Ахмет Байтұрсынұлының тіл туралы тағылымды ойлары

Ахмет Байтұрсынұлының тіл туралы тағылымды ойлары
Фото: massaget.kz

ХХ ғасырдағы қазақ рухани мәдениетіндегі көшбасшыларының бірі болған Ахмет Байтұрсынұлы - өмірі аңызға, шығармашылығы үлкен маңызға ие болған көрнекті тұлға. Ол өзінің құдай берген талантын туған халқына деген сүйіспендікпен суғарып, толассыз еңбекпен шыңдаған қайсар да қаһарман ғалым. Ол – қараңғылық тұңғиығынан жарық жұлдыздай жарқырап шығып, айналасына нұр, шуақ себумен өткен ағартушы. Жастайынан тағдыр талқысын көріп өскен Ахметті өсірген де, ғылым мен мәдениеттегі көсегесін көгерткен де халық үшін еткен еңбегі, елі үшін еңсере жасаған қызметі. Ұлт маңдайына біткен тұлғаның туған тіліне деген құрметі жоғары болды. Оны бәрінен биік қойды. Назарларыңызға Ахмет Байтұрсынұлының тіл туралы тағылымдарын ұсынамыз. 

***

Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады.

***

Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек.

***

Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз.

***

Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі.

***

Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек.

***

Халық өмірі бір жылдап, он жылдап, хәттә жүз жылдап та емес, мың жылдап саналады. Сондай ұзақ өмірінің ішінде һәр халықтың дағдылы тұтынып келе жатқан сөздері, ол сөздерінің біріне-бірі жалғасып түзілетін дағдылы жолы, жүйесі, қисыны болады. Һәр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде һәм сондай басқалық болады.

***

Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, онан соң басқаша оқытуы тиіс.

***

Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдaғанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түйін түйгенінше айтуға жарау.

***

Сырттан бірен-саран жат сөздер келсе, оны жаншып кеміріп, өз тілінің қалпына түсіріп алған – қазақ. Жат жұрттың шалығы тимесе, кәсіби, ғұрпы өзгерілмесе, жалғыз тіл өзгерілді деп айтуға тіпті жол жоқ. Қазақтың тілі өзгерген тіл деп айтуға жол жоқ болса, емлесін де қисық деп айтуға жол жоқ: қазақта тілінің табиғатына хилаф келетін емле жоқ. Еділден бастап Ертіске дейін, Оралдан бастап Ауғанға шейін қазақта тіл де бір, емле де бір.

***

XX ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті.

***

Әліп-би деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліп-би жақсы болмақшы.

***

Қазақ әлдеқашан тілінде қандай дыбыстар бар екенін айырған, әр дыбысқа белгілеп таңба арнаған. Оқуымызға онымыз жақсы, жазуымызға тағы жақсы, үйрету жағынан орыстікінен, немістікінен, француздікінен, ағылшындікінен оңай, оңтайлы.

***

Тіл білімі ереже жаттату түрде үйретілмей, сөздің тұлға, мағына, қисын жағын тану түрде үйрету керек. Сөздің тұлға, мағына жағын тануға керегі жоқ нәрселер тіл білімінің сабағына кірмеске тиіс.

***

Жақсы әліпби тілге шақ болу керек. Өлшенбей тігілген о жер бұ жер бойға жуыспай, қолбырап, солбырап, тұрған кең киім сияқты артық әріптері көп әліпби де қолайсыз; Бойыңды қысып, тәніңді құрыстырып тырыстырып тұрған тар киім сияқты әрпі кем әліпби қолайсыз болады.

***

Көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз зейін тілі.

***

Мақал – тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылатын сөз.

***

Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы болуы керек.

***

Бір халықтың өз тілінде білім өнері болмаса, ол халықтың тілі бұзылып өзгерді һәм көршілес күшті халықтың тілімен әсірелеп…соған қол болады, оның ішінде жаңалықтар көбейеді. Ол кішкене ұлттарды жаңартып, жандандырылмаған ескі тілі өзінің барлық маңызын жояды һәм жылдам ұмытылады.

О. Сансызбай