Қайнатпа, тұнба, тұндырма

Қайнатпа, тұнба, тұндырма
Фото: yandex.kz

Халық медицинасында өсімдіктерден дәрі жасаудың жолдары көп. Кептіріп, ұнтақтап, қайнатып, тұнба не тұндырма жасап ішеді.

Тұндырманы өсімдіктің жапырағы мен гүлінен, сабағынан жасаса, қайнатпаны өсімдіктің тамыры мен қабығынан, тамырсабағынан жасайды. Кейде қайнатпа мен тұнбаны, тұндырманы айыра алмай жатамыз. Бәрін қайнату керек деген ойда болуымыз мүмкін. Әсте олай емес.

Қайнатпа – өсімдікті қайнату арқылы алынған шипалы су. Қайнатпаны тоңазытқышта 3 тәулікке дейін сақтауға болады. Қайнатпаны қайта қайнатудың қажеті жоқ. Қайнатпаны дайындау үшін өсімдікті майдалап, ұсақтап ыдысқа салып үстіне қайнатылмаған су құю керек. Екі сағаттай тұнғаны жөн. Содан кейін отқа қойып, араластырып, 20-30 минуттай қайнату керек. Сосын қайнатылған суды дәкеден сығып өткізіп шөгіндіні лақтырып тастауға болады.

Қайнатпа тұндырмаға қарағанда ағзаға жай сіңеді, бірақ әсері ұзаққа созылады. Өсімдікті қайнату кезінде кейбір пайдалы қасиеттері жоғалып не ұшып кетуі мүмкін. Қайнатпада негізгі дәрілік заттардың әсерін әлсірететін бөгде заттар көп болады. Сондықтан анда-санда адам ағзасына кері әсерін тигізуі мүмкін. Кейбір өсімдіктерді қайнатуға болмайды. Мәселен, ащы жусанды қайнатқаннан гөрі тұнба жасаған жөн. Әйтпесе қайнаған жусанның суы адамды құстыруы мүмкін.

Тұнба – қайнатпай тұндыратын биологиялық белсенді заттардың сулы ерітіндісі. Әдетте тұнбаны ұсақтап, майдаланып салынған өсімдіктен 10 есе көп су құю арқылы жасайды. Тұнба таза дәрілік қасиетке ие, ағзаға жақсы сіңеді әрі әсері тез, күшті болады. Тұнбаны суық сумен де, ыстық сумен де дайындайды.

Суық сумен дайындау кезінде майдалап ыдысқа салынған өсімдіктікке қайнаған суық суды құю керек. 4-8 сағат тұндырады. Сосын тұнбаны дәкеден өткізіп барып ішеді. Ал ыстық сумен дайындау кезінде өсімдікке ыстық су құйып, 15-20 минуттай ыстық пештің үстіне қойып, суды қайнауға дейін жеткізбей дәкемен сүзіп алады.

Тұнба мен қайнатпа тез бұзылады, сондықтан күнде дайындап тұрған жөн. Әсіресе, жаз кезінде керек. Салқын жерде 2-3 тәуліктен артық сақтамайды.

Тұндырма – 40-70 пайыздық медициналық спирт (не арақ) құйып дайындайтын өсімдіктің дәрілік түрі. Тұндырманы 1:5 қатынасындай етіп жасайды. Яғни, 20 грамм шөпке – 100 мл спирт. Егер өсімдік уытты болса, онда 1:10 қатынасындай етеді. Тұндырманы бөлме температурасында, қараңғы жерде, жақсы жабылатын ыдыста сақтайды.

Тұндырманы өсімдік ұнтағына одан бес не он есе көп спирт құйып дайындайды. 7 тәуліктей тұруы тиіс. Дайындалған тұндырма тұнық әрі өсімдікке тән иісі мен дәмі болуы керек.

Спирт тұндырманы ұзақ сақтауға болады. Фармацевтикалық зауыттарда, химиялық зертханаларда осы тәсілмен галенді және химиялық препараттар жасалады. Тұндырманы кейде тамшы деп те атайды.

Қ. Слямбек