Сөздер сөйлейді. "Ордалы жылан"

Сөздер сөйлейді. "Ордалы жылан"
Фото: fullpicture.ru

ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз көптеген сөз бар. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған атаулар да жоқ емес. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.

Ордалы жылан. Әдетте орда сөзін жеке алғанда ханның, батырдың т.б. ордасы, орталық мекенжайы деп түсінеміз, ал тарихи шығармаларда Алтын орда, Ақ орда сияқты хандықтардың атауын білдіретін сөз деп білеміз. Бұл күнде орда сөзі белгілі бір мемлекет басшысының қызмет бабындағы орталық мекенжайы деген мағынада қалыптаса бастады: Ресей президентінің ақ ордасы, Қазақстан Президентінің ақ ордасы.

Ал ордалы жылан, ордалы құлан дегендердегі орда сөзінің мағынасы бұдан басқаша. Көне түркі тілдерінде орду сөзінің бір мағынасы «жылан, тышқан сияқтылардың індері мен басқа да жан-жануарлардың тұрақтары» деген болған. Сонда ордалы жылан – белгілі бір жерде індері көп, шоғырланған жыландар, көп жылан, ордалы құлан – белгілі бір аймақты жайлаған құландар үйірі дегенді білдіреді екен.

Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен. 

Е. Жұмабайұлы