Орақты батыр туралы аңыздар #3

Орақты батыр туралы аңыздар #3
Фото: yvision.kz

Бесінші аңыз:

Әлқисса, Ақ Ордадан аулақтап, жаңа қонысқа жеткен ел тағы бір апатқа ұшырайды. Әлде Шу, әлде Талас, әлде Қаратал өзендері бойындағы қара тастың түбіне бір айдаһар пайда болады да, түнімен маңайдағы елдің малын, адамдарын шетінен жұта бастайды. Соны өтен етіп, қарнын тойдырып жүрген айдаһар күндіз күнгей қара тастың шуағына қыздырынады екен. 

Жаны қысылған ел батырды іздейді. Орақтыға тағы бір қолқа салады. Ел тілегін екі етіп көрмеген батыр әлгіні алыстан көздеп көріп, жанына келсе ол ұйықтап жатыр екен дейді. Оянар емес. Ұйқыда жатқанда өлтіргенім обал шығар деп күн кешіргенге дейін жанында күтіп отырады. "Неғып отыр деп" ел мазасызданады. Дәл жанында тұрып өлтірмегеніне аң-таң. Бірдеңе болып қалды ма деп, бірнеше адам барып та қайтады. Орақты батыр"шұрқ етпеңіздер!" дегендә ыммен ұқтырады. Сонымен қойшы, әйтеуір, кеш түсе, айдаһар оянып есінеп, аузын аша бергенде батыр баба ақырып қалады да айлаһардың басынан бірақ шабады.

Жантәсілім ызаға булыққан айдаһар құйрығымен жартасты ұрғылайды. Қара жартас қанға боялып қып-қызыл түске енеді. Айдаһар өледі. Содан бері сол жерді халық "Қызылтас" деп атап кетеді.

Енді елдер шындап жиылып, батырдың да еруліге қарулы ғып, үлкен бір тілек айтуын өтініп отырып алады.  

Көп ойланған Орақты ел жақсыларының әртүрлі ұсыныстарын тыңдай отырып:

- Батырлықты қайтемін, өзімде бар. Байлықты қайтемін - қолдың кірі. Сұлу қатын, жас қызды қайтемін, жасым ұлғайды. Қисаңыздар, маған және ұрпағыма "Ноқтағасылықты" беріңіздер, өтінерім сол ғана! - дейді. 

Жиылған жұрт сөзге келмейді. Бата жасап, тілегін қабыл алады. Содан бері Орақтының ұрпақтарына бірінші олжа, бірінші жол беріліп, "Ноқтағасы" аталыныпты-мыс. 

Барша аңыздың қорытындысы - Орақты батырдың сол жасаған жойқын ерліктері үшін халық оның тілеуін қабыл алып, "Ноқтағасы" деп жариялайды. Бұны әрине, құрмет пен сыйлаудың, қадір тұтып, қастерлеудің нышандары деп білеміз. Халықтың ұнатқан адамдарын әуелете әспеттеп, бастарына көтере айтулары арыдан келе жатқан арналы дәстүр. 

Осы аңыз-әңгімелерде айтылған Ақкөбік пен Қаракөбік шын мәнінде азғындаған адамдар ма, жоқ әлде, жаратылыстары сондай мақұлықтар ма, ол жағын дәл айту қиын, әрине. Дей тұрсақ та, марқұм Балғабек Қыдырбекұлы өзінің "Түгел сөздің түбі бір ..." деген еңбегінде Қазақстан жерінде бұрын болған, кейін құрып кеткен, батпақта жүретін мүйіз сыртты, ит сияқты жануарлардың болғандығын айтады. "Ол садақ оғы тигенде өле қоймайтын, жеміне қашанда аузын аша жүгіретін оңаза, қорқауғ қомағай, мақұлық" деп жазады. Соған қарағанда Ақкөбік, Қаракөбік секілді хайуанаттардың өмірде болғандығы рас секілді. Тіпті дұға күшімен солай болғанда да, аңыз түбінде ақиқат барға ұқсайды. 

"Ақкөбік, Қаракөбік" туралы аңыз шамамен X ғасырданбастау ала ма дейміз. Өйткені осы атттас Қорқыт Атаның күйі болыпты. Оның мазмұнындағы мақұлықтар да оқ дарымайтын, үсті темір сауыт, кісі жегіш, қасқыр сыйқында келеді. Олар кәрі-құртанды емес, тек жастарды ғана жейтін бәлелер екен. Ол құбыжықтарды Қорқыт Ата ел кезіп жүріп көріп, аңыз-күй етіп, қара қобызда ойнаған дейді.

Бұл күндері Жетісу жеріндегі этикаға айналған батырдың ұрпақтары - жалайыр тайпасының "Ноқтағысы" болып саналады. Бқл жөнінде ілгеріде аталғандардан басқа ел ақыны - Асым Керімбекұлы:

- Ноқтағысы Орақты атансын деп,

Халық болып мәңгілік атақ тақты.

Орақтыны айрықша үлкен ету,

Жол болып ьұрынғыдан бізге қапты, - деп ғасырлар бойы қалыптасқан халық салтын еске түсіреді. 

Туғанынан 585 жылдың шамасы болып қалған Орақты батыр жайында ел аузында аңыз көп. Халық оның жүректілігі, батылдығы, күштілігін әсірелей көрсету үшін бірде оны - Ақкөбік, Қаракөбік деген тажалдармен шайқастырса, бірде - Жезтырнақпен бетпе-бет келтіріп, енді бірде адам жұтқыш айдаһармен шайқастырып қояды. Бұның бәрі халық ауыз әдебиетінің есте жоқ ерте заманнан келе жатқан үлгісі. Мәселен, көптеген эпостық жыр-дастандардың басты қаһармандары атса оқ өтпейтін, шапса қылыш кеспейтін, суға салса батпайтын, отқа тастаса жанбайтындай ерекше қасиеттердің иелері болып келеді. Ол сонау V-VIII ғасырлардағы сымтастарға жазылып қалған Білге қаған, Тоныкөк, Күлтегін жырларынан да кездеседі. Сондай негіздерге сүйенген аңызшылар XV ғасырда өмір сүріп, елі үшін ерліктерге барған Әлшағырұлы Орақты батырды да қиял-ғажайып әңгімелердің деңгейіне көтеріп жіберген. 

Ж. Исакаев