Ертең Астанада Қазақ хандығының 550 жылдығына орай мәдени іс-шаралар өтеді

Ертең Астанада Қазақ хандығының 550 жылдығына орай мәдени іс-шаралар өтеді
Фото: semeymusey.kz

Ертең елордада Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу аясында ауқымды мәдени іс-шаралар өтеді.

Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлайды. Барша қазақстандық аталған тарихи датаны «Қазақ елі» монументінің алдында 11-13 қыркүйекте атап өтеді. «Қазақ Елі» алаңында 50 киіз үй тігіліп, Қазақстанның барлық өңірінің қатысуымен халықтық серуен ұйымдастырылады. Қала қонақтары мен тұрғындары үш күн бойы әрбір облыстан келген ең үздік шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерт, сондай-ақ театрландырылған көріністерді тамашалай алады. Аталған шарада қазақ күресі, арқан тарту, тоғызқұмалақ, бұқа тартыс, арқан тартыс, асық ату сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады.

Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу аясында алғашқы күні көрермендер назарына «Қазақстанның ежелгі қалалары» бейнепрезентациясы, кеш соңында «Ғасырлар үні» этноконцерті ұсынылады. Барлық облыстың ұлттық киім киген өкілдерінің шеруі үш күнге жалғасатын мерекенің көркін келтірмек. Шара 12 қыркүйекте сағат 09.00-де «Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңда өтпек. Осы күні сағат 19.00-де өңірлердің ең үздік номерлері гала-концертте көрермендер назарына ұсынылады.

Мерекелік шараның соңғы күні «Қазақ ұлттық киімінің тарихы арқылы халық тарихын жеткізу» атты сән фестивалі, «Сиқырлы би» фестивалі, «Бірлігіміз жарасқан» атты Қазақстан халқы достығының концерті, «Ғасырлар үні» этноконцерті ұсынылады.

Бұдан басқа, этноауылда жетім балаларға арналған экскурсия және астаналық дарынды жастардың қатысуымен концерт өткізіледі.

Дереккөз:24.kz

Н. Нұрмаханұлы