – деп кемпір сөзін аяқтағанда дүниеде тастай қатты, ешкімге еш уақытта мейірімі түспеген, адам қанын судай төккен қатыгез Әмір Темір кемпірдің сөзіне жібіп, баласын өлтірмей қайтып беріпті.

Адам баласына жібімеген, адамның сөзін сөз демеген, адам баласы батып сөз айта алмаған қаһарлы да айбарлы шығыстың жалғыз көзді арыстаны атанған Ақсақ Темір сияқты қатты әмірді сөзбен тоқтатып, мақсатын орындатқан тек ананың үлкен жүрегі мен оның құдіреті еді.

«Бабалар сөзі». Тарихи аңыздар. 85-том.

jastar.kz

@. @assel_assanova