Өтірік пен шынның арасы немен айырылады?

Өтірік пен шынның арасы немен айырылады?
Фото: slawyan.kazakcnr.com

Бір күндері Әз Жәнібек хан қырық уәзірін жиып алып: «Маған өтірік пен шынның арасы немен айырылады, соны тауып беріп қалағандарыңды алыңдар. Таба алмасаңдар, бастарыңды аламын, ойлануға қырық күн мүмкіндік бердім»,— депті. Уәзірлері қырық күндей ойлап, таба алмапты, қырқыншы күн болғанда хан уәзірлеріне «Өтірік пен шынның арасын немен айыра алатынын таптыңдар ма?» — дейді. «Жоқ, тақсыр, таба алмадық»,— десіпті уәзірлері. Хан «бастарыңды алармын» деп қаһар қылғанда әңгіме естимін деп жай келіп отырған Жиренше шешен уәзірлерге: «Анау күні хан хандығымен бас-басыңа бір күннен қырқыңа қырық күн міллет берді ғой, енді өздерің тіленіп ер басына бір-бір күннен міллет алсаңдаршы! Соған шейін бірің болмаса, бірің табарсыңдар!» — депті. Хан «жарайды, бұл баланың сөзі дұрыс көрінеді. Менің мақсатым сендерді өлтіру емес, сынау. Ақылды болсаңдар әрқайсысыңнан бір-бір ақыл алғанымда менде қырық кісінің ақылы болар еді; сендерде ақылдан шайнам жоқ. Қырық кісіде жоқ ақыл бір кісіден қайдан табыла қойсын! Ер басына қырық күннен міллет бердім»,— деп тағы да ойландырып жібереді.

Ханның алдынан шыққан соң он екі жасар бала Жиренше «бұл сөзді біреу болмаса біреу білер, соны іздеп табамын» деп ел кезеді. Қорғаны бар шаһарға жетеді. Қақпаның аузында сүліктей қара көк ат мінген, үстіне сауыт киіп, садақ асынып, найзасын жарға шаншып біреу тұр екен. Оған сол қақпадан кірген-шыққан адамның бәрі де сәлем берісіп өтеді. Жиренше оған сәлем бермей, мойнын бұрмай, керек қылмай өте шығады. Сонда найзасын жерге тіреп, ат үстінде шіреніп тұрған әлгі жігіт: «Әй бала, сенен басқа осы қақпадан кірген-шыққан жан сәлем бермей өтпеуші еді, сен неге мойныңды бұрмай барасың?» — дейді. «Біріміз атты, біріміз жаяу, сәлеміміз келісе ме?» — дейді бала. «Бұл шаһардың жөнін бұрын көріп пе едің? Көріп-білмеген жан сияқты екенсің! Кел, артыма мінгес те біздікіне қонақ бол!» — дейді жігіт. «Ер тоқымды аттың алдын бізге, артын сендерге бұрыннан бұйрық қылған және «Ат иесі алдына мінеді» деген сөз бар, жұртыңды жүр де көрсет, жаяу-ақ барайын»,— дейді бала. Ол атты, бұл жаяу, үйіне ертіп кеп мейманханасына кіргізеді. Асын жеп болған соң мырза келіп: «Ә, қонағым, әңгіме айт!» — дейді. Бала: «Біріміз жарты, біріміз бүтін, әңгімеміз келісе ме?» — дейді. Бұл сөзге шыдап отыра алмай үй иесі ұялып шығып кетеді. Сүйтсе әлгі жігіт қыз екен. Еркек киімін киіп, дарбазаның алдында тұрып, келген-кеткенді сынауға, сынынан өткен жанға тиюге атасынан рұқсат алыпты. Олай өткен, былай өткен жолаушының бәрі де мұның әйел екенін білмей, сәлем берумен болыпты. Тек Жиренше көрген жерден атқа отырысынан әйел екенін біле қойып «біріміз атты, біріміз жаяу» дегені «біріміз еркек, біріміз әйел, қалай сәлем берісеміз» дегені екен. Өзінің әйел екенін әбден танығанын біліп «біріміз бүтін, біріміз жарты» деген сөзді естігенде қыздың ұялып тұра жөнелгені сол екен. «Өзімнен білімі асқан бір адам кез келді, мені осыған берсін» деп қыз әкесіне сөз салдырады. Оны атасы қош көріп, қабыл алады. Жорға бие сойып жоғарғы елді шақырып, төбел бие сойып төменгі елді шақырып, үлкен тамаша қылып, қызын Жиреншеге қосады.

Екеуі қосылғансын Жиренше шешен «мен қайтамын» дейді. Қалыңдығы: «Сіз қайда қайтасыз, әкемнің менен басқа ұлы да жоқ, қызы да жоқ. Әкем өлгеннен кейін осы дәулет кімдікі болады? Есіктен табылса, төрге озба деген бар емес пе?» — дейді. Оған Жиренше былай дейді: «Әз Жәнібек деген ханымыз қырық уәзіріне: «Өтірік пен шынның арасын айырыңдар»,— деп қысым қылып еді. Соны таба алмай уақытша міллет алып еді. Мен соны білушілер болар ма деп іздеп шыққан едім,— дейді.

«Өтірік пен шынның арасы бір-ақ тұтам жер. Оның мәнісі: көзбен көрген шын, құлақпен естіген өтірік. Құлақ пен көздің арасы бір-ақ тұтам ғой. Көзбен көрген анық, құлақпен естіген танық емес пе?» — дейді қыз.

Жиренше: — «Бәрекелді, іздегенім табылды; енді мұны мен барып, Әз Жәнібек ханға естірмесем, қырық уәзірін жоқ жерде өлтіріп, қырып тастар»,— деп жүруге ыңғайланады. Оны білген соң қыз атасына кісі салдырып: «Жат жұртқа жаралған мен әйел, мына күйеу ер, ел жұртына қайтамын деп жатыр. Бізді ұзатсын!» — депті. Атасы қызының айтқанын қабыл көреді ұзатады.

Сөйтіп екі кісі паналарлық үйі жоқ Жиренше бір ауыз сөздің түп-төркінін білемін деп ізденіп жүріп, қалыңсыз ханның қызын алады. Хан қызының ақылымен, әз Жәнібек ханның бас уәзірі болды дейді.

Н. Айдархан