Жүзге кірмейтін рулар

Жүзге кірмейтін рулар

Қазақтың үш жүзі құрамына ру-тайпалардың бәрі бір уақытта кірмегені белгілі. Әрі рулардың шыққан тегі де бір емес. Алайда қазақ руларының арасында жүзге енбейтін, тегі мен мәртебесі бөлек рулар бар. Олар қазақтың этникалық тарихына, ұлттық генеологиясының қалыптасуына орасан үлес қосқан.

Қандай дамыған, қалыптасқан халықты алып қарасақ та, бәрінің құрамында әр түрлі себептермен оқшау тұратын топтардың бар екенін көруге болады. Жоғарыда аталған руларды да сондай топтардың бірі десек болады.

Сонымен қазақтың үш жүзіне кірмейтін рулар – қожа, төре, төлеңгіт. Мұндай руларды этнология ғылымында субэтникалық топтар дейді.

Қожалар

Қожалар – Орта Азия халықтарына мұсылман дінін таратқан, елдің рухани мәдениет қалыптастыруға үлес қосқан, Мұхаммед пайғамбардың алғашқы халифының ұрпағы. Қожалар қазақтың құрамында ғана емес, қырғыз, өзбек, түрікмен, тәжік пен татарлардың арасында да бар. Оларды қазақ қожалары, өзбек қожалары, тәжік қожалары және татар қожалары деп шартты түрде бөлінеді.

Қожалар өзін Мұхаммед пайғамбардың ұрпақтары деп санағанымен, оларды пайғамбардың жанында жүрген серіктерінің тікелей ұрпағы деген жөнірек. Қожалардың бір тобы Мұхаммед пайғамбардың қызы Фатимаға үйленген әзіреті Әлиден тараған ұрпақтар болса, екінші тобы – әзіреті Әбубәкір, әзіреті Оспан, әзіреті Омардан тараған ұрпақ.

Қожа ұғымы парсы тілінде «ие, еге, мырза» деген мағынаны білдірсе, араб тілінен аударғанда ағартушы деген мағынаны береді.

Қазақ руларын зерттеген орыс ғалымы А.Левшин қожаларды Мұхаммед пайғамбардан тараған ұрпақтар десе, Г.Клапрот қожаларды Мұхаммедтің ұрпағы емес, ол оқымысты, мырза деген мағынаны білдіреді дейді. Яғни, қожаларды басында араб халифының тікелей ұрпағы атағанымен, кейін Орта Азияға ислам дінін уағыздауға келген діни қызметкердің бәрі осы қожа қатарына қосылып кеткен.

Әзіреті Әбубәкірдің Сыдық атты ұлынан тарайтын ұрпақты сунақтар деп атаған. Бұларды қожалардың қатарына да енгізуге болады. Алайда қожаның ішінде дәл осы Әбубәкір ұрпағы Қазақстанда кең тарағандықтан, бөлек топ болып қалыптасып үлгерген.

Төрелер

Қазақ халқы төрелер деп Шыңғысханның үрім-бұтағын, әке жағынан тараған ұрпақтарын, яғни, қазақ хандары мен сұлтандарының ұрпақтарын атаған.

Қазақ төрелері негізінен ақсүйек саналады, Шыңғысханның үлкен ұлы Жошыдан тарайды. Қазақ ханды тек төреден сайлайтын болған. Бұл – дала заңы. Төрелерді билер соты соттай алмайды.

Төрелердің қызметшілері мен жасағы (төлеңгіттер) болған. Тарақ таңбалы төрелердің ұраны – Арқар.

Кіші жүздің құрамындағы төрелер Әбілқайыр хан мен Қайып ханның әулетінен тарайды. Қайып хан әз Жәнібек ханның Жәдіге атты баласынан тарайды әрі Әлімұлы руына арқа сүйейді. Ал Әбілқайыр әз Жәнібектің кіші баласынан тарағандықтан, жолы төмен. Бұл төрелер Байұлы мен Жетірумен аралас-құралас. Қос төренің ұрпағы өзара дүрдараз болғанымен, бір-бірімен тығыз байланыста.

Орта жүзде төре көп. Әз Жәнібектің Жәдік деген ұлынан тарайды. Көпшілігі Әбілмәмбет, Абылай мен Сәмекен ханның әулеттері. Орта жүздің саяси өмірінде Барақ пен Көшек сұлтандардың абыройы ерекше.

Орта жүз бен кіші жүзде қазақ хандарынан бөлек Шайбан тұқымынан, Тоқтамыс пен Көшімнің әулетінен шыққан төрелер кездеседі.

Ал ұлы жүзде төре аз. Ұлы жүзді XVIII ғасырдың 60-жылдарынан бастап Абылай ханның Әділ мен Сүйек есімді қос ұлы билей бастады. Әділдің билігін күшейткісі келген Абылай хан Жетісуға қарақалпақтарды көшіріп әкеліп, хан ордасын тіккен.

Төрелердің қазақ руларынан таңдасы мен ұраны бөлек, өз ішінде төрелер туының түсіне қарай ажыратылады. Мысалы, қызыл тулы төрелер Әбілмәмбет ханның ұлдары болса, ақ тулы төрелер Барақ пен Көшек ханның ұлдары. Ал Абылайдың көкжалдары көк туды көтеріп жүрген.

Төлеңгіттер

Қазақ хандығы құрылып, төре тұқымынан шыққан хандар мен сұлтандар сарайында қызмет еткен арнаулы мәртебесі бар қауымды төлеңгіттер деп атаған. Олардық қызметі ауқымды болған. Хан мен сұлтандардың жеке басы мен сарайын қорғау, зекет, соғым мен алым-салық жинау, сот шешімін орындау, елшілікке бару төлеңгіттердің міндеті саналған. Одан бөлек, ханның жеке жасағын дәл осы төлеңгіттер құраған.

Қазіргі тілмен айтқанда, төлеңгіттер дегеніміз – бұл мемлекеттік қызметкерлер. Басшысына, ханына адал жандар.

Хандар мен сұлтан қайда қоныстанса, олар да сол жерге барып қоныстанған. Абылай ханда  5 мың үй, Кенесарыда 1 мың үй төлеңгіт қызметшісі болған. Төлеңгіттер – қазақтың шағын руларынан шыққан адамдар мен сұлтандардың қамқорлық пен қорғауына алған өзге халықтың өкілдері. Мәселен, төлеңгіттердің арасында өзбек, қалмақ, қарақалпақтан шыққандар бар.

Төлеңгіттерді қазақ рулары арасынан жинаған кезде хан-сұлтандар ержүрек, мықты, қажырлы да қайратты адамдарды таңдап алған. Төлеңгіттер өздері қызмет ететін хан мен сұлтандардың таңбасын алды әрі кері өз руына қайтып оралған емес.

Төлеңгіттерді топтастыруда, әсіресе, Абылай ханның рөлі ерекше болды. Мәселен, Абылай хан арғын руынан өзіне 1000 жігітті іріктеп алып, сарайында ұлан (гвардия) әскерін құрған. Найман төлеңгіті, албан төлеңгіті, үйсін төлеңгіті, керей, жалайыр төлеңгіті деген атаулардың қайдан шыққан енді белгілі болар.  

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

Жыландар қалай ұшады?
Жыландар қалай ұшады?
Жер сілкінісі де тоқтата алмайтын жолаушылар пойызы
Жер сілкінісі де тоқтата алмайтын жолаушылар пойызы
Бүгін – футболда ысқырық пайда болған күн
Бүгін – футболда ысқырық пайда болған күн
"Манчестер Юнайтед" ағылшын премьер-лигасында рекорд орнатты
"Манчестер Юнайтед" ағылшын премьер-лигасында рекорд орнатты
Ғалымдар ауаны коронавирустан тазартатын сүзгі ойлап тапты
Ғалымдар ауаны коронавирустан тазартатын сүзгі ойлап тапты
Тест. Балмұздақ. Ағылшын
Тест. Балмұздақ. Ағылшын