Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Экс-бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Мәңгілік ел / Түп тамыр / Асыл сөз / Ғабит Мүсіреповтің қанатты сөздері

Ғабит Мүсіреповтің қанатты сөздері

Ғабит Мүсіреповтің қанатты сөздері

БАСЫ

Құрмет құрметті адамға ғана жарасады.

Адам болғың келсе – жолын таппай жүрген жоқ шығарсың.

Адамға кезінде көрсетілмеген жақсылық та зиян.

Ойға сепкенің – өспей қалмайды.

Тұл өмірді турап таста.

Шыбын өлтіруге сонша күш жұмсап керегі не.

Басқаруға камшы басқан елде ішкі жегі құрт бар дей беріңіз. Көбінесе, сол жұтаудың себепкері басқарушы басшыларының өздері болып шығады. Бұл кездегі басты ауру – өз халқына өзі сенбеу, екінші жағынан – өз халқының момындығына, енжарлығына сүйеніп, үнемі өтірік айту. Осы екеуі, қисыны келіп тұрмаса да – сондай басшылардың бірінші құралы.

Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі.

Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады.

Тіл сөйлеу-сөйлесу, оқу-үйрену, жазу-сызу арқылы өседі. Бұл үшеудің біріне көңіл аудармау – үлкен қылмыс.

Этика, эстетика дегендердің тым нәзік сырларын әр халық өз тілінде ғана еркін түсінсе керек.

Тіл диалектикасы – жасаған сайын жасара беруінде.

Дүниеде әйелдің көзінен артық қызықтыра алатын, әйелдің көзінен артық сиқырлап тартып кете алатын күш жоқ қой деймін. Байлық, бақ, мансап, тіпті қоғамдық дәреже дегендердің бірде-бірінде ондай күш жоқ. Бәрі бірге қосақталып келіп мойныма асыла кетсе, мен бәрін сілкіп тастап, оқтай қадалған әйел көзіне қарай жүре берер едім.

Қазақ әйелін «жан жолдасым» дейді. Бұл үлкен сөз ғой. Жаны мен жаны үндес, ойы, арманы үйлес, егіз адамбыз дегені ғой.

Қазақтың білетіні аз емес – істей білетіні аз.

Әділет жетіспейді, әділет! Бұл тапшылық жер бетінен қашан арылар екен.

Еліңе опасыздық – туған анаңа опасыздық.

Өзгенікіне қызықсаң – өз қолыңмен жасап ал.

Тым жайлы, тым рақатты өмірдің зияны да аз болмаса керек.

Талапты талант деп сорлап жүрміз.

Еңбек пен талантты қарсы қойып сорлап жүрміз.

Бір қазақ ең кемі екі ақыл айтып кетеді. Өз қара бас сол екі ақылдың біреуін орындап жүрген болса, әлдеқашан адам болып кетер еді.

Кейбір үйлер бір кездегі үмітіңнің моласындай көрінеді.

Қолдан жасалған «талант» – біреудің паспортымен жүрген ұры.

Талант туады, өлмейді.

Кейбір ғалымдардың бастары толы ми, ми толы ақыл. Әттең, сол ақылды айта алар тіл жоқ.

Білу мен істей білу – екі мәселе.

Сыртпен алысарда сенімен қосыла алмаймын, сенімен алысарда сыртпен қосыла алмаймын.

Әйелдің ақылы – көркінде, еркектің көркі – ақылында.

Жаны аласаны үлкейткенімен – ол өспейді.

Кір жуып жатқан әйелді Ремарк сонша айқын көрсеткендіктен, мұрныма жуып жатқан кірдің иісі келді.

Не бастай алмаған, не қостай алмаған жандайшап бос қиқудан – өзі түсінгенше қасарып отырған жан көп артық.

Әйел асқақтаса – жылайды, еркек асқақтаса – құлайды.

Жазылғанның, тіпті басылғанның бәрі әдебиет емес.

Жазушыға үш кеңес: 1. Қызыға жаз, қыза жаз, қыздыра жаз, қызықтыра жаз; 2. Ойланып жаз, ойлы жаз, ой сала жаз, ойландыра жаз; 3. Ызамен жаз, кекпен жаз, кектендіре жаз. Осы үшеуінсіз шығармаға жан кірмейді.

Әйелдің естілігі жеңсе – сұлулығы да арта түседі.

Байлыққа қосар үлесің болмаса, байлықтан алар үлесің де жоқ.

Талапсыз үміт – бос үміт.

Адамға ақша әбден байығанда көбірек керек болады.

Нағыз талант жалғыз қалса да, оны елінің ең ұлы қазынасы (ән, күй, жыр, өлең) өлтірмейді. Құрманғазы (күй), Біржан (ән), Абай (өлең).

Асып-саспау – тасып-төгілмеу кепілі.

Өзіңді-өзің өз бойыңнан биікпін деп ойламау да – биіктік.

Кекшіл адам өз ызақорлығынан қылқынып жүреді.

Адам мінезінде толып жатқан қалтарыстар, бұрылыстар, өкініштер, ауру-сауығулар бар.

Адам – аштан да өледі, астан да өледі.

Қызғаныш, күншілдік, өсек-аяң, баққұмарлық – бәрінің түп-тамыры талантсыздықта, болымсыздықта, рух бейшаралығында.

Бізде кезегі келіп қалған үлкен бір іске қолдаса, қанаттаса, жігер қоса кірісу жоқ. Тап осындай тұста кейбіреудің өз ойына да бір ұлы іс келе қалғандай, қоғам ісіне іріткі сала сөйлейді.

Жаңбырға орман жапырағын тосады, боранға – жонын тосады.

Шексіз билік дегенннің өзі – үлкен кінәрат.

Жақсылыққа жаршы болу – жамандыққа қарсы болу.

Бейнелеу – әлденені көз алдына әкелу: дәл сөз, бояулы сөз, үнді, сазды сөз.

Жаман тіл – мәдениетсіздіктің белгісі, елмен байланыс үзілуі.

Адам мінезін де сындырып жіберіп, қайта түзету керек. Сылап-сипау содан кейін болсын.

Әрбір сөздің қыры бар, тұрағы бар, жотасы бар, тұрқы бар болуы керек.

Біреуді біреу жамандағанда өзі білетін, өзі талай іспен көрген жамандықты жапсыра жамандайды. Мақтағанда да солай.

Өкінер кезін біле алмаған өлер кезін қайдан білсін.

Ант сөзі: үлкен-кішінің мойнына мінбесін.

Адам ұят, ар, мейірім, әділдік, алдамау деген қасиеттерінен айырыла бастағалы екінші ғасыр. Оның орнына жауыздық, ашқарақтық, озбырлық, опасыздық, кісі өлтіру сияқты көне қалыптағы тағылық жаңа өнерлі түрін тауып, өрлеп барады.

Қарны тоқтың қамқорлығы қайырымдылықтан, ақкөңілділіктен, мейірімділіктен емес, қалтаның қамы, мансаптың торы.

Әйел шынымен жылап алса, ажарланып кетеді.

Көбіктің көлеңкесіндей ғана елес беретін ойлар болады.

Ескірмес жаңалық та жоқ, жаңармас ескілік те болмайды.

Қазақ өмірі белгілі бір сарынмен әп-әдемі келе жатып, тоқтала қалғаны байқалады. Ырғағы бұзылған, әуені өзгерген.

Біз әлі кемеліне келіп, бар айтарын айтып болған ел емеспіз.  (Айтамыз әлі!).

Баяғыны көксей берген елде бүгінгі өмірге үйлесе алмаушылық болады. Баяғының құрметтісін құрметтей білмеген елде болашақ жоқ. Көксеу мен құрмет – екі текті түсінік.

Қазақ қызы ұзатылғанша негізінде екі-ақ түрлі жұмыс істейді: көлден су әкеледі, шай құяды. Жұмыстың басқа түріне қайын ененің қолында жаттығады.

Қазақтың жершілдік жіктеулері – ең бір үлкен апаты.

Сезім ойдан бұрын туады, әрине. Біз елдің сезімін беру орнына ойын терең береміз деп бүлдіріп алып жүрмейік. Әдебиеттің өзі де сезімнің саласымен келуі керек қой.

Ақыл мен мінез – екі нәрсе, жұрт екеуінің қайсысын артық бағалайтыны уақытына қарай.

Ең ауыр майдан – надандықпен күресу майданы: әрі ұзақ, әрі ызасы көп.

Маған «Ақ Баян» (Көрпештен) жаназа күйім болса, басқаны тілемес едім.

Алла мен ақ патшаның тұқымдас еместігін түсінуге де ғасыр керек болады.

Кейде – руды адам бастап кетеді, кейде – ру адамды ертіп кетеді.

Жалғыз шам түнді тұтас жарыққа айналдыра алмайды.

Адам бірін-бірі құрметтеуді қашан үйренер екен.

Шығарма – сыншылар үшін жазылмайды.

Ремарктің жаңбырды жазғанын оқып отырғанда – Алматының май айындағы ашық күні жаңбыр жауып тұрғандай сезіліп кетеді.

Тургеневтің жаратылыс суреттерін оқығанда – өзің сол жерде отырғандайсың: екі кішкене тастың арасынан жылап аққан суды көресің.

Қазақтың күн аттары: алдыңғы күн, кеше, бүгін, ертең, арғы күн. Апталық бес күннен шумақталған.

Мақтана бергеннің ар жағы – аңыраған айдала болуы керек.

Бір үйір сөз: ұялас, үйірлес, қанаттас, іргелес, көгендес, көршілес, аталас, тамырлас, ауылдас, елдес, құрбылас, достас...

Қоғам тіршілігінде қапы кету, қателесу болады. Бірақ тіршілік өз ұпайын ұмытпайды, кейін толтырып алады. Әдебиетте де солай.

Менің Джакондам – Ұлпан.

Жүзге бөлінгеннің – жүзі күйсін.

Әр ел  өз ерлігін көтере айтқанда – жеңген жауының осал еместігін қоса айтады.

Тек ірілік қана аңызға айналады.

Үлкен өнердің – үлкен, таза мінезі болуға керек.

Ұрлық-қарлық, зұлымдық-зорлық, қиянат сияқты қылмыстар өше берудің орнына, өсе берсе – сол қылмыстардың бәрі де басқарушылардың өз бастарында болғаны.

Заманауи нышан: кім бағынышты болса – сол кінәлі.

Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде – ұлт та ұлы бола алмайды.

Сөзді қалай болса солай пайдалана берсең – сөздің де жүзі мұқалып, ұшы майырылады, айтайын дегенің құлаққа қонбайды.

Жан сүйсінтер бірлік болмаған жерде – саналы тірлік те жоқ.

Кейде мысың – алтынға баланып, қыраның – қарғаға теңеліп жатады.

Байға – мал қымбат, кедейге – жан қымбат.

Асыл сөз атқан оқтай: жай кетпейді.

Еліміздің ұйтқысы – әдет-ғұрпымыз.

Ресей топырағында біздің демократияның тұқымы өне қоймас.

Қай жерде болсын халықтың мұң-мұқтажына құлақ аспаған адам – азамат емес: ол – халықтың бірінші жауы.

Ұлы ақындар жәбір-жапа, қорлыққа толы қиянат жылдар мен замандарда бір айқай салмай қалған емес.

Кедейге – жеркепесінің төбесіне шығып тұруы да үлкен мақтаныш.

Жаманға оқ өтсе де – сөз өтпейді.

Сырттан қанша балағаттасаң да – кездесіп қалғанда мысы баса беретін бір адамдар болады.

Тіл – салақ сөйлегеннен бұзылады.

Тойған қарын – ойға бөгет.

Қазақ әйелі аз ғана жәрдем бергенді ұмытпайды – тезірек еселеп қайыруға тырысады.

Мен қазақтың қазақ болғанына жетерлік ештеңе бар деп ойламаймын.

Адамның парыз-қарызы сыйлаумен өтеледі.

Байлықты малдан емес, адамнан іздеген жөн болмақ.

Соңғы алты ғасыр бойы нәсілі жат елден шыққан хандар билеп келген ел қайдан оңсын.

Қазақ кейбір тіршілік заңдарын афоризмдер түрінде жазып, есте қалдырған.

Ойланбай істеген қызмет өкініш тудырады.

Жер-суына билігі жоқ елде не билік болады.

Мен өз елімде, өз жерімде басы артық, керегі жоқ жандаймын: жалғызсырау деген – ауыр күйзеліс.

Құр «Абылайлап!» – тау аса алмайсың.

Қалғып жатқан толқын еді – дауыл тербеп оятты.

Мінез: түнеруі – бар, жауыры – жоқ.

Әйел қырыққа келгенше өңін бермесе – қасиет,

   Еркек қырыққа келгенше есі кірмесе – қасірет.

«Жантекеңнің қапқаны» - осы шығар қапқаны.

Көңіл – қазы, көз – таразы.

Айтқың келген ойың мен айтқан ойыңның арасында айырма бар. Айтқың келген ойың мен қалай айтқаныңның арасында да айырма бар.

Қазақ елі – әлі дала табиғатымен өзін-өзі тұтас сезінетін ел.

Өз туыстарыңды жақсы көру мен халықты, одан әрі адамзатты жақсы көрудің арасы жер мен көктей екі айырым жол: біреуі көлбақаны көл жағасынан әрі жібермейді, біреуі – болғанда дарияға, әрісін айтсақ мұхитқа апарады.

Дәл сөз, теңеу-бейнелеуі нысанаңа аумай тиетін сөз – көркем сөз дегенің сол.

Адамға – адам, сөзге – сөз жарығын да, көлеңкесін де түсіріп тұрады.

Қорқақтық, ездік, аяншақтық, көнбістік – құлдықтың ең жаман түрі.

Бізде жекелік көп, енжарлық көп, бейжайлық көп – әрқайсымыз бір-бір төбеміз. Біздің айтқан дұрыс пікірін  қолдап, қоғамдық ой-пікір туғызу жоқ.

Туған елімді, туған жерімді жамандай алмаймын – бірақ жаным ашығандықтан ашынған сөз ауызға түседі.

Жұртқа жұмыс істеуді үйретуден гөрі, жұмыс істеуіне бөгет жасамауды үйрену керек.

Басқару сыңайы жайдан-жай қатая-қаталдана бастаса – басқарушының санаулы күні қалғаны. Біл – бір. Екінші – сол басқарудың өзі ширай бастағаны: өзгеріс керек.

Қазақтың бір оқыс мінезі: эмоция үстінде келіп қалған байламға тоқтайды.

Жұмақты да, тамұқты да адам өзіне-өзі жасап алады.

Үлкен бақытсыздықты, үлкен апатты көтеруден гөрі, ұсақ жәбір, көпе-көрнеу әділетсіздікті көтеру қиын.

Өзгеге өтетпес борыштар бар. Өзің өтемесең, өтелмес борыштар бар. Осында ғой мәселе.

Қазақтың қайғы-қуанышында бұрқан-тарқандық жоқ, байсалды салмақтылық бар. Қайғысы ұзаққа созылады, қуанышы тез басылады.

Бірақ-ақ партия билеген ел көп ұзамай диктатураға ұшырамақ.

Бес партия бес жаққа тартса («Аққу, шортан, шаян»), бір партия бір-ақ жолға сүйресе – мұның екеуі де дұрыс болмау керек сияқты.

Проза – жай ғана қара сөз емес, өз ырғағы бар, екпін лебі бар, негізгі ойыңды теңеу, бейнелеу арқылы оқушының сезіміне дөп тигізетін көркем сөз.

Махаббат, достық, бауырмалдық – адамның ең бір асыл қасиеттері.

Үрей мен үміттің арасында ұстау – Шыңғыс пен Темірден қалған мұра.

Жорға да сүрінеді, жүйрік те сүрінеді. Сүрінбейін десең аяғыңды астыңа басып отыр.

Құс жоғары ұшқанымен – ойы жоғары емес, әрине.

Заман деген – ұзақ сұрыпталатын кезең.

Өліктердің ішінде – тіріден де тірісі болады. Тірілердің ішінде – өліден гөрі өлісі де болады.

Тағы бір заман келер-ау,

   Бұзылғанын ненің көрер-ау.

   Келісімсіз дүниенің,

   Дүние емесін білер-ау.

   Қорлық пенен зорлықты,

   Теңсіздік пен құлдықты,

   Терең қазып көмер-ау...

Шындық тәңірі – шыңырау түбінде жатса, атақ тәңірісі – аспанда тұрады.

Бақыт деген – еркіндік.

Адам арманы – көкжиек сияқты: жақындаған сайын алыстай бермек.

Менің кеудемде өлім алдындағы зор мақтаныш бар. Ол – табиғаттың маған тартқан ғажайып сыйы – махаббат сезімі. Ол менімен бірге.

Ең басты кітап дегеннің шын төрелігін өзіме алмай-ақ, өзгелерге қалдырдым.

Менің білерім: қай жазушының болсын соңғы сөзі айтылмай кетеді.

Жоқ! Жоқ! Армансыз өткен жазушы болмақ емес.

Өкшелес буын, ойыңа... ойыңа қараймын биік ұшсаң – қуаныш, төмен ұшсаң – өзің өкінерсің. Мен де қуанып көрген, өкініп көрген ағаңмын. Қызығып та қоямын, қынжылып та қоямын. Өзім ұшып жете алмаған биікті сендерге тілеймін!

Кешегі өткен Ғабиден (Мұстафин – Е.Ш.) досқа «Енді екі жыл жүрсем жетпей ме?» дегенім бар еді. Сол мөлшерім – мөлшер екен. Қойны суық қара жер құшағына, міне, мен де кеткелі жатырмын. Үмітпен, күреспен, сеніммен өткізген ұзақ ғұмырымды қорытып қарасам – қуанышым да, ренішім де мол екен. Жаңа қазақ мемлекетінің биік туы менің көз алдымда көтерілді. Бүгінде күллі әлем назары ауған іргелі елге айналдық. Бірақ әдебиет пен өнер ұлы болмаған жағдайда ұлт ұлы болып есептелмейтінін ұмытпайықшы. Жан сүйсінтер бірлік жоқ жерде – саналы тірлік те жоқ. Кейде мыстың – алтынға, қыранның – қарғаға телініп жататыны осының кесірі. Үлкен өнердің – үлкен таза мінезі болуға керек. Өзім іргетасын қаласқан қазақтың ата әдебиеті атынан, өздерін қадір тұтқан алыптар тобының атынан өтінемін: мені соңғы сапарға шығарып саларда осы ақтық тілегімді еске алыңыздаршы... Ал, қасиетті елім, жер... қиыспас дос-жаран, ағайын-туыс, сәулелі жас ұрпақ... қош... қош болыңдар!

0
Рейтинг: +1

Дайындаған: Нұржамал Үсенова
Фото: massaget.kz
Қосылған күні: 24 сәуір 2018, 13:24

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.