Таразы туса таң суыр

Үш Арқар – үстіңгі жақ бүйірінде қызғылт түсті жарық жұлдыз, астыңғы жақ бүйірінде көкшіл түсті жарық жұлдыз, ал осылардың дәл ортасында бір қатарда, арақашықтығы бірдей өзара жақын үш жарық жұлдыз орналасқан бес жұлдыздан тұратын шоғыр жұлдыз. Бұлардың әрқайсысының өзді-өзінің "меншікті" атауы бар. Осы бесеуінің басын қосып айтқанда Үшарқар-Таразы деп аталады. Аталмыш жұлдыздар шоғыры кейбір аймақтарда Үшарқар (Жетісуда), Шідер, Таразы деп те айтылады.

Бұл бес жұлдызды анықтап қарар болсақ, ромб геометриялық фигурасына сәйкес кеңістікте орналасқан. Үш Арқар – Таразы атауының халық тіліндегі бір нұсқасы – Таразы. Халық танымында бұлай таңбалануының да өзіндік уәжі бар.

Суреттегі ғылыми еңбектерде Бетельгейзе және Ригель деп аталып жүрген ромбының үлкен диагоналінің екі тұсында жатқан жұлдыздардың ортасында қатарынан үш жұлдыз орналасқан. Дәл осы үш жұлдызды халқымыз Үш Арқар немесе Таразы деп атаған.

Таразы – көбіне қыстыгүні таңға жуық көрінетін шоқ жұлдыз, орион.  

Жамбасқа Таразы, Үркер ауып түсті.

Болыпты мезгіл, міне, таңға қалған. (І.Жансүгіров. Поэма.)

Үш Арқар немесе Таразы жұлдызы Үркер жұлдызынан жиыра күндей кейін шығыстан таң ата туады. Ал жерге түскенде (батқанда) Үркермен бір күнде батады. Таразы шоқжұлдызы шілденің ортасы ауа шығыстан көрініп, күз, қыс бойы Үркердің соңын ала "тіркесіп", батысқа қарай ауады. Таразы туғаннан кейін Сүмбіле туады. Сөйтіп қоңыр күздің ортасы ауа, қара күздің басында Үркер бастаған Таразы (Үшарқар-Таразы), Сүмбіле бірінің соңынан бірі "тіркесе" отырып, батысқа қарай шеру тартады. Бұл кезді есепшілер жұлдыздар тіркесіпті дейді. Ал наурыз айының ортасы ауғанда Үркер (сол жақта), Үшарқар-Таразы ортада, оң жаққа таман Сүмбіле батыс бетте бір қатар түзейді. Яғни қоңыр күз ауа Үркердің соңын ала бірінен соң бірі тіркескен жұлдыздар көші ендігі уақытта бір қатар түзеп, теңеседі. Бұл көріністі байқап отырған есепшілер жұлдыздар теңесіп қалыпты, күн мен түн теңескен екен әрі қарай күн ұзара бастайды деп уақыттың мезгіл-мезетін шамалайды.

Сүмбіле, Таразы, Үркер бірге батады да, кейін олар бірінен кейін бірі туа бастайды, яғни көзге көріне бастайды. Таразы екі жарым айдай мамырдың ондарынан шілденің ортасы ауғанша жерде жатады. Шілденің аяғына жетпей, таң ата шығыстан көкке көтеріледі. Бұл кезде "Таразы туса, таң суыр" дейді, себебі таңға жуық ауада мал-жанға жағымды салқын леп болады. "Таразы туса таң суыр, Сүмбіле туса су суыр" деген осыған байланысты.

Таразы туғанда (көкке көтерілгенде) бидай, тары піседі деп егіншілер егінге орақ салу қамына кіріседі.

Таразының көтерілгенде ел ішінде атқарылар шаруалар да көбейеді. Қозы күзем алынады. Жылқы ұстаған малшы "Таразы көтеріліп қалыпты" деп бие қосақтайды. Таразы туа шөп нәрленіп, мал шелденеді. Қоңыр күздің таңғы желінде күрек тастап, бидай суарады.

Әрі қарай қоңдала, оңала қоймайтын малын малшы осы бастан анықтап, қазан айындағы қазан асқа белгілеп қояды.