Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ресми сайт ашылды

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ресми сайт ашылды

Мәдениет және спорт министрлігі Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған www.550kazakhan.kz ресми сайтын іске қосты, деп хабарлайды «Алаш айнасы» порталы министрліктің ресми сайтына сілтеме жасап. 

"Қазақ хандығының 550-жылдығы" сайты Қазақ хандығының тарихын насихаттайтын маңызды ақпараттық-танымдық дерек көзіне айналуы тиіс", - делінген ресми хабарламада. Жаңа ресурста Қазақ хандығының құрылуы мен нығаюына арналған мәдени-ағартушылық және тарихи материалдар жинақталған. Соның барлығы Қазақ хандығы, Тәуелсіздік, Жаңалықтар, Іс-шаралар жоспары, Киножобалар, Бейнеблог және Мәдени мұра бөлімдері бойынша топтастырылып отыр.

"Қазақ хандығы" бөлімінде қолданушылар назарына қазақ хандарының генеалогиясы, Ұлттық мұражай қорынан алынған қазақ халқының XV- XVIII ғасырлардағы рухани және материалдық мәдениетіне жататын артефактілер, документалды жаңалықтар мен тарихи зерттеулер, Қазақ хандығының құрылуы туралы отандық және шетелдік жетекші ғалымдардың ғылыми жұмыстары ұсынылған.

"Тәуелсіздік" бөлімі егемен Қазақстанның даму тарихына арналса, Қазақ хандығының мерейтойын тойлау аясында өтетін халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар, патриоттық акциялар, зерделік ойындар мен олимпиадалар, фестиваль және көрмелер туралы "Жаңалықтар" бөлімінде білуге болады.

"Киножобалар" айдарында "Қазақ елі" анимациялық фильмі, "Қазақ хандығына 550 жыл" деректі фильмі мен "Қазақ елі" тарихи-драмалық телехикаяның түсірілімдері туралы ақпаратты табуға болады. Ал "Бейнеблогта" патриоттық бейнероликтер, ғылыми-танымдық телебағдарламалар мен деректі фильмдер ұсынылған.

Бұдан бөлек, сайтта Қазақ хандығының 550-жылдығы аясында өтетін іс-шаралар жоспарымен танысуға мүмкіндік бар. www.550kazakhan.kz сайтындағы ақпаратпен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде танысуға болады.

Сурет: systemtreid.ru

Н. Айдархан