Ойыннан от шығар

Ойыннан от шығар
Фото: www.ianpotter.org.au

"Әзілің жарасса, атаңмен ойна" демекші, әзіл-қалжың жүрген жерде күлкі де жүреді. Әзіл айта білу де өнер. Алайда күлкінің салмағы да, әзілі де өте ауыр. Қазақта белгілі төрт қалжың бар. Ол нағашы мен жиеннің, құрдастардың, жезде мен балдыздың, жеңге мен қайын інінің қалжыңдары. Ал сөзге шешен халқымыз әзіл-қалжыңға жүйрік. «Дұшпанның табасынан, достың күлкісінен сақта» дегендей күлдіру мен күлкіге қалудың өзі бар да, одан сақтанудың өзі бар. Сонымен қатар халқымыздың ойын, әзіл-қалжыңға байланысты айтылған мақал-мәтелдері де жетерлік. Назарларыңызға соның бір қатарын ұсынамыз. 

Ой түбі – алтын, ойын түбі – от.

***

Орынсыз ойын – сындырар мойын.

***

Ойнаса да, ойындағысын айтады.

***

Оспадардың ойыны бұзық.

***

Итпен ойнасаң – үрерсің,

Баламен ойнасаң – күлерсің.

***

Жаманның ойыны да жаман.

***

Алыспақ бар, атыспақ жоқ.

***

Ақылсызды жіберсең, ойын бұзар,

Арамзаны жіберсең, жиын бұзар.

***

Асық ойнаған азар,

Доп ойнаған тозар.

Брінен де қой бағып,

Құйрық жеген озар.

***

Ойнамасаң ойын бақ,

Қойшыбайдың қойын бақ.

***

Күңге күле қарасаң,

Көйлегіне жамау сұрайды.

***

Аударыспақ ойнаса,

Аздың арты қылпылдар.

Бөрік алыспақ ойнасаң,

Таздың арты қылпылдар.

***

Дырдушыл жастық – қайырсыз қарттық.

***

Отпен ойнама – өртенерсің,

Доспен ойнама – өкпелетерсің.

***

Ережесіз ойын жоқ.

***

Аз ойна, көп ойла.

***

Ойынға ойсыз құмар.

***

Әзіл түбі – зіл.

***

Жақсы құрбы келгенде,

Көңілде кір қалар ма?

Жақсы әзілсіз

Сөз шырағы жанар ма?

***

Әзілде кек жоқ,

Күлкіде шек жоқ.

***

Әділ биде әзіл жоқ.

***

Біреу көріп күледі,

Біреу еріп күледі.

***

Түймең түссе, түйедей әзіл айтады.

***

Біреуді мазақтағаның – өзіңді азаптағаның.

***

Қалжынды түсінбегеннің қасында жүрме.

***

Аузында әзілі жоқтың,

Қолында шоқпары болар.

***

Орынды мысқыл оқтан да өткір.

***

Мысқылдың түбі – мүшкіл.

***

Бас жаққа барыспаған жөн.

***

Әзілдің алысқа бармағаны абзал.

***

Қаталдық қартайтады,

Күлкі көркейтеді.

***

Ауырды нар көтереді,

Әзілді жар көтереді.

***

Әзіл сөз әзіл емес, құрған тұзақ,

Тұзаққа түскен соң кетпейді ұзап.

***

Н. Үсенова