«Көкжал» Барақ туралы не білесіз?

«Көкжал» Барақ туралы не білесіз?
Фото: “Қазақстан тарихы” порталы

Қазақ тарихында он үш Барақ бар. Бірақ ішіндегі ең ерекше батыры һәм баһадүрі – «Көкжал» Барақ.

Өмірі

Шын атауы – Барақ Шүркеұлы. «Көкжал» – өзіне берілген батырға тән лақап ат. Халықтың бұлай атауында да зор мән жатыр. Ол 1702-1772 жылдары өмір сүрген. Орта жүздің ішінде Найман руының Ергенекті – Көкжарлы атасынан тараған. Қазіргі Шығыс Қазақстанның Күршім ауданында дүниеге келген. Ал бүкіл түмен мен үш жүзге «Көкжал» деген атымен мәшһүр болған.

Отбасынан ерте айырылып, нағашыларының қолында өскен. Тіпті 16 жасында-ақ қалмақтың менмін деген батырларын жекпе-жекке шақырып, барлығын ойсыратып жеңген.

Абылай мақтан тұтқан батыр

Қазақтың даласы үшін күресте Абылай хан бастаған жасақтың қатарында болған «Көкжал» Барақ ерлігімен көзге түскен. Әлдебір деректер бойынша Іле бойында болған шайқаста Барақ Абылайдың ата жауы Болдыбекпен жекпе-жекке шығып, оны атынан омақастырып түсірсе керек. Тіпті сүйреп алып келіп, ханның алдына бас игізген. Сонда Абылай: «Көкжалым-ай» деп арқасынан қаққан екен.

 «Көкжал» атауының шығуы туралы

Тарихи деректер мен ел аузынан жеткен аңыздарға қарағанда Барақтың «Көкжал» атануына оның соғыстағы арлан тәрізді алысып, жауын жер жастандыруы себеп болуы мүмкін. Бірақ бізге жеткен екінші дерек нақтырақ: Барақтың желкесінен құйымшағына дейін екіге айрылып өскен көк жалы болған. Ашуға булыққан кезде жалы тікірейіп кетеді-міс. Сондықтан да оны «Көкжал» атапты дейтіндер де бар.

«Көкжал» Барақ жайында Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» романында жақсы суреттелген. Онда ол торғауыттың батыры Балдазымен жекпе-жекке шығады. Сол шайқаста Барақтың өзіне Қабанбай батыр:

– Жолың болсын, Көкжалым! Сенің жекпе-жегің жеңістің басы болсын! Атаңның әруағы қолдап, жауыңды жайратып қайт! – деген екен.

Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» тарихи-романында кездесетін «Көкжал Барақ» жайында жаңсақ пікір бар. Ондағы Барақ біз айтып отырған батыр емес деп, Жиынбек Рәбілұлы есімді азамат «Жұлдыз» журналына өзінің мақаласын берген екен.

Қорыта айтқанда

«Көкжал» Барақ қазақ даласында, қазақ тарихында да болған адам. Ол жайында көптеген дерек бар. Баһадүрлерімізді білу тарихымыздың қалай қалыптасқанын көрсетеді. Барақ 70 жасында шайқасып жүріп соғыс алаңында қаза болған. 

М. Ақан