Біреу сізге "бауырым" десе, жылы шырай танытыңыз

Біреу сізге "бауырым" десе, жылы шырай танытыңыз
Фото: massaget.kz

"Бауыр басу", "тас бауыр", "бауырынан жаралу", "бауыр етім жалғызым" дегенді жиі естіген болармыз. Әсіресе, қыз бен жігіттің арасында "бауыр басу", "жаны ашу" сынды сөздер көп айтылады. Бұл сөздердің бәрін біріктіріп тұрған бір белгі бар: ол – бауыр.

Халық түсінігінде ағза, дене атаулары үлкен мәнге ие. Мұны ғылымда соматизмдер деп атайды. Адам дене мүшелерін күнделікті көріп жүргендіктен, оның не сезіп, не хәл кешетінін, қалай ауырып, қалай қоятынын – бәрін аңғарып, оған ерекше белгі беріп жүреді. Оған қандай да бір мағына, таным береді. Әр халық дүниені өзінше танып, өзінше ой түйеді. Сол себепті "бауыр" ұғымының астарында үлкен мәндер мен мағыналар жатыр. Соларды ашып, жоғарыдағы сөздердің мәнін біліп көрейік.

Ең алдымен қазақтарда және онымен туыстас халықтарды бауыр – адамның жан дүниесін, ішкі сарайының құбылыстарын айғақтайтын нәзік мүше.

Халық түсінігінде бауыр ет-жақын туыстықты, қандық жақындықты білдіреді. Мысалы, бауырынан жаралу, бауырынан жарып шыққан, бала бауыр етім сынды сөз тіркестері баланы бауырмен теңестіретінін байқауға болады. Бауыр елжірейді, қатаяды, суиды. Мысалы, бауыры суыды деген "күдер үзді", бауыры қатты деген "мейірімсіз", бауыры езілді деген "қатты қайғырды" сынды мағыналарды береді.

Адамның ең ауыр қайғысы – жақынынан айырылу. Мұны қазақ бауыр органы арқылы, оның "езіліп кетуімен" байланыстырады.

Қазақы дүние бейнесінде бауыр адамдар арасындағы қарым-қатынастағы ең жақын белгіні білдіреді. Мұндайда "бауыр басты", "бауыр тұтты", "бауырын басты" дейді. "Бауыры бүтін", "бауыры есен" деп те жатады. Ол бала-шаға, туған-туыс аман дегенді білдіреді.

Бір қызығы – бауырдың туысқандықпен жақын байланысы барын медицина да дәлелдейді екен. Ұрықтың даму процесінде бауыр қызметінің көмегі мол, атап айтқанда ұрықтың 7-8 апталық дамуынан бастап қан жасау процесі бауырда өтеді.

Бауырдың туысқандықпен тығыз байланысты екеніне тағы бір дәлел – Ахмет Байтұрсынұлының интернационал деген терминге бейбауырмал деп балама беруінде үлкен мән жатыр. Өзінің "Қалам қайраткерлері" атты мақаласында "Қазақ баласы "ұлтым", "жұртым", "бауырым" деп үйреніп қалған қазақтың бауырмал қалам қайраткерлері Октябрь өзгерісі болғанда бірден интернационал (бейбауырмал) болып өзгере алмады, өзгелердей "әлімсақтан бері коммунист, интернационалист едім" деп айтуға аузы бармады. Сондықтан бейбауырмалдық жолға қызмет қылып, басшылық қыла алмады. Бауырмалдық жолында қаламмен қайрат етуін бейбауырмалдық жолындағы үкімет қош көрмейтін болды" деп жазады.

Сондықтан көшеде біреу сізді "бауырым" деп ізгі атаумен атап, шақырып жатса, оның сізге "туысқаным, бір қаннан тараған адамым" деп назар салғаны деп ойлаңыз.

Бауыр – туыстық атау. Дәстүрлі ортада бір әке-шешеден туған, жақын немере, туысқан дамдар бауыр деп аталады. Бір әкеден, бір анадан туған ағайынды адамдарды бірге туған бауыр, бірінен кейін бірі туған бір әкенің балаларын тете бауыр, бір әкеден туған, жастары үлкенді-кішілі адамдарды туған бауыр дейді. Кейде немесе, шөберелер, тіпті рулас адамдар да бірін-бірі бауыр дейді.

"Бауырына тарту", "бауырына салу", "бауырын төседі", "бауырына қысты", "бауырына басу", "бауырға алу", "бауыр басты" тәрізді тұрақты тіркестер бауырдың халық танымында жылулық пен мейірбандылықты, қамқорлық, мейрімділік таныту мүшесі ретінде қабылдау құбылысы жатыр. Сондықтан інісін, туысын бауыр деп атауының өзі оған деген жылулық қатынасын білдірсе керек.

Қ. Слямбек