Тарихын білмеген елдің болашағы да бұлыңғыр болады

Тарихын білмеген елдің болашағы да бұлыңғыр болады

2015 жыл - ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына арналған «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауында Қазақ хандығының 550 жылдығы тарихын лайықты атап өту мен насихаттау Жаңа Қазақстандық Патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие өзекті мәселе екендігін атап өтті. Осыған орай Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақ хандығының  тарихы  мен тағлымының «Мәңгілік Ел» идеясымен  сабақтастығы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл туралы «Қыздар университеті» медиа орталығы хабарлады.

Конференция жұмысына Түркия елінің Хажжекепе университетінің  т.ғ.д., профессор Мехмет Дервиш Клынчкая, Финляндияның Оулу университетінің профессоры Хаутала Роман, Италияның Сиена университетінің профессоры Хаутала Светлана, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Уалихан Қалижан, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корр. мүшесі Талас Омарбеков, Шығыстану институтының бас ғылым қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Нәпіл Базылхан және т.б. тарих саласының 100-ге жуық маманы мен ғалымдары қатысты.  

Конференция барысында Қазақ хандығының құрылуы мен кейінгі саяси тарихы, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы және дамуының түрлі кезеңдеріндегі тарихи оқиғалар желісі, «Мәңгілік Ел» идеясымен  сабақтастығы, қазақ жерінде қалыптасқан  тайпалық одақтар және мемлекеттер тарихы,  қазақ  хандығының құрылуы, даму жолы мен тағлымы және қазақ тарихының бүгінгі зерттелуі мен оқытылуындағы жаңалығы, жетістіктері, кемшіліктері, оқулықтардың деңгейі,  рухани материалдық құндылықтардың насихатталуының барысы, бір сөзбен айтқанда отандық тарих ғылымындағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланып, талданды. Сонымен қатар, «Мәдени мұра» бағдарламасының орындалуымен қол жеткен жетістіктер тілге тиек етілді.

«Тарихын білмеген елдің болашағы да бұлыңғыр болады», деп Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, бүгінгі тарихшылардың басын қосқан басқосу қазақ  хандығының пайда болуы мен дамуын насихаттауда  ғылыми көзқарасты қалыптастыру, Жаңа қазақстандық патриотизм мен Мәңгілік ел ұлттық идеясын жүзеге асыру барысында Қазақ хандығы тарихын насихаттау, жастарды  тарихи тағлыммен таныстыру арқылы тарихи сананы бүгінгі талаптар тұрғысынан қалыптастыру мақсатында өтіп отыр», деді тарихшы, аталмыш шараның ұйымдастырушысы Ердәулет Берлібаев

«Бүкіл әлем мойындап, алдағы дамуын қуатты 30 іргелі елдің қатарында болжап отырған еліміздің мемлекет болып қалыптасуы мен алғашқы хандарымыз туралы тарихи мерекені атап өту туралы мемлекет басшысының шешімі өте маңызды. Бұл тәуелсіздігіміздің іргесінің беріктігінің ғана емес, ата-бабалар аманатына деген адалдық пен құрметтің белгісі. Мәңгілік Ел идеясымен Жаңа қазақстандық патриотизмді іске асыру және қазақ хандығының 550 жылдығын лайықты атап өту барысында Елбасының халыққа үндеуінің тарихи маңыздылығы мен жүктелген салмағын сезініп, осыған сай әрекет ету баршамыздың міндетіміз», деп халықаралық шараны ашқан ҚазМемҚызПУ ректоры Динар Нөкетаева Қазақ хандығының арғы-бергі тарихына тоқталып, оқу орынның тарих саласында жасап жатқан жұмыстарын атап өтті. «Бірлігі бекем, даму қарқыны алға арындаған университет ұжымы Елбасы ұсынған абыройлы міндеттерді жұмыла көтеріп, мақсатымызға жету жолында аянбай еңбек етіп келеді. Қазақ хандығының тарихын айшықтап, қазақ хандары мен сұлтандарының қоғамдық-саяси қызметімен, ел бірлігін ойлаған билер мен батырларымыздың рухқа толы және өнегелі өмірлерін насихаттау және оқыту мақсатында біздің университетіміздің тарих мамандығы студенттеріне арналған оқу бағдарламаларына «Қазақ хандығының тарихы» және «Қазақ хандығы тұсындағы тарихи тұлғалар» атты арнайы курстар енгізілді. Ал 2015 жылдың 31 наурызында Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттері арасында «Қазақ хандығының дара тұлғалары: ерлік пен елдіктің елшісі» атты интеллектуалды олимпиада өткізді. Мұндай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар әлі де жалғасуда.

Қазіргі таңда Елбасының қолдауымен Отан тарихын зерттеуге көп мән беріліп отыр. Ұлт тарихын зерделеуде ұлы бетбұрыстарға жол ашылуда. Еліміз азаттық алған соң тарихтың ақтаңдақ беттері қайта қарастырылғаны мәлім. Қазақ тарихын жазу жаңа жолға қойылды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек» деген сөзі біздің ұжымның оқытушы-профессор қауымына да үлкен серпіліс беруде. Сондықтан Елбасының көп ұлтты Қазақстан жағдайында, тәуелсіздік алған кезеңнен күні бүгінге дейін жүргізіп отырған басты саясаты, татулық, ынтымақтастық, бірлік, өзара түсіністік. Біз қасиетті халқымыз айтқандай, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» тізе қосып еңбек еткен жағдайда ғана табыстарға жетеміз», деді Д.Нөкетаева.  

Конференция жұмысы түстен кейін «Қазақ жеріндегі тайпалық одақтар мен мемлекеттер тарихын зерттеу мәселелері», «Қазақ хандығының құрылуы, қалыптасуы мен даму тарихы», «Қазақ тарихының бүгінгі зерттелуіндегі жаңалықтар, оқытылуы мен насихатталуы» тақырыбындағы секциялық жұмыстармен жалғасты.

«Болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін Мәңгілік Ел идеясы – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет болу жолындағы ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманымен сабақтас идея», деп қорытындылаған конференция қатысушылары: «Қазақ хандығының тарихын айшықтауда қазақ жерінде өзіне дейін өмір сүрген мемлекеттермен тығыз байланыста және мұрагерлік принципін ерекше ескере отырып, зерттелуі аса қажет, Қазақ хандығының құрылуы мен ірі мемлекетке айналу үдерісінің толық сипатын ашу барысында М.Х. Дулатидың «Тарихи Рашиди» атты дерегімен қатар, араб-парсы деректерінің үлкен топтарын анықтап, осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру керек, Қазақ хандығының саяси-экономикалық және рухани тарихына қатысты насихаттау жұмыстарын күшейту қажет», деп шара соңында резолюция қабылдады. 

Сурет: kazmkpu.kz

Н. Айдархан