Асан қайғының айтқандары

Асан қайғының айтқандары

Белгілі ақын, жырау, философ, әрі мемлекет қайраткері, халық арасында Асан қайғы атанған Хасан Сабитұлының түрлі тақырыптардағы нақыл сөздерін назарларыңызға ұсынамыз.

* Арғымаққа міндім деп артқы топтан адаспа.

* Ердің құны сөз емес есебін тапқан сабазға,
Мойнын бұрып сөз айтпас, көңілі қалған аразға.

Мінезі жаман адамға енді қайтып жуыспа,
Тәуір көрер адаммен жалған намыс қуыспа.

* Еділ бол да, Жайық бол ешкімменен ұрыспа,
Жолдасыңа жау тисе жаныңды аяп тұрыспа.

Бұ заманда не ғаріп – ақ қалалы боз ғаріп,
Жақсыларға айтпаған асыл шырын сөз ғаріп.

Әділдіктің белгісі – біле тұра бұрмаса,
Ақылдының белгісі – өткен істі қумаса.

* Есеніңде-тіріңде бір болыңыз бәріңіз.

* Ғылымның қандай пайдасы білместі жолға салмаса.

* Ақың болса біреуде – айыбын тап та ала бер, ерегісіп ұрыспа: сенікі жөн болса да, атың шықпас дұрысқа.

Көлде жүрген қоңыр қаз қыр қадірін не білсін,
Қырда жүрген дуадақ су қадірін не білсін,
Санасы жоқ жамаңдар ел қадірін не білсін.

Арғымағың жамандап – тұлпар қайдан табарсың,
Тұйғыныңды жамандап – сұңқар қайдан табарсың.

Бақыт қонған ерлердің әрбір ісі оң болар,
Дәулеті күнге артылып, не қылса да мол болар.

* Надандықтың белгісі – тілін алмау білгеннің.

Ойыл деген – ойың-ды,
Отын тапсаң – тойың-ды.

Көшіп-қонып көрмеген –
Жер қадірін не білсін.
Ақылына көнбеген –
Жұрт қадірін не білсін.

«Атадан алтау тудым», – деп асқынып жауап айтпаңыз,
«Атамның малы көп-ті» – деп атты басқа тартпаңыз.

* Ашу – дұшпан: есептесіп қуыспа, түсіп кетсең қайтесің, түбі терең қуысқа.

Көлдің суын жамандап – Еділ қайдан табарсың,
Әкіміңді жамандап – әділ қайдан табарсың,
Жасығыңды жамандап – асыл қайдан табарсың.

Ш. Талап