Өмірдегі оңай мен қиын

Өмірдегі оңай мен қиын
Фото: massaget.kz

Өмірде не қиын, не оңай екенін бір сәт ойланып көріңізші. Бірде бәрі оңай көрінеді, енді бірде бәрі қиын болып шығады. Бәлкім өмірдің өзі оңай мен қиынның арпалысынан тұрса керек-ті.

Ертеректе тұрмыс тіршіліктің мән жайы әңгіме болған топ жиында біреу отырып, «дүниеде не оңай, не қиын» - деп ортаға сауал тастапты. Біреулер анау оңай десе, біреулер мынау қиын деп жұрт бір шешімге келе алмапты. Сонда көп жасап, көпті көрген қария тұрып:

- О, халайық! Бұл дүниеде не көп? Оңай да, қиын да көп. Соның ішінде біреуге ақыл айтқан – оңай, ал сол ақылшының өзі айтқанын өзі орындаудан асқан қиын жоқ, - деген екен.

Олай болса орайы келіп тұрғанда оңай мен қиынның он бес түрін айта кетейік. Десе де өмірдің оңайы мен қиыны осылармен ғана шектелмейтіні рас. Сондықтан сіз де бұл қатарды толықтыра отырыңыз.

1. Өзгенің қателігін жазғырған — оңай, өз қателігіңді мойындау — қиын. 
2. Өзгені сынаған — оңай, өзіңді жақсарту — қиын. 
3. Өзгені ренжіткен — оңай, кешірім сұрау — қиын. 
4. Ойланбай сөйлеген — оңай, тіліңді тартып қалу — қиын. 
5. Әр түні армандаған — оңай, сол арманды жүзеге асыру — қиын. 
6. Жеңісті көрсеткен — оңай, жеңілгеніңді абыроймен көтеру — қиын. 
7. Сүрініп құлаған — оңай, тұру — қиын. 
8. Өмір сүрген — оңай, шынайы мәнін білу — қиын. 
9. Қателескен — оңай, қателескеніңді білу — қиын. 
10. «Жақсырақ болам» деп ойлаған — оңай, оны іске асыру — қиын. 
11. Өзгелерді жамандаған — оңай, оларды ақтап алу — қиын. 
12. Үйлену — оңай, үй болу — қиын.
13. Билік айту – оңай, біліп айту – қиын.
14. Әлемді өзгерту - оңай, әлемді өзгерттім деп елді мойындату – қиын
15. Ұнату – оңай, ғашық болу – қиын.

О. Сансызбай