Жылқыда болатын аурулардың атаулары

Жылқыда болатын аурулардың атаулары
Фото: adme.ru

Жылқы малы да дертке ұшырайды. Қазақ халқы ертеден жылқы ауруларына ат қойып, емдеудің жолын білген. Назарларыңызға жылқыда болатын аурулардың атауларын ұсынамыз.

Маңқа. Жылқының мұрнынан қан аралас жаман жалқаяқ ағып ауыратын ауруы. Бұл індетке шалынған малдың өкпесінде, ішкі тыныс органдарының кілегей қабықтарында осы ауруға тән түйнектер пайда болады. Ол асқынған кезде жараға айналады.

Қара өкпе. Жылқының жөткерініп ауыратын ауруының аты.

Шығу (сақау). Жылқының құлындағанда, құлын кезінде немесе тайында тамағының астынан шығып, өз бетінше жарылып жазылатын без ауруы.

Шойрылма. Жылқының белінен құрт жеп, тесіліп ауыратын ауруы.

Қарақаптал. Айғырдың зәрі бұзылып, қамшысының (қасасының) сырты қотыр болып, жия алмай қалатын ауруының аты.

Киеңкі. Биенің, байталдың несебі бұзылып ауыратын ауру.

Жамандат. Жылқының қанын қағындырып (септицемия) оның денесінде көптеген үлкенді-кішілі ісік түрінде байқалатын ауруының аты.

Маңдам. Жылқының жұмыр тұяқтарында кездесетін, немесе мойнының екі жағынан және тамағының астынан без болып шығып, уытты жараға айналатын індет.

Боғымала (тышқаншық). Жылқы көзінің алдын ала кеңсірік сүйегінен томпиып шығатын ауруының аты.

Қыршаңқы. Мініс жылқысының ыстық-суықты болып жіберілуінен қышыма қотыр болып, әр жерінен түктері түседі. Осыдан қызылшақа қотыр болатын індет.

Өлі. Жылқының қара терге түсіп бір тұрып, бір жүріп, жайылмай, теңселіп жүретін ауруы.

Желін құрт. Құлынды биенің желіні ісіп, тесіліп ауыратын ауруы.

Желінісу. Биенің желіні жай ісіп ауруы.

Сары ауру. Жылқының көктем кезінде аузы көкке емін-еркін тимей, ескі бетегелі қауды жемей, іші сары суға толып барып өлетін ауруының аты.

Қарын ауру. Жылқының көбен тойынып тұрған кезінде немесе тоқтай мініліп, несеп жолы және тік шегінің бітеліп, іші кеуіп, терлеп мазасын кетіретін аурудың аты.

Арқа кету. Мініс атының ыстық-суықты болуынан арқасы ісіп, іріңдеп, жарылып жара болуы.

Жалақ. Міиілген жылқының арқасына ер тиін, бүйірі немесе арқасы кетіп, жалтыр жара болып қалуы.

Шилі қара. Бұрын көбірек мініліп арқасы жауыр боп жазылып, мінсең арқасы тез кетіп, тағы сондай жауыр болатын жылқы.

Лоққы (лоңқа). Жылқының ыссылы-суықты болуынан жауыр болып, сол жауырдың асқынып, өлі еттеніп ісіп кетуі.

Өлі ет. Жауыр болған жылқының арқасыыдағы жауырын шыбыннан қорғаймын деп иегімен қағып ісіріп, асқындырып, іріңі жарылмай тұрғанда пайда болған ет.

Қарадақ. Жауыр жылқының жауырының аузындағы қатып қалған қабыршақ терісі.

Ө. Сансызбай