Жылқының тісіне байланысты атаулар

Жылқының тісіне байланысты атаулар
Фото: tapety.tja.pl

Қазақтар жылқыны тісіне қарап, жасын, кәрісін, асыл-жасықтарын, жүйріктігін айырады. Оны төменгі атаулардан көруге болады.

Сүт тіс. Жаңа туған құлынның еміп жүргендегі шыққан тістері.
Күрек тіс. Жылқының аузындағы астыңғы және үстіңгі жақтарындағы екі-екіден шыққан күрек сияқты тістері.
Жұлқар (от) тіс. Шөпті жұлатын және оңды-солды қиятын тістерді айтады.
Қасқа тіс. Жылқының алдыңғы тісі
Шет тіс. Күрек тістен кейінгі тістерді айтады.
Тұрақты тіс. Жылқының тістері түскеннен кейінгі екіден бес жасқа дейінгі шыққан тістері.
Үкпе тіс. Азу тістер.
Ұры тіс. Азу тіске қосарланып шығатын ұзын тіс. Ол шыққанда жылқы оттауынан қалып, қатты жүдейді.
Қырқылған тіс. Тіс бедерлерінің мұқалып тегістеле бастағаны.
Тісеу. Сүт тістері түсіп, орнына жаңа тіс шығып келе жатқаны.
Қос тіс. Негізгі сүт тістері мен тұрақты тістерінің жанынан (қабаттаса) шыққан тіс.
Мөр (бедер). Тісінің үстіңгі бедерлеріндегі шұңқыры.
Сопақ мөр. Бес жастан он жасқа дейінгі жылқының тіс бедерінің (шұңқырларының) мұқалмаған көздері.
Дөңгелек мөр. Он екі жастан он сегіз жасқа дейін тістің шұңқырлығы сопақ түрінен өзгеріп, дөңгелек түрге айналғаны.
Үш бұрыш мөр. Он сегізден жиырма үш жасқа дейінгі тіс шұңқырларының өзгеріп тозуынан дөңгелек мөрлерінің үш бұрыштанғаны.
Қыр. Тістерінің үстіндегі шұңқырларының жиектері.

Дереккөз: koshpendi.kz

Ө. Сансызбай