Таразда жас ғалымдардың халықаралық конференциясы өтті

Таразда жас ғалымдардың халықаралық конференциясы өтті
Фото: Жандар Асан

Бүгін Таразда «Жас ғалым – 2015» атты V Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өз жұмысын бастады. Тараз мемлекеттік педагогикалық институты оны еліміздегі жас ғалымдардың шығармашылық қабілетін шыңдау үшін екі жылда бір ұйымдастырады. Биылғы кеңес Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып отыр. Бұл туралы аталмыш оқу орнының Баспасөз қызметі хабарлады.

«Конференцияның басты мақсатыжас ғалымдардың жасампаздық әлеуетін дамыту, оларды заманауи ғылымның маңызды мәселелерін шешуге белсенді түрде тарту, ғылыми-білім беру кеңістігін сақтау және дамыту. Айта кету керек, осы тұрғыда Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында бірқатар кешенді шаралар әзірленген. Сондай-ақ, жиынның тағы бір көздегені – жас ғалымдардың өзара байланыс орнатуларына, тәжірибе алмасуларына ықпал жасау. Сондықтан да бүгінгі шараға Қазақстанның барлық аймағындағы және шетелдік 29 жоғары оқу орындары мен арнайы білім беру мекемелерінен 200-ден аса студенттер мен мектеп оқушылары келіп отыр» – деді ТарМПИ Тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Орынқыз Жолдасова.

Оның айтуынша, жастардың шығармашылық, ғылыми-зерттеу жұмыстарын насихаттау және оны кең көлемде жариялауда, олардың түрлі білім аумағындағы тұлғалық дамудың тәсілі ретіндегі шығармашылық және жобалық зерттеу іс-әрекеттеріне тартуға және білім үрдісінің тиімділігін көтеру мен болашақта кәсіби іс-әрекеттегі өзін-өзі анықтауда, қолданбалы ғылымға қызығушылықты дамытуда осы тақілеттес іс-шаралардың маңызы зор.

Биылғы конференция қазіргі ғылымның негізгі бағыттарын айқындай алатын екі негізгі секция бойынша өткізіледі. Олар: гуманитарлық ғылымдары және жаратылыстану ғылымдары. Аталған секциялар бойынша барлығы 110 ғылыми жұмыс келіп түскен. Конференция барысында Қазақстанның жас ғалымдарының ғылыми жетістіктерінің көрмесі өтті. Сонымен қатар, шара аясында Қазақстанның және шет елдерден келген жетекші ғалымдар жас әріптестері арасында шеберлік сыныптарын жүргізу де көзделіп отыр.

Алдағы уақытта жасалған баяндамалар мен мақалалар топтастырылып, қорытынды жинақ ретінде шығарылады. Бұл өз кезегінде аймақтағы, өзге де республикамыздың ізденуші жастарына, ғылыми жұмыстармен айналысатын ғалымдарға және де инновациялық даму стратегиясын жоспарлап, жүзеге асырушылар үшін маңызды теориялық және әдістемелік көмекші құрал болмақ. 

Н. Айдархан