Ақсақ Темірдің сүйіктісі — Әлфия — 12

Ақсақ Темірдің сүйіктісі — Әлфия — 12
Фото: Валерия Белугина

Тау қиясын бөктерлеп қырық шақты атты келеді. Жүрістері суық. 

Шаңқай түс. Керуен Монтайтастан өтіп, Сарыжылғаға жете бергенде, алдағы көк жонды қырқадан қырық атты шыға келіп, керуеннің алдын орап, жақындай түсті. Міне, бұл керуеннің, тып-тыныш келе жатқан баяу жүрісті, салқын қалыпты кірекеш керуеннің өз құпиясы бар екен. Бұлардың соңынан бір шақырымдай алыста, бой тасалай келе жатқан, жүз қаралы салт атты, бұларға қарсы шапты. Керуен қып-қызыл шаң-тозаң басқан бұлыңғыр да бозалаң ортада қалды. Саудагер жігіт әйелімен екеуі мінген күймелі арбаны батыс жақтағы терең сайға бұрып, бас сауғалап кетті.

Сарыжылға деп аталатын қобдалы сайдың бауырын қып-қызыл тозаң басты. Сарт-сұрт, шақ-шақ. Бұл найза, қылыш, айбалта даусы. Шыңғыра кісінеген ат, кейбірі ойнақтай осқып, лағып барады. Шамасы иесі сойылға құлаған. Күңіренген ауыр үндер де естіле бастады. Сарт-сұрт сойыл айқасына айқай қосылған. Өздеріне-өздері күш берген тәрізді қару көтеріп, жауына сілтеген бойда оған аруақ шақырған, бойына қосымша күш-қайрат қосатындай, айқай қосылады. Гүрсілден гөрі сарт-сұрт басым.

Бұл айбалта, қылыш найза, үзбелі шоқпардың соқтығысынан шыққан дауыстар.

Қақтығыс көпке созылды. Екі жағы да шаршаған, аттары болдырған шығар, ақырындап, жігі ашылып, қолдан айқасқандар, оларды төңіректеп, қорғап жүргендер бірте-бірте ығыса бастады, үзілген жіптей ыдырай түсті. Шамасы, жүз қырықтан басым түсе алмаған. Қырықтың шапшаң, есепті қимылына, қарсылығына төтеп бере алмаған Тоқолоқ жүздігі бөлектеніп, Сарыжылғаның батыс еңісіне, беткейге жетіп тоқтады. Бұл жолы Тарағайдың өзі бастап келген қырық аттылы қырқаның басында тұрып қалды. Ортада, жаңа ғана айқас болған алаңда өліктер, жаралылар, аттан құлаған жаяулар ғана қалған.

Қақ жарылған қалпында бір-біріне сынай қарап көп тұрды.

Авторы: Сәуірбек Бақбергенов

Қ. Бүйенбай