Кенесарының қарындасы Бопайдың батырлығы

Кенесарының қарындасы Бопайдың батырлығы
Фото: www.neizvestniy-geniy.ru

Бопай Қасымқызы - Қасым төренің алты ұлының арасындағы жалғыз қыз. Кенесары Қасымұлы көтерілісіне белсене қатысушылардың бірі, Кенесарының қарындасы. 

Бопай асқан батырлығымен әйгілі болады. Ол Кенесарының барлық шайқастарына қатысып, өзі де жау шебіне жорық жасап отырған. Бопайсыз Кенесарының кеңесі өтпейтін. Бопайдың ақыл-кеңестеріне Кенесары құлақ асты дейтін тұстарды тарихтан жиі кездестіреміз.

Ол жорықтарда өзін әйелмін деп сезінбей, ісіне әділ де берік, қатал талап алатын батыл басшы екенін танытты. Ағасына ұқсаған сұсты да нұрлы тұлғасын көріп, затың әйел ғой деп сөз тастайтын ұры көзді жігіттерге бұйрықты бере жалт қарағанда, олар кірерге жер таба алмай, сасқалақтап қалады екен.

Бопайдың күйеуі - Уәли ханның ұрпағы Сәмеке сұлтан. Ол және оның туған-туысқандары Кенесарының қозғалысына қатысудан тікелей бас тартады. Бопай ханша бұл іске көп мойымайды, қайта қайсарлана түседі де, алты баласын бауырына алып, бүкіл дүние-мүлкін, малын түгелімен қозғалыстың мүддесіне жұмсауға бекінеді.

Бопай 600 адамнан тұратын ерекше топты басқарады. Көтерілісшілердің бұл тобы Кенесары әскерін жабдықтаумен шұғылданып, елден зекет, көтеріліске қосылмаған сұлтандардан мал-мүлік жинаумен айналысады. Бопай қатысқан шайқастардың ішіндегі ең ірісі - 1838 жылға Батыс-Сібір генерал-губернаторлығының терістік батыс аударында бағытталған Аманқарағай дуанына шабуылы. 1847 жылғы қырғыз манаптарына қарсы шабуылда Кенесарымен бірге болған. 

Бопай ханша туралы азды-көпті деректер орыс зерттеушілерінің және жазушы Ілияс Есенберлиннің еңбектерінде кездеседі. Ел арасына тараған талай-талай аңыздар, хикаялар, әңгімелер бар. 

Батыр қыздың дүние салған жері Ырғыз бойы. Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданында Бопай атында ауыл бар. Зираты осы ауылдың тұсындағы төбешік басында орналасқан.

"Кенесарының қарындасы - Бопай", "Қазақ батырлары" кітабынан мәліметтер пайдаланылды

Ж. Исакаев