Бүгін – Ұлттық домбыра күні

Шілде айының бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күні. 2018 жылдың 13 маусымында қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында шілденің бірінші жексенбісін Ұлттық домбыра күні ретінде белгілеу туралы Жарлығы жарық көрді.

Сол жылы шілдедегі алғашқы жексенбі 1-і күніне дөп келіп, сол күні елорданың "Қазақ Елі" монументі алдындағы алаңға жиналған 2 мыңнан астам музыканттан құралған домбырашылар оркестрі "Көңіл ашар", "Адай", "Балбырауын", "Ерке сылқым", "Сарыарқа" күйлерін орындаған еді.

Домбыраны халқымыз қасиетті, киелі санайды.

Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра.

Нағыз қазақ – қазақ емес,

Нағыз қазақ – Домбыра!

Домбыра аспабының қаншалықты қадірлі екенін Қадыр Мырза Әлі екі-ақ ауыз сөзбен осылайша түйіндейді.

Қазақ поэзиясындағы домбыра бейнесі – ежелгі жыр-дастандардан бүгінгі жас толқынға дейін жырланып келе жатқан мәңгілік тақырып. Қашаған жыраудың:

Қолымдағы ағашым – Алып жүрген домбыра.

"Домбыра – күнә" деген сөз –

Тек бір айтқан дабыра.

Пайғамбарым туғанда,

Бесік болған бұл ағаш.

Ыбырайым Кәғбә салғанда,

Мешіт болған бұл ағаш.

Ықырам үйдің алдында,

Есік болған бұл ағаш, –

деп төгілте жырлағаны – домбыра.

Одан беріден Жұмекен Нәжімеденов:

Үйден алыс шыққанда мен екі аманат қалдырам.

Бірі – ұлым, өзіңсің, екіншісі – домбырам, – деп, ұлы мен ұлтының мұрасының қаншалықты ардақты, қаншалықты құнды екенін өлеңі арқылы көрсетеді.

Мұқағали Мақатаев:

Домбыра жүрегіммен үндес едің,

Өзіңмен сырласымдай тілдесемін.

Бабамнан қалған мұра сен болмасаң,

Өнердің не екенін де білмес едім. – дейді.

Ұлттық құндылығымыздың бірі болған қасиетті қара домбыра көнеден қалған асыл мұрамыз, көзіміздің қарашығы әрі ұлттық кодымыздың айнымас бөлігі.

Қадір Мырза Әли:

Бір ішегінде биіктік бар, бір ішегінде тереңдік.

Ол мылқауды сөйлетеді, жылатады кереңді. – дейді.

Ілияс Жансүгіровтің "Күй", "Күйші" поэмалары – қазақтың асыл өнері күй мен ұлттық мұрасы домбыраға жырдан қаланған ескерткіш. Бұл қаламгерлерден өзге де қазақ өлеңінің тарихында домбыраны жырға қосқан ақын көп. Әрқайсысы әртүрлі стильде жырласа да, ортақ тақырып, ортақ мұңның бір ұқсас тұсы бар, ол – ұлтының ұлы аспабына деген иісі қазақтың құрметі, сезімі мен ойы.