Ұлттық ұғым: Мама, сүт ана, шеше

Мама – әлем халықтарының көбіне таныс, ортақ сөз. Әрі баланың тілі шыққанда айтуына да оңай. Еліміздің әр нүктесінде ананы "ана, шеше, тәте" деп қолданады. Алайда "мама" сөзінің де халқымызға жаттығы жоқ.

Мәселен, Н.Оңдасыновтың "Парсыша-қазақша түсіндірме сөздігінде" "мама" деген сөздің түп мағынасы "кіндік шеше, сүт ана" деп көрсеткен. "Бұрындары жас босанған әйел қол-аяғын жиғанша, нәрестені алғашқы сәттерде сол кіндік шеше емізген. Бұл бұрындары қазақта да болған үрдіс, жас кезімізде көретін едік. Көтерген, туған анасы сүт ана" делінеді.

Бұрындары көп әйел алған қазақта жасының көтерген баласын егделеуі бауырына салып, өзі емізіп асыраған. Әлеуметтік жағы жоғары әулеттерде жаңа туған баланы емізіп-асырайтын арнайы аналар болған. Әу баста мама деп солар айтылған сыңайлы. Аталған сөздік мама сөзінің ауыспалы мағынасы – "Емшек (ананың)" деп көрсетеді.

Сөздің бұл мәнінің "Енекемнің еміп кет, Төсінде екі мамасын" дегендей, "Қобыланды батыр" жырында орын алуы, Мамабике есімінің ХІ ғасыр деректерінде кездесуі – сөздің біздің жұртқа ертеден таныс екенін білдіреді. Бейімбет Майлиннің шығармаларының бірінде "Емші мына мамаңды! Сен де аяшы сорлы болған анаңды" деген қолданыс кездеседі. Бұл ұғым, яғни, мама – емшек (ананың) екені түсінікті.

Одан бөлек, мама сиыр, мама бие, мама ағаш сынды қолданыстар кездеседі тілімізде.

Мама ағаштың бір мағынасы – ат байлауға арналған керте. Аста, тойда, көп адам атпен келіп түсетін жерге ағаштан керте жасап, яғни биіктеу екі мықты қада қағылып, сол екі қаданың арасы жоғары жағынан ұзынша сырғауылмен қосылады.

Сондай-ақ, кемеліне келген, жайқалып жақсы өскен, мәуелі ағашты да мама ағаш дейді. Сөздің осындай мәндерінен Маман, Мамаш, Мамат, Мамажан, Мамасейіт, Мамабике, Мамашәріп, Мамадияр сынды кісі есімдері пайда болған.

Мама сөзі – ана, емшек мағынасында Орта Азия мен Шығыста ғана емес, Еуропаның көптеген елінде тараған. Арғы тегі латын тіліне барып тіреледі.

Мама – бала тілі. Қай ұлттың да сәбиіне айтуына оңай. Бұл – сәбилік тіл. Сондықтан баланың бастапқы кезде анасын мама деп, кейін апа, әбден есейгенде ана десе болады.

Сабыржан Шүкірұлының деректерінен