Сәуір болмай – тәуір болмас: Сәуірдегі табиғат құбылыстары

Сәуір болмай – тәуір болмас: Сәуірдегі табиғат құбылыстары
Фото: lookw.ru

Халқымыз наурызды "Самарқанның көк тасы жібіген күн" деп ерекше ықылас танытса, сәуір айынан онша жылулық пен мейірім күте қоймаған. "Сәуір болмай, тәуір болмас", "сәуір болмай жауын болмас, жауын болмай тәуір болмас", "сәуірдің басындағы суық бітпей, жаз шықпайды" деп барынша сақтанатын болған.

Бұрынғы қазақтар сәуір бітпей көктеуге көшпей, қыстауда отырады екен. "Сәуір екіден қыс, заузатан – саратан, сенен де қорқамын" деп сәуірде күн күрт құбылып, қар мен боранның боларын ыммен ишаралайды.

Қазақ әдетте көктемнің екінші айын "сәуір" деп емес, "көкек" деп атаған. Қазақтың бұрынғы күнтізбе жүйесінде тоқпан, отамалы, отжақпас, арша деген ай атаулары болғанымен, қазіргі уақытта бұл атаулар қолданылмайды. Сол сынды көкек айының өзін сәуір атауы ығыстырып барады. Ал ай аттарына қатысты шыққан  еңбектерде мамыр айы шаруалар тілінде сәуір, ал аңшылар тілінде "құралай айы" деп аталатыны көрсетіледі.

Бұрындары көкек айын көкшетау қазақтары "сәуір" не "саратан" деп, ақтөбе мен атырау қазақтары "сәуір" деп атаған. Қазір бұл атау ресми күнтізбеге еніп кетті.

"Көкек" сөзінің этимологиясы көктемнің бір белгісі көкек құсының алғаш шақыра бастайтын мезгіліне байланысты. Бұл айдың өзгешелігі – құс үнінің  ерекше байқалуы. Ал Куфтин көкек айын "көккөк" деген сөзден шыққан деп түсіндіреді, сөйтіп, "жас көк" деген ұғыммен ұштастырады. Қазақтар үшін көкектің  даусы ай атауын белгілеуге негіз болса, чулым мен бараба татарлары үшін қарға даусы, қарғаның ерекшелігі бұл айды "қарға ай" деп қоюға негіз болған. Ал саян халқы "құстың пашқы айы" деп атаған. Көктемгі табиғаттың әсемдігін уәж еткен тувалықтар мен шорлар бұл айды "көрік айы" деп атаған.

Көкек айы қазіргі күнтізбеде сәуір деп аталады. Сәуір – арабша "өгіз" деген мағынаны білдіретін жұлдыздық айдың аты. Бұл айдың ертеден келе жатқан қазақша аты көкек болатын. Көкек – ұшқалақ, жеңілтек құс, өз атын өзі шақырады, сондықтан осы сөз жағымсыз мәнде айтылады деп, оны сәуірмен ауыстырған.

Суға толар сай-сала,

Сәуір болмай, жауын жоқ.

Нуға толар айнала,

Жауын болмай, тәуір жоқ.

Көкек келмей, көктем жоқ, -

Көктемнің дер шағы бар.

Айдың – төлдер көкке тоқ –

Көкек аты тағы бар.

Сәуір айы –

Шаруа айы.

Еңбек етіп жатыр ел. 

Неге сәуірден қорқады?

Қазақ күнтізбесінде ай атауымен бірге амал атаулары бар. Амал дегеніміз – белгілі бір уақытта болатын, жыл сайын қайтаналатын табиғи құбылыс. Қарлы боран, уақытша суық, қақаған аяз не жануарды төлдеуі сынды табиғи құбылыстар болуы мүмкін.

Жыл он екі айды өзінше зерттеп, зердесіне түйген қазақ есепшілері он екі ай ішіндегі әртүрлі амалдарды атадан балаға мирас қып үйретіп, сабақтай берген. Қиыншылығы көп қыстан малды аман алып, шығамын ба деп, қардың тез кетерін не кетпесін болжаған. Қыс бойы аттылы кісіні көтеріп кететін қар бетінде жатқан құмалақ өз салмағымен батса, жаз тез шығады дескен.

"Қардың басын қар алар" деген сөз өліараға (26-28-наурызға) дөп келетін сияқты. Ол күндері жапалақтап қар жауып, іле еріп, не жаңбыр сіркіреген. Бұл қарды ел құсқанаты деп те атаған. Наурызда (осы күнгіше 14 мартта) жаз жұлдызы туған. Отамалыдағы ызғырық қара суық өте жайсыз.

Сол себепті "Сәуір болмай, тәуір болмас" деген. Сәуірдің тууы 14-апрельге келеді. Сәуір туғанда алғаш рет күн күркірейді, бөлек-бөлек жаз бұлты (сәуір бұлты дейді мұны) шығады. Онан соң бір-екі күнгі жылымық 17-19-апрель күндеріндегі жаңбырмен не суықпен ауысады. Отамалының 25-27-күндері тобылғы жарғанның қара суығы өтеді, тобылғы бүршіктейді.

Тобылғы жарған. Сәуірдің соңғы күндерінде 2-3 күнге  созылатын суық жел соғады. Бұл "тобылғы бүршік жарған" яғни өсімдіктер тамыр жайды, алғашқы көк шыға бастады деген сөз.

Көкек айының 17-25-тері шамасында өтетін құралайды да қазақ ырым еткен. Құралайдың жаңбырлы болуы егін-шөптің молдығының керінісі деп те есептеген. Бұл мезгілді құралаймен байланыстыратын себебі - дәл осы уақытта құралай төлдеп, лақтары қарлы жаңбырға қарсы жүгіріп тез қатаятын кезі. 

Бес қонақ деген амал да дәл осы сәуірде болады. Ескіше Наурыз айының 17-21 күндері аралығында болатын жауын-шашынды күндер. Бұл – әр жылы соғып өтетін суық әрі лайсаң мезгіл. Жұрт осы "бесқонақтан" қатты сақтанып, күтініп отыратын болған.

Кей жерде сәуір (көкек) айындағы бесқонақ амалы өтпей, қазіргі малшы-шопандардың өздерін де күн райы қанша тамылжып тұрса да, жайлауға көшпеген. Өйткені бесқонақ амалы кезінде ең болмағанда үш-бес күндік суық, қар аралас жаңбыр болмай қалмайды. 

Қызыр қамшысы. Сәуір айының орта кезінен аса бере алғаш найзағай ойнайды, жаңбыр жауады, жер бусанады, оңтүстікте  аздың жайлы күндері басталады. Осы сәттегі найзағайдың жарқылын халық: «Қызырдың қамшысы шартылдады, қыс кетті» деп есептейді. Мәшһүр Жүсіптің айтуынша, ескіше он бесінші наурыз Қызыр Ілиястың қамшы сілтер күні деп аталады.

Міне, осындай құбылыстар орын алатындықтан, қазақ халқы сәуірдің соңы күтуге, қыстың соңғы ызғарын өткізіп жіберуге тырысатын.

Қ. Слямбек