Хангелді батырдың ерлігі

Хангелді батырдың ерлігі
Фото: qamshy.kz

Хангелді Сырымбетұлы (1688 – 1763) – Ұлы жүз құрамындағы Албан тайпасының Әлжан руынан шыққан, Жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен атақты батырлардың бірі. Көнекөз қариялардың, батырдың қазіргі ұрпақтарының айтуына қарағанда, оның есімі Хангелді емес, Қанкелді көрінеді. Бала анадан шыр етіп жерге түскенде, қан шеңгелдеп тұрғандықтан, оған халық дәстүрі бойынша «Қанкелді» деп ат қойыпты.

Ол заманында айтулы батыр болған. Ұлы жүздің ақылман билікті адамдарымен аралас-құралас жүріп, ел басқарысқан, жаужүрек батырлармен үзеңгілес жүріп, қол бастаған. Аягөз, Тесіктас жерінде жоңғарлармен болған шайқастарда ерлікпен ерекше көзге түскен. Аңырақай соғысына қатысқан.

Жоңғар басқыншылығына қарсы күресте әкесімен тізе қосып, ұлы Түке мен немересі Райымбек те жауға шапқан. Екеуі де есімін ел танитын батыр болған. 1717 жылғы Аягөз маңындағы ұрысқа Хангелді батыр да қатысқан. 1723 жылы жоңғар басқыншылары қазақ жеріне баса-көктеп кіріп, Көкше теңізді айнала Арқаға қарай лап қойған болатын. Шымбас маңындағы шайқасқа Дулат қолын есептемегенде, Жетісудағы Ұлы жүз қазақтарынан жеті мыңдай қол қатысады. Ол үлкен топқа басшылық еткендердің бірі – Албан даңқын аспанға көтерген Хангелді батыр.

Ел аузында Абылай сұлтан жоңғарлар қолында тұтқын болғанда, оны босатуға Төле би бастап барған тоқсан адамның ішінде Хангелдінің де болғаны айтылады. Ол қолбасшылығымен аты танылған кезде ел аралық бітімгерлік жұмыстарға да барып, өзінің білікті мәмілегерлігімен де көзге түседі. Қытай деректерінде оның Жауғаш батырмен бірге қытайдың шекара әкімшілігіне барғаны айтылады.

"Қазақ батырлары" кітабынан мәліметтер пайдаланылды

Ж. Исакаев