Сүйрік деген не?

Сүйрік деген не?
Фото: tilalemi.kz

Күнделікті тіршілікте бұл сөзді көп қолданбасақ та, арагідік есітіп қалатынымыз бар. Әсіресе әдеби шығармалардың оқып, көркем фильм көргенде құлағымыз шалып тұрады. Ал сол сүйрік деген не? Қандай мағына береді? Сөздіктерге зер салып қаралық.

Сүйрік — зат. 1. Сулы жерде өсетін өсімдіктердің қамыс, борық т.б. ұзын, жұмсақ, әрі тәтті ақ тамыры.

Қоғаның су түбінде ақ сүйрігі қылтиып көрініп тұрады (Ө. Қанахин, Жер бас.).

Қамыс тамыры сүйрік деп аталатын майқоғаны да жеген (Д.Қатран, Қазақ. ас-тағам.).

«Ел үшін өл. Ел үшін...» – Өмірді аяп не етейін! Сүйріктен сұлу саусағың, Мен садаға кетейін! (М.Жұмабаев, Шығ.).

2. Өсімдіктің жаңадан өніп шыққан көгі.

Қол қанатым құйрығым
Судан шыққан сүйрігім,
Суырып озған жүйрігім (Қыз Жібек).

Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 13-том.

• Сүйрік — бекіре тұқымдастарының ішіндегі бірден-бір тұщы су балығы.

Оны Каспий, Азов, Қара, Ақ, Баренц және Карск теңіздерінен, сондай-ақ Батыс Сібір өзендерінен аулайды. Орташа салмағы 250-800 г.

Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Қоғамдық тамақтандыру.

• Сүйріктей — сын есім. Жіп-жіңішке, сұлу, әдемі.

Табиғат Рахимаға жіп-жіңішке, ұп-ұзын, ақ, сүйріктей саусақтар берген екен (С.Мұқанов, Есею жылдары.).

Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 13-том.

Н. Үсенова