Ақсақ Темірдің сүйіктісі — Әлфия — 11

Ақсақ Темірдің сүйіктісі — Әлфия — 11
Фото: Фархат Токтаров

— Тоқолоқтың нағыз жауы осы Ақсақ Темір көрінеді. Тоқолоқ мұның басына ат басындай алтын тігіпті. Кімде-кім, мұны оған ұстап берсе, ат басындай алтын алады.

— Сенің ұстап беріп, алтын алғың келіп жүр ме?

 Жоқ, ә. Әшейін, естігенімді айтқаным ғой.

 Осымен екі рет кездесіп, сені сыйлап, қол салмай, ештеңе тимей, тонамай кеткен адамды сатпақсың ба? Құдайың қайда? Сиынарың кім? Сатпа оны!

 Жоқ дедім ғой. Мен оған қастандық етпеймін. Ол бізге кімге бола екені белгісіз, әйтеуір, жақсылық жасап жүр.

Әлфия керуені Шаштан өтіп, Қараспанға, одан Отырарға, Ясаға бет алды. Соңғы қалаға келген күннің ертесінде, кешке қарай, ақшам кезінде жас саудагер, Әлфия жұбайы ұшты-күйлі жоқ боп кетті. Әйелі оны қонақ үйде, керуен сарайында тағатсыз күтті. Ал бұл кезде ол Тоқолоққа барып, Ақсақ Темір деп жүрген қарақшыны көргенін, оның қандай адам екенін, тонаушылардың санын, түр-түсін, киім-киісін түгел баяндаған. Кешігіп келді. Амандығын көргесін, әйел әлгіндегі сабырсыздығын тез ұмытып, қайдан келгенін де сұраған жоқ.

Әлфия өз жұбайының жастығына қарамай, айлакер, зымиян, әрқилы сұмдықтар жасай алатындығын тәуір білетін. Содан да, не болса оның қайдан келгенін сұрамады, оған мүлде мән бергісі келмеді. Мұның орнына Әлфия қазіргі дүниенің неде, кімдердің қолында тұрғанына ой жіберді. Кім күшті, кім көп, кімнің қолында қару бар, дүние соныкі, билік соның қолында. Ақсақ Темір өзінің аз қолымен, қырық қарақшы атанған тобырымен, осынау күштілерге қыр көрсетіп, ереуіл жасап жүр. Жеңбесе де, ойлансын, аяғын тарта жүрсін, қаруын қалай болса солай, кімге болса соған көтере бермесін, анда-санда тәубесіне келіп жүрсін деп, өзі болса тау тағыларымен қатар өмір сүреді. Оны бұл жолға салған өзім. Енді қорғауға көмегім жоқ. Ол мені әлі қорғап келеді. Ол қорғай береді. Ол ер жігіт. Ол айтқан сөзінің ұштығына жететін адам.

Бұдан әріге оның ойы барған да, жеткен де жоқ. Күйеуінің оны сыртынан сатып келгенін білмесе де, Тоқолоқты мұның өз басы ұнатпайтын. Мұның кішкене кезінде, шешесінің бұл ештеңе түсінбейді, жас деген болуы кәдік, көрші тұратын құрбы әйелге өз өмірін ұзақ баяндағананын естіген. Шешесі Сүрения сұлу болыпты. Тоқолоқтың көзіне түсіпті. Ол он бес жасар қызды өзінің қатынханасына алдырған. Ол одан қалай құтылды? Шешесі Баршақатын біреуді сатып, өлімге беріп, өз қызы Сүренияны құтқарған. Сатқанын біледі. Сатылған кім? Оны бұл естімеген. Мұның шешесін Тоқолоқ кейін сатып жібермек те болған...

Сол Тоқолоққа мұның өз қойнында жатқан қазіргі жұбайы бір кездегі сүйгені, жақсы досын сатып келген болса, бұл оған не айта алады? Қолдан келместі білгеннен білмеген артық. Біліп күйік жегенше, білмей іштен тынған жақсы. Жеме-жемге келіп, қастандық жасай қалса, қолынан келгенін аямайтынын іштей ойлап, ант сөзіндей жадында сақтады.

Керуен Ясада жұмысын ерте бітірсе де әлдеқайда кеш шықты және күндіз емес, түнде шықты. Мұнда не сыр барын ешкім білген жоқ. Арыссафқа жеткенше жедел келді де, одан өтіп алғасын жайлап жүрді. Керуен ілбіп келеді.  

Автор: Сәуірбек Бақбергенов

Қ. Бүйенбай