Көзі соқырдан көңілі соқыр жаман

Көзі соқырдан көңілі соқыр жаман
Фото: thenews.kz

Әлихан Бөкейханов - қазақ халқының ірі тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының жетекшісі, публицист, аудармашы, ғалым. Бүгін біз қара бастың емес, бар Алаштың қамын ойлаған Әлиханның халық, жұрт, билік туралы айтқан бір топ қанатты сөзін назарларыңызға ұсынамыз.

1. Айыр сөзде айып жоқ. 

2. Жұрт әділ болмай жұрт ісі оңға баспайды.

3. Бостандыққа апарар жалғыз жол ұлттық ынтымақ қана.

4. Болғаннан - қашпа, болмағаннан - саспа.

5. Талас тартыс жоқ болса өмір абақтыға айналар еді.

6. Жұрт ісін түс көрмей, ояу жүріп іздеу мақсат.

7. Ақылды сөз қылмақ қиын, ақылды сөзді ақылды іс қылмақ одан да қиын.

8. Мақаланы қалам өзі тілегенде жазса - сөз кестелі болады.

9. Мәдениет әмірі - құдірет әмірі.

10. Мал тұяғы - қазына.

11. Би - түзу, билік - әділ болсын.

12. Өз күшіне сенбеген адам да, халық та ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды.

13. Өзің түйеден өткен жетекшіл болсаң - саған ақыл не керек?!

14. Адам қызметіне кіріспей қазына тумайды.

15. Атқыштың асығы түгел.

16. Бұл ғұмыр тойына шақырылған көптің бәрі бірдей өз өнеріне тиісті орын ала бермейді.

17. Заң - адам пайдасына жазылады, адам - заң үшін тумайды ғой.

18. Кедей - тамақ асыраймын деп, ақылсыз жас - атымды шығарамын деп, надан ақсақал - кек аламын деп ұрлық жасайды.

19. Біреуге телмірген халықтан яки халықтан - қосақ түрткен жетім лақ бақытты.

20. Халық ісін орнына салуға көп ақыл, көп қызмет, көп жылғы шебер істеген әдіс керек.

21. Тіршіліктегі жүйріктік - ақылда, ұсталық пен жанкештілікте.

22. Әкім халықтың көбіне сүйенсе күшті болады.

23. Жалпақ жұрттың көкірегінде жақсылық болмаса - жұрт жұрт болып тіршілік құра алмақ емес.

24. Ұлтына, жұртына қызмет ету - білімнен емес, мінезден.

25. Көзі соқырдан көңілі соқыр жаман.

26. Әділдік жоқ жұртта береке-бірлік болмайды.

27. Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын да алып жүре алмайды.

28. Байлықты өнермен, шаруамен, қызметпен іздер болар. 

29. Болыс болуға лайықты кісі - халық пайдасын білетін, жөн мен жол көрген, жұрт сөзін тыңдай да, құрметтей де алатын ісі.

30. Мансапқұмар ел - кемелдікке жетпеген ел.

31. Адам баласы - нәпсінің құлы: маңдайы тасқа тимей тоқтамайды.

32. Еуропа мәдениеттімін-мәдениеттімін деп мақтанғанымен, мәдениет өнерінде ғана, ал мінезі әлі хайуандық сапарынан қайтқан жоқ. 

Ж. Исакаев