Дінмұхаммед Қонаев: Ана берген ас адал

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, 1960-86 жылдары Қазақстанды басқарған Дінмұхаммед Қонаев – ананы қатты құрметтеген адам болған екен. Тіпті, ақ жаулықты ананы сыйлағаны соншалық – оған имандай сенетін көрінеді. Оны басынан кешкен мына бір оқиғадан аңғарамыз.

Бірден Дінмұхаммед Қонаев жұмыс сапары Мойынқұмға барады. Ол кез – Мойынқұм қойшыларының дүркіреп тұрған заманы. Құмдағы шопандар жайында жазылған мақала мен очеркте шек болмады.

"Мойынқұмда ел жайлауы" деп басталатын әнді айтып, кеңестік дәуірдегі шопандардың шаттық жыр-сазын шырқамаған әнші қалмады. Бұл – даңқты Еңбек ері Жазылбек Қуанышбаевтың атамекені. Ұлы шопан егіздетіп төл алған қасиетті мекен.

Жетпісінші жылдары Мойынқұм өңірінде жаңа шаруашылық құрылып, жол салынып, шаруашылық ісі қатты қарқын алады. Содан сол шаруашылықты көріп, шопандармен таныспақ болып Дінмұхаммед Қонаев арнайы ұшақпен Алматыдан қарадүз далаға аттанады.

Шалғайдағы "шопандар елін" белгілі азамат, Жоғарғы Кеңес депутаты Айтбай Назарбеков басқарды. Яғни, бірінші хатшы осы кісі еді. Мойынқұмға келген Димекең шопандармен жүздесіп, қой-жайларын көріп, аудан басшыларынан көкейкесті мәселелерін сұрап, әңгіме-дүкен құрады. Басшыларға көңілі толған Димекең жүруге ыңғайланған кезде хатшы Назарбеков күллі топты қонаққа шақырады.

Ту жылқы сойылып, қазы-қарта асылып, неше түрлі тағам дайындалып, бірінші басшының үйінде "ақ түйенің қарны жарылған" екен. Димекең шұбат ішіп отырады. Ет қазаннан түсіп, қадірлі қонаққа бас тартылар алдында Димекеңнің дәрігері оны барып тексеруі тиіс екенін сездіреді. Дәрігер орнынан қозғалып, қазан басына баруға ыңғайлана бастайды. Сонда Димекең оны тоқтатып, үй иесіне қарап былай дейді:

"Жаңа үйге кірерде қазақтың он бала тапқан анасы алдымнан шықты. Ал енді сол ана пісірген асты әкеледі деп отырсыңдар. Ана берген ас қашанда адал", - деп бата беріп, бастан дәм татқан екен.

Бұдан біз басшы, елдің нөмір бірінші адамы бола тұра, анаға келгенде әрқашан сенім артқанын аңғарамыз.