Жүрек – сезімнің бастау көзі

Жүрек – сезімнің бастау көзі
Фото: avatarko.ru

Қазақтың ғаламтану жүйесінде «жүрек» соматизмінің алатын рөлі ерекше. Өйткені жүрек тек қана қанайналым мүшесі ғана емес, сезім мен эмоцияның, сенім мен иманның, рухани жан дүние мен сүйіспеншіліктің қайнар көзі, орталығы.

Қазақ халық танындағы "жүрек" концептісінің көрінісін анықтау үшін тұрақты тіркестердің қандай семантикалық аймақ бойынша жұмсалатындығын анықтап алғанымыз жөн.

Қазақ халқы жүректі сезім мен әртүрлі психикалық күйдің орталығы ретінде таниды әрі адамның адалдық, қорқақтық, батылсыздық тәрізді қасиеттерін белгілеуде қолданылады. 

Әуелде адам өзінің қуаныш, реніш, қорқыныш, ашу-ыза, рақаттану, жақсы көру, жек көру т.б. сезімдердің жүректің соғысы, лүпілі, дүрсілімен байланысы бар деп білген. Сөйтіп халық жүректі әр алуан сезімнің бастауы, яғни, «бастау көз» деп есептеген. Эпикалық шығармаларда, ақын-жыраулар шығармашылығында, паремиологизмдер құрамында жүрекпен байланысты соматизмдердің аса мол ұшырасуы да, жүрек ұғымының түрліше метафорлануы да, метонимияға ұшырауы да сондықтан.

Осылайша «адам» бүтін ұғым болса, жүрек «бүтіннің бөлігі» ретінде қолданылып, жоғарыда аталғандай, сан алуан сещімінің «бастау көзі» ретінде ұғынылады. Мысалы, ғашық жүрек (ғашық адам), ғашықтық жүректің әмірімен болатын, жүректе болатын сезім екенін баса көрсету үшін ғашық адам демей ғашық жүрек дейді.

Халық санасыда жүректі әр алуан сезімнің пайда болатын көзі, әрі тұрғаы мен мекені деп ұғынуын осы ұғымның метафоралану ерекшелігінен байқалады. Әдетте, бірқалыпты жағдайда адамның сезімі сыртқа шғыа бермейді де, ерекше (эстремалды) жағдайда нысанаға айналады. Жүрегі ұшты, жүрегі дауаламады деп, адамды билеген қорқыныш, қаймығу сезімін жүрекпен байланыстырады.

Сол тәрізді жақсы көру, ұнату сезімін жүрекпен байланыстырып, «ет жүрегі елжіреді, жүрегі жылады» десе, мейрімсіз, қатыгез адамды «жүрегі қатал, жүрегі мұз, қара жүрек» деп жүрекпен ұштастырады. Жүректі сан алуан сезімінің «ортасы» деп білген жөн.

Сондай-ақ жүрек сөзінің мағынасы тілдік механизмдер арқылы метафоралана келіп, қатал жүрек, тас жүрек, жүрегі мұз, жүрегі жібімеді т.б. атаулар жеке адамның антиморальдық қырларымен байланысты бағалауыш мәндегі ұғымдар ретінде қалыптасқан. Ал жүрек тазалығы, ақ жүректілік, жүрек кіршіксіздігі, кең жүректік т.б. сөз орамдары этикалық-моральдық категорияларға қатысты әлеуметтік этикалық мәнге ие ұғымдардың атауына айналған. 

Қ. Слямбек