Ағыбай батыр мен Қойгелді би

Ағыбай батыр мен Қойгелді би
Фото: astana.vibirai.ru

Ағыбай батыр - қазақ батыры, қолбасшы. 1802 жылы Ұлытау өңірінде дүниеге келіп, 1885 жылы Балқаш көлінің жағасындағы Тасарал қамалында дүниеден озған.

Ағыбай батыр - Кенесары хан бастаған Ресей империясының отаршылығына қарсы көтеріліс қолбасшыларының бірі. Ол жорықта жолы болғыштығы, ерлік-жеңістері үшін "Ақжолтай батыр" атанған. Сарбаздары Абылай хан есімімен қатар, Ағыбай батыр есімін де ұранға айналдырған. Он үш жасынан қолына қару алып, жауға шапқан.

Ағыбай батыр бастаған сарбаздар 1826-1849 жылдары Ресей империясының әскерлерімен бетпе-бет шайқасып, бірнеше рет күйрете соққы берген. Ресей империясының Қазақ жеріндегі тірек орталықтарына айналған Қарқаралы, Ақтау, Ақмола, Екатерина бекіністеріне шабуыл жасап, патша әскерлерін Ырғыз, Тобыл өзендері бойындағы ұрыстарда, Көкшетау, Қызылжар шайқастарында тас-талқан етіп жеңген. 

Ағыбай батыр Кенесары хан шейіт болғаннан кейін де Ресей империясының өктемдігіне қарсылығын тоқтатпай, Сыздық төре қолы құрамында соғыс жүргізген. Кейіннен Ресей өкіметінің қамалдарына сарбаздарын ертіп өз бетінше шабуыл жасаған. Өмірінің соңғы кезеңінде егіншілікпен, аңшылықпен айналысқан.

Дүниеден қайтқан соң Ресей үкіметі оның мәйітін Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кешеніне жерлеуге рұқсат етпей, Сарыарқа мен Бетпақдаланың шектескен Тайатқан-Шұнақ деген жерінде жерлеген. 

Қойгелді Сартұлы (1702-1795 жылдары өмір сүрген) - жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күресте қол бастаған атақты қолбасшылардың бірі. Ұлы жүздің дулат тайпасының шымыр руынан тарайды. Жастайынан Бұхара медресінен діни сауат алып, ел ішінде хазірет сұлтан атанады. Бірақ жаугершілік заман Қойгелдіні еріксіз хазіреттің сәлдесін, шапанын тастап, дулыға мен сауыт киюге, таспиғын тастап, найза ұстауға мәжбүр етеді. Қойгелді Төле бидің сенімді серігі, жауға жұмсар батыры болған. Аңырақай шайқасында Қойгелдімен оның екі інісі Қожық пен Ақша және баласы Қарабатыр да қатысады. 1739 жылы Қойгелді сарбаздарымен Қаратау, Алатау өңірін жайлаған жоңғарларға деп жөнелтілген қару-жарақ тиелген орыс керуенін қолға түсіреді. Сөйтіп, ол сарбаздарын орыс мылтығымен қаруландырады. 

Қойгелді Төле би көз жұмғаннан кейін Ұлы жүздің билік тізгінін қолына алып, 1771 жылы Абылайды ақ киізге көтеріп, хан сайлауға қатысқан. Қойгелді батыр 93 жасқа келіп қайтыс болған. Оның денесі Түркістан қаласында жерленген. Тараз қаласында Қойгелді батырға ескерткіш қойылған және онда оның есімімен аталатын орталық көше бар. 

Ж. Исакаев