Сөздер сөйлейді. Құты қашу. Құттықтау

Сөздер сөйлейді. Құты қашу. Құттықтау
Фото: fonwall.ru

ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз біраз сөз кездеседі. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған атаулар бар. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.

Құты қашу. Құт қону. Құтты болсын. Құттықтау. Бұл тіркестер қазіргі тіліміз үшін жиі қолданылатын, мағыналары айқын, кәнігі сөздер. Бізді бұл жерде қызықтыратын – құт түбір сөзінің жеке тұрғандағы бұрынғы және қазіргі мағыналары. Түсіндірме сөздік құт сөзіне «береке, байлық, мол қазына» деген түсініктеме береді, құты қашты тіркесін «берекесі кетті, ұсқыны қашты» деп түсіндіреді.

Құт(ы) сөзі қазақ тілінде құтын алу, құты түсу деген тіркестер құрамында да келеді. Соңғы тіркестердегі құт сөзінің мағынасы басқашарақ: құтын алу «қатты тқорқыту, шошыту», құты түсу – «көңілі түсу, көңілі келу». Құт сөзінің көне түркі тілдеріндегі мағынасын іздестірсек, екі түрлі болғанын көреміз: бірі – «адам жаны, рухы, өмірлік күші», екіншісі – «бақыт, игілік; табыс, сәттілік».

Біздің байқауымызша, қазақ тіліндегі жоғарыда көрсетілген тіркестер осы екі мағынаның негізінде пайда болған: құты қашу, құтын алу дегендердегі құт(ы) «адамның ішкі жан күші, рухы» деген мағынаға байланысты, яғни біреудің құтын ұшыру, құтын алу – оның ішкі жан күшін әлсірету, яғни «қорқыту, шошыту» дегенді білдіреді. Ал құт қону, құтты болсын айту, құттықтау дегендердегі құт-тың негізі – «бақыт» мағынасы; құт қону – бақытты болу, құтты мекен, құтты орын, құтты қонақ дегендер құт-бақыт қонған мекен, орын, бақыт әкелген қонақ деген мәнде екені айқын. Құттықтау сөзінің де түп мағынасы – «бақыт, сәттілік», «табыс тілеу». Өзге кейбір түркі тілдерінде құттықтау сөзі құтлау («құт-бақытқа сый көрсету, яғни оның пайда болуын тілеу») тұлғасындла келеді. Қазақ тілінде есімнен етістік тудырушы –ла жұрнағы құт сөзіне тікелей жалғанбай, оның құтлығ/құтлық деген сын есім қалпына жалғанып жасалған: құттықта (құт + лық + та) – «бақытты болуды қалау, тілеу». Ал түсіндірме сөздіктің құт сөзіне берген анықтамасындағы «береке, байлық» мағыналары түп негізіндегі «бақыт» мағынасынан ауысқан: береке мен байлық – бақытты құрайтын, бақыттылықты білдіретін нәтижелер.

Сөйтіп, бұл күнде құт/құты сөзінің ертедегі тура мағынасы көмескіленіп, одан туған ауыспалы мағынада қолданылатын тіркес компаненті және туынды сөздің неігізі ретінде ғана сақталған.

Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен.

Е. Жұмабайұлы