Кейқауыстың аттың сыны жайлы айтқаны

Кейқауыстың аттың сыны жайлы айтқаны
Фото: pixabay.com

Жақсы аттың түр-түсі де жақсы болады. Сондықтан аттың қасиетін анықтау үшін, оның бітіміне, жаратылысына байыптап қарау керек. Жақсы деген, жүйрік деген аттың сын-сипаты мынадай болады:

Тісі аппақ, біркелкі, жұқалтаң әрі мығым. Төменгі ерні салпы. Танау қуыстары кең, биік. Көздері, кірпіктері қара түсті. Маңдайы жазық. Құлақтары ұзын. Құлақтарының арасы дөңес және алшақ. Шүйделі, мойны жұмыр, кең алқымды. Жалы сирек. Кеудесі кең. Омырауы ашық. 

Аяқтарының арасы алшақ. Аяқтарының жоғарғы сүйектерінен төменгі сүйектері (сирақтары) ұзын. Тілерсекті. Тұяғы қара түсті, қалың. Табаны төңкерілген кеседей дөңгелек. 

Жоталы. Сауыры дөңгелек, жаялығы кең. Сауырының ішкі жағы етті, шақпақ еті тығыз, қара түсті. Белі – қақпан бел. Қарны мен бүйірінің арасы қысқа, кебеже қарын. 

Құйрығы сүзіліп бітеді. Құйыршығы қысқа. Жүргенде, тұрғанда тыныш, жайлы. Үстіне мінген кісінің ыңғайын жіті сезінеді. 

Түр-түсінің ең жақсысы – торы және құрама түс. Жиреннің ішінде алтындай жарқырағаны болады. Мұндай түсті аттың еріндері, көздері мен кірпіктері, екі сауыр аралығы, ұмасы, жал-құйрығы қара түсті болып келсе, онда ол жақсы деп есептеледі. 

Баран түстінің ішінде шымқай қара түсті ат дұрыс, бірақ оның көзінің қызыл болмауы шарт. Қызыл көз ат тарпаң, мінезі шадыр болып келеді. 

Көк түсті аттың жақсысы өте сирек ұшырасады. Егер көк түсті аттың шақпақ еттері бос әрі боз болса, сондай-ақ, оның көзі мен кірпіктері, жал-құйрығы ақ түсті болса, аттың жаманы – сол. Ал, мұндай түсті аттың сандарының ішкі шақпақ еттері тығыз әрі қара түсті болса, сондай-ақ, шоқтығы, омырауы, аяқтары қара түсті келсе, онда оны жақсы аттардың қатарына қосқан дұрыс. 

Сұр түсті аттың арқасы қара жолақты, аяқтары, шашалары, жал-құйрығы, көздері мен кірпіктері, еріндері қара түсті болса, онда ол жақсы деуге лайықты. Ала түсті аттың жақсысы өте сирек. 

Аттың жақсы белгілерін білумен қатар, оның жаман қасиеттерін, кемшіліктерін білудің маңызы да жоғары. Енді аттың кемшіліктеріне тоқталайық. 

Керең ат. Керең ат басқа жылқының кісінеуіне, оқырануына жауап қайтармайды, тек құлақтарын жымита береді. 

Солақай ат. Жетектеп қораға кіргізгенде немесе шығарғанда, солақай ат алдымен сол аяғын қозғайды. Мұндай ат сүріншек келеді. 

Тауық соқыр ат. Тауық соқыр ат қараңғыда табан жолын көрмейді, жолдың жайлы-жайсызын аңғармайды, жуас аттар үркетін нәрселерден үрікпейді де, үркек деген аттардың өзі үрікпейтін нәрселерден үркеді. 
Көзі кем аттардың енді бірі күндіз көрмейді. Мұндай аттың көздерінің қарашығы көк болады, кірпік қақпайды, көздері үнемі ашық тұрады. 

Қыли ат. Сырттай қарағанда, аттың көзінің қылилығы кемістік сияқты көрінеді. Бірақ, арабтар мен парсылар аттың көзінің қыли болып келуін жақсы белгілердің қатарына қосады. 

Аттың аяқтарының әдеттегіден тыс ұзын болып келуі де кемістік болып табылады. Ондай аттардың аяқтарының буындарын ауру шалған десе болады. 

Егер аттың екі көзі бірдей көкшіл келсе, онда бұл жаман белгі емес, ал аттың бір ғана көзі, әсіресе, мінер жақ көзі көкшіл болса, онда бұл кемістік болып табылады. Ақ көз, шегір ат та жақсы емес. 

Егер аттың мінер жақтағы алдыңғы және артқы бақайлары ақ болса, онда бұл – кемістіктің белгісі. Артқы немесе алдыңғы аяқтары ұзын біткен ат та жақсы емес. Мұндай аттар ылди мен өрге бірдей жақсы шаба алмайды. 

Маймақ аяқ аттар сүрінгіш, жығылғыш келеді. Шоқтығы, қолтығы, омырауы, бақайлары қылды, шашалы аттар да жақсы бола алмайды. Құйрығы артын жаппай, қисайып тұратын ат та жақсы емес. Ит құйрық атты да жақсы деуге болмайды. 

Үркек, бас асау, басы қатты және жиі-жиі кісінейтін, еркектік мүшесін жиі шығарып, жиі жел жіберетін, тезек тастауы едәуір уақытқа созылатын ат та жаман деп есептеледі. Аттың кәрілігі де оның кемістігі қатарына жатады. 

Ат сынауда осы айтылған белгілердің бәрін ескеру керек. Сонымен қатар, аттың бойының да тым аласа болмауына көңіл бөлген дұрыс. Кісі өзі қанша келісті болғанымен, егер оның астына мінген аты аласа бойлы, жатаған келсе, онда ол кісінің өзі де көрнекті көріне алмайды. Аттың оң жақ бүйіріндегі қабырғалардың шершеуі сол жақ бүйіріндегі қабырғаларының шершеуінен артық болады. Егер аттың екі жақ бүйіріндегі қабырға шершеу саны бірдей болып келсе, онда одан ешқандай да қыл құйрықты жануар оза алмайды. 

Бекен Қайратұлы

"Қазақтың атбегілік өнері" кітабынан 

Ж. Жұмағұлов