Ыдысты адам – ырысты адам

Ыдысты адам – ырысты адам
Фото: kostokg инстаграм парақшасынан

Ертеде қазақтың асқа арналған ыдыстарының біразы теріден жасалған. Оларды көбіне біле бермейміз. Салт-дәстүрдің талай түрі тарихта қалды. Білмейтініміз көп. Халқымыз көшпенді өмірде қолданған ыдыстың түрі де көп болған көрінеді. Солардың кейбірін Билітеу Байділдаевтың "Ата салтын аздырма, қалқам" кітабынан таптық.

Теріден жасалған ыдыстардың ең үлкені – саба. Саба қымызға арналған ыдыс. Оны байлар бірнеше жылқының терісінен тіктірген. Бес мың жылқы біткен, Сыр өңірінің Есенай атты байы сабаны алты айғырдың терісінен тіктіріп, оны тай жүзген деп атаған екен.

Сабадан соңғы үлкен ыдыс – сүйретпе. Ол жұмырлау әрі тікелеу келеді. Ешкі терісін бітеу илеп алып, пұшпақтарын байлайтын шағын ыдыс – мес (шанаш). Оның жолаушылағанда қанжығаға байлап алып жүретін түрін – жанторсық деп те атайды.

Биенің, түйенің сүтін сауатын ыдысты – көнек, құдықтан су тартатын көншекті – қауға дейді.

Іскерлік құралдарын салатын сірі ыдысты – талыс деп атаған. Сондай-ақ көншен аяққап, қоржын жасалынған.

Иленбеген теріден жасалынған төсенішті – тулақ, иленгенін – бөстек деп атаған.

Әдетте, көн ыдыстарды көбіне жылқы терісінен жасайды. Терінің жүнін шикі күйінде қырады да, оң жағын ішіне келтіре, әр ыдыстың өз формасына қарай тіктіреді. Оны түйенің шудасынан иірілген жіппен тігіп, ішіне құм толтырып, күн көзіне кептіріп, ыстайды. Ыстау арнайы қондырғыларда жүргізіледі. Айжарым ысталған ыдыс мейлінше кеуіп, қара сұр түске енеді. Местен төменгі ыдыстарды шаңыраққа іліп, ошаққа жағылған оттың түтінімен ыстауға болады.

Ертеде ас пісіруге арналған ыдысты бақыр деп атаған. Ол ілгеріректе мыстан жасалып, кейін шойыннан құйылған. Үш аяқты мосыға ілетін құлағы болған. Бұрындары сүт сияқты сұйық тағамдарды тас қорықпен қайнатқан.

Қазіргі ыдыстарды Ресеймен қарым-қатынас дәуірі ала келген. Ең алғаш самаурынды алдырған Есеней деген кісі екен. Оны пайдалану тәсілін білмей, алғашқы қайнатқан адамға ат мінгізген көрінеді.

Қ. Слямбек