Сөздер сөйлейді. "Жәреукелі"

ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз көптеген сөз бар. Сонымен бірге қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған атаулар да бар. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.

"Қозы Көрпеш" жырында:

Жәреукелі келеді жалшы деген, – сөздер бар. Сілтемеде бұл жолдағы жәреукелі сөзіне "жағынғыш" деп келетін біршама дұрыс түсінік берілген. Мұның түбірі – "ұнау, жақсы көру" мағынасындағы жарау сөзі болуы мүмкін. Оған адамның бір қасиетін, қызметін тағы басқа білдіретін парсының -кер жұрнағы жалғанып, "ұнауға тырысатын, жағынғыш қызмет етуге дар тұратын адам" мағынасын беретін жараукер сөзі пайда болса керек деуге болады. Бұл қырғыз тілінде де бар: жароокер – "жаны ашығыш, қызмет көрсетуге даяр тұратын адам" (Юдахин, 236). Қазақ тілінде өте сирек қолданылатын бұл сөз жәреуке түрінде қалыптасқан, соңғы -кер жұрнағының жіңішкелігі түбірді де жіңішкертіп өзгертуге себепкер болмады ма екен деп ойлаймыз. Сөз этимологиясын ашудағы біздің бұл келтірген талдауымыз – әзірге жорамал түріндегі ғана пікір. Әлі де іздестіруді қажет ететін тұлғалардың бірі.

Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен