Сөздер сөйлейді. "Жаушы"

Сөздер сөйлейді. "Жаушы"
Фото: a.wattpad.com

ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз біраз сөз кездеседі. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған атаулар бар. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.

Жаушы деп ертеректе құда түсетін адамды атаған:

Қыз Назымға жаушы қып,
Жиырма жігіт жіберді...
Қызға жаушы көп екен,
Тағдырға жазған алады.

Бұл сөз жуучу түрінде қырғыз тілінде де осы мағынада жұмсалады. Қазақ, қырғыз тілдерінде жаушы жіберу/жуучу жиберу, жаушы боп бару/жуучу түшу деген тіркестер бар, мағыналары – «құда түсуге жіберу, құдалыққа бару».

Жаушы тұлғасы «сөз» деген мағынадағы саб/сау сөздерімен түбірлес деп ойлаймыз. Соңғы сөздер қазақ тілінде сөз саптау, сауын айту тіркестерінде де сақталған: сөз саптау-сөз сөздеу-сөйлеу. Оғыз тілдерінде және ескі өзбек тілінде саашчы сөзі «елші, туыстар мен құдалар арасында хат тасушы адам» мағынасында жұмсалған. Саучы-ның түбірі сау «сөз», оған –чы жалғанып, «сөз айтушы» ұғымын беріп тұр, ал елші – сөз айтушы адам, хат тасу да – сөз жеткізу.

Қазақтың жаушысы мен қырғыздың жуучы сөздерін саучы тұлғасының бір варианты деп танимыз. Жаушы да сөз жеткізуші, бірақ адамдар арасында олардың бір-біріне жай ғана сөз жеткізуші емес, құдалық сөзді жеткізуші адам. Демек, бұл жерде сөз мағынасы тарылып, сараланған.

Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен алынған

Ұқсас жазбалар:

Сөздер сөйлейді. «Майдан»

Сөздер сөйлейді. «Даңға шығу»

Е. Жұмабайұлы