Жылқының жынысына қатысты атаулар

Жылқының жынысына қатысты атаулар
Фото: playbuzz.com

"Қазақ өзін тану үшін, әуелі жылқыны жыға тануы шарт. Өйткені, қазақ тарихы мен жылқы тарихы – әу бастан бірге өсіп, біте қайнасқан тарих. Қазақсыз жылқы тарихы, жылқысыз қазақ тарихы тірілмейді" - деп марқұм Қажытай Ілиясұлы айтпақшы, қазақ пен жылқы ұғымы бір-бірімен астасып жатыр. Қазақ халқы жылқыны жете танып, оны қадір тұтқан. Бүгін назарларыңызға жылқының жынысына қатысты атауларды ұсынамыз. Біле жүргеннің айыбы болмас.

Айғыр. Жылқының жыныс қуаты жетілген еркегі яғни үйір басы. Айғырды мінезіне, түр-түсіне қарай әртүрлі атайды.

Желқуық айғыр. Көктемде көкке тойынып, үйірін қайыруды бастаған айғырды айтады.

Сәурік айғыр. Құнаннан дөнен шығар піштірілмеген, әлі үйірге салынбаған еркек жылқы.

Құр айғыр.  Жүген-құрық тимей, әбден семірген айғыр.

Бұзғыш айғыр. Айғырдан шыққан биеге шауып, оны сауырлап қуып қинап ұрық-уызын ағызып жіберетін айғыр.

Шақар айғыр. Өз үйіріндегі биелерді місе тұтпай, басқа айғырдың бауырындағы үйірін тартып алып жүретін озбыр айғыр.

Шартық. Пішкен кезде бір ені ішіне тартылып, алынбай қалған жасырын енді айғыр.

Азбан айғыр. Алты жасында піштірілген еркек жылқы. Бірақ ол піштірілгенімен айғырлық әдетін қоймай жүрген жылқы.

Буаз бие. Айғырдан шыққан биені айтады.

Құлынды бие. Құлыны бар бие.

Қысыр. Айғырдан шықпай қалған немесе айғырдан шығып, іш тастап кеткен биені айтады.

Саулы бие. Құлынын қасқыр жеп немесе өліп, басқа биенің құлынына телінбей, өлген құлынның терісі арқылы немесе құлынсыз сауылатын бие.

Тел бие. Құлыны өліп, басқа биенің құлынына телінген бие.

Қулық бие. Әбден сақайғанға дейін құлындамай жүріп, бес-алты жасында айғырдан шығып, алғаш құлындаған биені айтады.

Қасабалы бие. Жеті-сегіз жастағы бие.

Шарланған жылқы. Құлыны өліп немесе қасқыр жеп, басқа биенің құлынына телінбей, суалып семірген биені айтады.

Бошалауық жылқы. Қысқы мекенінен жайлауына барып немесе туып-өскен жеріне кетіп құлындайтын биені айтады.

Құнды бие. Табиғатынан суыққа төзімді, мініске берік, құлыны жақсы туатын, сүті мол бие.

Құртық бие. Құлынды биелердің ішінде сүт өнімділігі шамалы, құлыны әлсіз туатын, тұқымы нашар бие.

Бедеу. Ешқашан құлындамаған биені айтады.

Тұмса.  Бес жасқа дейін құлындамаған бие.

Ақ жілік бие. Енесі сауылмай, құлын күнінен сүтін емін-еркін еміп өскен бие.

Қара кемік бие. Енесі сауылып, құлын күнінен бастап жүдеу бас болып өскен бие.

Қағылжың бие. Көбірек мініліп, тойынбай жүрген бие.

Қолтума бие. Үйірге қоспай жасынан қолда бағылып өскен бие.

Толған бие. Қызылы молайып, бойына ет алып, қоңданып, семіздігі артқан бие.

Ө. Сансызбай