Қазақтың амандасу салты

Қазақтың амандасу салты
Фото: inform.kz

Қазақ халқы сәлемдесу мәдениетіне аса мән берген. "Сәлем – сөздің анасы", "Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше", "Сәлемге сөз таба білмеген халыққа жол таба білмейді" деген мақал-мәтелдер сөз басы сәлемдесу екенін ұқтырады.

Қазақ халқында, әдетте, сәлемдесу жоралғысы – кішіден үлкенге қарай, ал жауап сәлем үлкеннен кішіге қарай жүреді. Бетпе-бет келіп қалғанда бір-бірінің үлкен кішілігін ажырата алмаған кезде жолы кішісі жолы үлкенге алдымен сәлем береді. Үлкенге кіші, әйелге ер адам, аттыға жаяуы, отырғанға тұрғаны, алыстан келгенге ауыл адамы, жатқан адамға тұрған адам, ауру адамға сау адам, көп адамға аз адам бұрын амандық білдіреді. Егер сәлем бермей өтсе, "көргенсіз", "сәлем беруге жарамаған" деп сөгетін болған.

Сәлем бергенде сөзбен бірге қимыл қатар жүреді. Мәселен, қазақ дәстүрінде қолмен амандасу, қос қолдап амандасу, төсіне қолын қойып амандасу, тізесін бүгіп амандасу, иек қағып (көтеріп) амандасу, төс қағыстырып амандасу, бас изеп амандасу, маңдайдан, қолдан, беттен сүйіп амандасу, қол көтеріп амандасу тәрізді амалдары бар.

Диалог барысында аталмыш тілдік емес амалдардың барлығы жүзеге асады әрі тілдік бірліктермен қатар қолданылады. Мәселен:

– Игілік!.. Сәлем!.. – деп қалып еді, енді шанадан аюдай бұлқына түсіп келіп, қолдасып амандасты.

– Амандық па? Бәйбіше дені сау ма? (Ғ. Мүсірепов. "Оянған өлке").

Аталмыш диалогта сөйлесу әрекетін бастаушы коммуниканттың тілдік бірлікті жұмсай отырып, бейвербалды амалды да қатар қолданғанын байқаймыз. Сонымен қатар келесі мысалда паралингвистикалық амалдың коммуниканттың сөйлесім әрекетіне ерекше ықылас танытуына да байланысты екенін аңғарамыз:

Сол уақытта Абай үлкен ықылас білдіріп, айрықша бір тағзыммен төсін басып, қатты дауыстап:

- Ассаламалейкүм!.. – деп сәлем берді.

...Өзге қазақтан бөлек, мына сияқты, бір алуан сыпайылыққа Бөжей оң назарын салды білем... Атының басын тежей беріп:

- Уағайкүммәссәләм, балам!.. – деп тоқырай қалды. (М.Әуезов. "Абай жолы")

Мысалы:

Даусы үнді келген үлкен көз, кең маңдайлы жігіт әуелі оязға:

– Здрасти, Ваше благородие! – деп орысша үн қатты. Сол сәтте көзін жалт еткізіп

Абайға бұрылып:

– Әссәлаумұғалейкум, Абай аға! – деп оң қолын төсіне қойып, мұсылманша тағзым білдірді (М. Әуезов. "Абай жолы").

Бұл жерде жазушы алғашқы коммуниканттың сөйлесуге аса ықылас танытқанын, соның әсерінен ықыласты сәлем беру амалын жүзеге асырғанын әрі қарсылас коммуниканттың бұл ықыласты сәлемге ерекше назарын салғанын суреттейді. Бұдан біз сөйлесім әрекетінің сәтті шығуы үшін сәлемдесу амалының мақсатты шығуына қамтамасыз ету керектігін тұжырымдаймыз.

Әдетте, қазақ амандасу диалогы бір-екі ауыздық сәлем салумен аяқталмай, біршама көлемді әрі біртұтас диалогтық құрылымға ие болып келеді. Яғни, қарым-қатынас орнатудың бастапқы тілдік әрекеті диалогтық тұтастық күйінде беріледі.

Ғ.Мүсіреповтың "Оянған өлке" романында қазақ салтына тән ұзын-сонар амандық-саулық сұраудың жөн-жоралғысын кең суреттеп жазған. Этнографиялық жазушы 1,5 бет бойы қазақтың амандасу жоралғысын сипаттап берген. Жазушы халқымыздың амандасу барысында саулық (денсаулық), есендік сұрау барысында ауыл-аймақтың, туыс-туғандардың, ру-елдің амандығын сұрай отырып, ел-мекеннің табиғаты мен мал-жанының әл-ауқатын, жөн-жағдайын, қалың елдің қал-тұрмысын сұрайтындығын айтады. Жазушы мұны былай жеткізеді: "Дүние жүзінде қазақтан ұзақ амандасатын ел кемде-кем болар... Мал-жан, ауру-сырқау, ит-құсқа дейін қалдырмай сұрасады. Келген жерінің қандай қабақпен отырғанын да осы амандасу үстінде болжасып алады. Келген жұмысының жайын аңғарту үшін де жапсарлас бір амандық сұрау керек... Қожекең осыны ескеріп: Тыныштық па, әйтеуір?... - деді..."

Мұндай ұзын-сонар жөн сұрасудың ретін келесідей мысалмен көрсетуге болады:

– Ассалаумағалейкүм!

– Уағалейкүмассалам!

– Салаумалайкүм... салаумалайкүм!

– Әлік салам... Салаумалайкүм, әлік салам...

– Е, Жұмеке, мал-жан, бала-шағаңыз түгел аман ба?

– Шүкір аллаға, аман... өз үй-ішіңіз де есен бе түгел?

– Ауыл-аймақ, ел жұрт тегіс есендікте ме?

– Тегіс есен, Қожеке... Өзіңіздің жүрген жерлеріңіз де аманшылықта ма екен?...

– Шүкір, Жұмеке, шүкір... Көлей бәйбішенің дені-қарны сау ма?

– Сау... Өзіңіздің де бәйбішеңіз күйлі ме?...

– Күйлі-күйлі, Жұмеке... Келін-кепшік, бала-шағалар есен ғой?

– Есен, Қожеке...

– Ауру-сырқау, өлім-жітімнен түгел есенсіздер ме?...

Қожаның көңілі үшін аллалап отырған Жұмекең бұл жолы:

– Құдай деп отырмыз, - дей салды.

– Шыққан шығын жоқ па?

– Жоқ... Енді "Қожекені" де қоспай кетті... (Ғ.Мүсірепов. "Оянған өлке")

Қазақтың сәлемдесу сөйлесімінде амандық-есендік білумен қатар, әңгіме бастаудың жай-жапсарын да біліп алу ниетінің орын алатындығын байқауға болады. Сәлемдесу мен жөн сұрау, әңгіме бастаудың реті – барлығы да ситуацияда орын алып отырған диалогтық тұтастықтың құрамына енеді. Келесі мысалда да қазақтың сәлемдесу үрдісінің ерекше түрі берілген.

Төмендегі диалогқа қатысушылар амандық сұраудың алғышарты ретінде ел-ауылды сұрап алу реті ұйымдастырылады:

– Шырағым, жол болсын, – деді, ортада отырған шал.

– Әлей болсын... Сіздің ауылда жұмысымыз болып келіп едік, – дедім мен.

– Әлей болсын дедің, болды сол. Ар жағын кезегі келгенде айтар болар, – деп, шал мені ауыздықтап қалды.

Түсінде көргендей кәрі тағылықтың мән-жайына мен енді түсіне бастадым да қатемді тез түзеп:

– Иә... Әлей болсын... – дедім.

– Қай елдің баласы боласың?

– Керей боламын.

– Қай керей?

– Қызылжарға қарайтын керей.

– Елдерің аман ба?

– Біз аттанғанда аман еді.

– Бүгін қай жерден шықтың?

– Бурабайдан шықтым.

– Жол шетің қай жер?

– Осы сіздің ауыл...

– Ендеше, Есенгелді, бұл балаларды үлкен үйге апарып түсір... – деп, шал мақұлдау күткендей, екі жағына кезек қарады. (Ғ.Мүсірепов. "Этнографиялық әңгіме")

Мұнда диалогқа қатысушылардың (жас пен кәрі) арасындағы аздаған тартыс та орын алған. Алайда қазақтың дәстүріне тән амандасудың реті орындалмай диалогқа қатысушының мақсаты жүзеге аспайтындығы байқалады. Мұның ретсіз екендігін түсінген коммуникант сөйлесу жағдайын лезде өзгертіп үлгереді де, қайта әңгіме бастайды.

Әдетте, қазақ халқы адамның жағдайын ғана бүкіл ауыл-аймақтың халін біле отырып, сөйлесуші коммуниканттың жеке басына тән белгілерін де (руға тиесілі, атасының кім екендігі, т.б.) тануға тырысады. Бұл өз кезегінде қазақ дәстүріне тән сәлемдесу тәртібі болып саналады. Мұны жоғарыдағы үзіндінің жалғасы саналатын келесі үзіндіде анық байқалады:

– Ол кісіге сіз айтсаңыз қайтер, тезірек сейлессек деп едік...

– Шырағым, бұл ауылға келген адамның не жұмысы барын Атекем өзі сұрайды. Өзі сұрағанда, айтасың, – деді Есенгелді, жаңағы айтқанын айнытпай қайталап. Бұл жолы күлмей қалуға шын-ақ ұстамдылық керек еді...

Мұндай жөн сұрасудың реті өз кезегінде, диалогтың ұзын күйде құралуына әсер етеді. Әдетте, сәлемдесу диалогы сұрақ-жауап күйінде құралады. "Ассалаумағалейкүм" және "Уағалейкүмассалам" бірліктері ғана өзара тең түрінде құрылады.

Әрі амандық-саулық сұрасу кезіндегі сұрап-жауап диалогынды екі адам да сұрақ қоя отырып, бір-бірі жауап беретін болса, кейбір диалогтарда тек бір адамға сұрақ қояды да, екінші коммуникант тек жауап берумен шектеледі.

Кейде диалогтың қысқа болуы да қазақы мінезге тікелей байланысты екендігін келесі мысалдан байқауға болады:

Біздің "есенсіз бе?" деген амандығымызға әйел қалыпты қазақ әйеліндей жауап қайырды:

- Шүкір, шырақтарым... (Ғ.Мүсірепов. "Этнографиялық әңгіме")

Қазақ әйелі мен еркегі арасында сәлемдесу диалогы қысқа да нұсқа болады әрі әйелдің жауабы әлдеқайда екіұшты әрі жанама жауап болады.

Қ. Слямбек