Сөздер сөйлейді. Аламан

Сөздер сөйлейді. Аламан
Фото: wall.alphacoders.com

Бұл сөздің түбірі де «талау, тонау» мәніндегі ала сөзі деп тануға әбден болады. Өйткені, көптеген түркі тілдерінде аламан сөзінің екі мағынасы бар: бірі және негізгісі – «талау, тонау, шабу мақсатымен жасалған топ, отряд». Л.Будагов аламан, аламанчы сөздері түрікмен, әзірбайжан, шағатай тілдерінде «тонау, талау, тонаушы, талаушы отряд» деген мәнде деп көрсетеді. (Будагов, І, 79). Ұйғыр тілінде аламан «1) топ, көпшілік, 2) талау, тонау (Уйг. – русск.сл., 51). Қазіргі түрікмен тілінің түсіндірме сөздігі аламан сөзінің, біріншіден, көне сөз екендігін, екіншіден, мағынасы «шабуыл мақсатымен жиналған топ» екендігін көрсетеді. (Түркмен дилиниң сөзлүги, 37).

Бұл сөз сонау ХІ ғасырдың өзінде түркі тілдерінде бар екен, мағынасын Махмұт Қашқари «тонау үшін жасалған шапқын» деп көрсетеді (ДС, 229). Қырғыз тілінде «аламан сөзінің бір мәні «бейберекет жасалған шабуыл» және бір мағынасы «соғыста түскен олжа (орысша трофей)» (Юдахан, 45). Мұны қазақ тіліндегі «ұрыс-соғыста түскен олжа» мағынасындағы (кейін жалпы «олжа, пайда, табыс») алапа сөзімен салыстыруға болады.

Қазақтың батырлар жырларында: Аламанға дем берген... Ноғайлының аламан, Махамбетте: Аламанға жел беріп... деп келеді. Бұндағы аламан – «көпшілік қауым». Бірақ, сірә жай көпшілік емес, атқа мінген (демек, шабуылшы болу мүмкіндігі бар) көпшілік болар. Қазіргі Атырау, Маңғыстау тұрғындары тілінде аламан – «сарбаз, шапқыншы қол» (Омарбеков, 99). Осыған қарағанда аламан сөзінің о бастағы мағынасы «шапқыншылар» болған болу керек, одан «сарбаздар, қол, әскер» мағынасына ауысуы оңай.

Және бір қызық жайт, аламан сөзі – жинақтау ұғымы бар сөз. Аламан жеке сарбаз, жеке шапқыншы емес, олардың жинақы атауы, сондықтан да өткен ғасырдағы сөздіктерде аламан «шапқыншылар тобы, тонаушы, талаушылар, тобыр» деп көрсетілген (Ильминский, 51).

Аламан сөзінің төркінін біраз зерттеушілер түркінің ал- (алу, алмақ) етістігінен шығарады: ал+а+ман. Бұл сөздің этимологиясы жайында арнайы пікір айтқан А. Махмұтов ал-ала тұлғалары чуваш тілінде «қол» дегенді білдіреді, ал қол сөзінің «әскерә ұғымы қоса бар, сондықтан аламан сөзі ал-ала қол, әскер/+ман (адам) деген екі түбірден құралған күрделі сөз деп топшылайды (Этимол. сөздік, 29).

Біздіңше, аламан, алаш, алақу (алаулау) сөздерінің төркіні ал етістігі де емес, «қол» мағынасындағы ал сөзі де емес, монғол, қалмақ тілдеріндегі: 1) «өлтіру, жанын алу, малды сою, 2) өлім әкелетін, өлтіретін» деген мағыналардағы ала/х* сөзі (Монгольс-русск. сл., 28). Тегі, бұл түркі тілдеріне монғол тілдерінен енген кірме сөз емес, түркі-монғол тілдеріне о бастан ортақ сөз болар. Түркі тілдерінде оның жеке тұрып «өлтіру» мағынасында қолданылуы жойылған да, туынды, тізбекті сөз түбірінде сақталған болу керек.

*х әрпі монғол тілінің тұйық етістікті көрсететін жұрнағы (қазақша -у жұрнағы (қазақша -у жұрнағына сай: алах – алау).

Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен.

Г. Берік