Қазақ байларындағы қисабы жоқ жылқының саны қанша?

Тарихи эпостардан, батырлар жырынан жылқысында есебі жоқ байлар жайлы оқыған болармыз. "Сонда қисабы жоқ жылқының саны қанша?" деген ой келеді. Ендеше тарихта қалған байлардың байлығы жайлы дерек іздеп, қанша бас жылқы ұстағанын анықтап көрейік.

Қазақ қоғамында байлардың рөлі ерекше болған. Байдың мәртебесі елді татуластырған бимен, жаудан қорғаған батырмен бірдей. Өйткені әр рудың батыры жерін қорғаса, оның байы елді асырайды. Сондықтан даңқты байлар жайлы дерек тарихта баршылық.

Мәселен, "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырында 90 мың жылқысы бар Қарабай туралы айтылады.

Қарабайдың тоқсан мың жылқысы бар,

Сексен үш жасқа келген сол күнінде.

Көне түркі заманында көшпенділер Алтайдан Дунайға дейінгі кең даланы мекендеп, он мыңдаған жылқы ұстаған.

Құлтума Өтемісұлы өзінің руы жайлы былай дейді:

Сұрасаң руымды Қуандық-ты,

Басқа елге көрсетіпті жунадықты.

Аққошқар, Сайдалының заманында,

Бір көлден қырық мың жылқы суарыпты.

Бұл жерде бір рулы елде 40 мың жылқының болғаны айтылады.

Бірақ қазақ даласында ХІХ ғасырға таяу жылқы саны азая бастаған. Мұны А.Гейнстің "Шынында бұрын мың қойы, жүз жылқысы бар қазақты кедей санайтын, бұрындағы қойы мен жылқысының көлеміне сан жетпейтін адамдар қазір аз қалды" деген сөзі дәлел болады. Ал ХVIII ғасырда қазақ байлары Сарыарқа мен Орал жазығына сыймай, Астрахан, Орынбор мен Ор, Новосібір мен Қорғанға дейінгі аймаққа мал жайып, патша әкімшілігінен жерді жалға алатын болған.

Н.Рычков орта жүзде 20 мың жылқысы бар алпауыттар барын баяндаған. Ал И.Георги "Орта жүзде жылқы табыны 10 мыңнан асатын адамдар бар" деп жазады. И.Фальк "Бай қазақтардың қолында бес және он мыңнан жылқылары бар. Мұндай байлар тіпті өзінің жылқыларының дәл санын білмейді де" дейді.

Ал француз ғалымы Гуттен-Чапский "Қазақтардың жылқы табындары ғаламат үлкен, бай иеліктерінде 8000-10000 басқа дейін болады, кедейлерінің өзінде 20-дан кем болмайды" деп жазады.

Жылқылы байлар жайлы дәлме-дәл дерек көрсеткен бірден-бір зерттеуші - Шоқан Уәлиханов. Себебі Шоқан бұл байлармен замандас, әкесі Шыңғыс сұлтан істес, аралас-құралас болған. Шоқанның жазуынша, арғын ішіндегі қуандық Сапақ байда 18 мың, қаржас Азнабайда 25 мың жылқы болған.

Орыс зерттеушісі С.Броневский: "Сапақтың 10 мың жылқысының үстінде толып жатқан түйелері мен басқа малдары бар, 100-дей малшысы бағады, бай көшкенде 150 түйеге жүк артады. Сапақтың жылқылары шоқтығы биік, тұрпаты ұзын, бәдені сұлу. Ол өзі ақыл-парасатты, барымтаға ешқашан қатыспайды, сондықтан тыныш өмір сүреді" деп жазады.

Қуандық Алда мен Жұман атты байларда бір деректерде 23 мың жылқы болғаны айтылады. Жанақ ақын Түбекпен айтысқанда:

Алтай-Қарпық байым бар Алда-Жұман

Тап өзінің жылқысы жиырма үш мың, - дейді.

Нүркен бай өз заманының алдыңғы қатарлы адамы болған, ХІХ ғасырдың бірінші жартысында-ақ қажылыққа барған. Қазақстар ортағасырларда Дешті Қыпшақ даласынан Құланды даласына жылқыларын айдап апарып қыстатып, құлындап келетін дәстүріне сәйкес, Батыс Сібір губернаторлығынан 11 мың десятина жерді жалға алып, жылқысын аман-есен қыстатып, құлындатып әкеледі екен.

"Бай бір жұттық, батыр бір оқтық" демекші, байлығынан бір түнде айырылған байлар да болған.

Мәселен, Жайық-Атырау аймағында ХVIII ғасырда өмір кешкен, 25 мың жылқы біткен тана руының Есенгелді атты байының жылқысы бір қыста қырылып, жылу жинап кеткен екен. Ал Қараөткел алқабын мекендеген қыпшақ Үшкілбай байдың мешін жылында мыңдаған жылқысы қырылып, тігерге тұяғы қалмапты.

Енді осыншама көп жылқының иелері қалай санаған деген сұрақ туады. Қазақта жылқының бір-бірлеп шұбатып санау мүлдем болмаған. Мұны жаман ырымға балаған. Сондықтан жылқыны түрлеп-түстеп, үйірлеп, табындап түгендеген. Екі мың жылқы біткен Базарбай жылқысын Ойқырдың шұңқырына салып санаған екен. Өзі жылқыны бір аралағанда несі бар, несі жоғын, жылқышылар қай жылқыны сойып жегенін біледі екен.

Бірақ мал басын санамай 5-10 мың жылқысы үйірімен бірге жоғалып кетсе де, тәубе деп еш қынжылмастан отыра беретін байлар болған. Мұндай байларды халық жоғары құрметтеген.