Этнография: Жігіттің түрлері қандай?

Этнография: Жігіттің түрлері қандай?
Фото: massaget.kz

Халқымыз ұл баланың тәрбиесіне жіті мән берген. Әсіресе жігіт шағында жағымсыз қасиеттерден ада етіп, бойына өнер мен білім, қабілет пен өнеге дарытуға тырысқан.

Халқымызды жігітті сыртқы келбетіне, жан дүниесі мен қабілетіне қарай бөлек атау беріп, өзінше бөлген. Мәселен, сыртқы келбетіне қарай еңсегей бойлы, от көзді, кең иықты, қара қасты, кең маңдайлы, қияқ мұртты, мығым денелі деп кете береді.

Ал жан дүниесіне қарай ақылды, терең ойлы, ержүрек, сөзге шешен, бөрідей алғыр, құландай сезімтал, нар түйедей төзімді, қырандай епті, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, түлкідей айлалы деп сипаттайды. Кейде "жігіттің қыраны", "жігіттің сұңқары", "жігіттің арыстаны", "жігіттің құланы", "жігіттің сырттаны", "жігіттің нары", "жігіттің сұлтаны" деп жатады.

Ал енді қабілеттеріне қарай жігітті былай бөлген.

Көсем жігіт – ел басқаратын жігіт

Шешен жігіт – дау шешетін жігіт (тілін қару етіп, дауды шешуге шығатын жігіт)

Батыр жігіт – елінің тірегі, жауына қаһарлы (бес қаруын асынып, темір сауыт киініп, арғымаққа мініп ап, батыр жігіт қол бастар)

Сері жігіт – мерекеге жиналған халықтың көңілін әнімен, жырымен көтеретін жігіт (сұлу атқа ер салып, қасына алғыр тазы ертіп, қаршығасын қолына қондырып, қылышы күнге шағылып, ән-жырымен халықтың құлақ құрышын қандырады)

Жомарт жігіт – пейілі кең, ізгі жүректі, қолы ашық жігіт (жомарт жігіттің дастарханы үнемі жақсылыққа жаюлы, көңілі шат)

Алып жігіт – мойыны жуан, қолы қарулы, ұстағанын жібермес, дені сау, қимылы ширақ, ойы сергек, алып күш иесі (Бұлшық еті бұлт-бұлт ойнап, жымия күліп, алып батыр ортаға шығады)

Үйкүшік жігіт – үй шаруасымен ғана айналысатын шаруақор жігіт (ел танымай, үй танып құр)

Ата-бабамыз жігіттің мінезінде "алты ерекше қасиеттің", "үш ерекше мінездің", "үш ажырамас достың" болғанын қалаған.

Алты қасиет мынау:

1) Ақыл-сана (дүниенің құпиясы мен жұмбағын түсіну үшін)

2) Дүниетаным (надан болмау үшін)

3) Табандылық

4) Түсіністік

5) Төзімділік (тағдырдың қиындығына төзу үшін)

6) Білім (көпті көру үшін)

Үш ерекше мінез дегені мынау:

1) Елі мен халқына адалдық

2) Достарына адалдық

3) Туған-туыстарына адалдық

Үш ажырамас досы:

- Ақылы

- Тұлпары

- Адал жары

Жігіттің тоғыз жауы бар. Ол мынадай:

1) Бірінші жау – жаныңа у себетін жалқаулық

2) Екінші жау – енжарлық

3) Қорқақ болсаң, малыңды ұры айдап әкетеді

4) Сараңдық жақсылыққа апармайды

5) Өтірік айтсаң, ар-ұятың кетеді

6) Өсек таратсаң, түбіңе жетеді

7) Босқа мақтануға болмайды, байлық кетеді

8) Жағымпазданба, жалбақтама, оныңды ешкім де бағаламайды

9) Өзгені бақытсыз етіп, өзің бақытты боламын деме.

Мұның бәрі – көпшенді халықтың ұрпақ жалғастырушы ұлына берген кеңесі мен тәрбиесі.

Қ. Слямбек