Киіз үйдің математикалық сипаты

Киіз үйдің математикалық сипаты
Фото: nat-geo.ru

Киіз үй – жер шарындағы ерекше сәулет нысандарының бірі. Болмысы ғаламшарға ұқсас құрылыс. Шеберлердің айтуынша, киіз үйдің дөңгеленіп тігілуі тегін емес. Оның бойында ғаламшармен, галактикамен байланысып жатқан сыры бар. Математикалық негізі бар деседі. Соның сипатына үңіліп көрсек.  

Қазақтың қарапайым ұғымындағы үй өлшемі – қанат. Қанат кереге санын білдіреді. "Алты қанат Ақ орда" деген содан қалған. Шеберлер көші-қонға, тігуге ыңғайлы болу үшін кереге басын көбейтіп, алты қанат жасайды. Халық арасында ең көп қалыптасқан үлгі – 6-7 қанатты киіз үйлер, сегіз не одан да көп қанатты үйлер көбінесе той-томалақта, дүбірлі ас пен тойларда тігіледі. Қазақта кей ретте екі үйді бір-біріне жалғап, тіркестіріп тігетін дәстүр бар. Атақты Қоянды жәрмеңкесі солай өтіпті.

Кереге, шаңырақтың жасалу өлшемі өте күрделі, ол қатаң да дәл математикалық есепке негізделген. Тіпті, астрономиямен, планеталар арасында өлшеммен астасып жатыр. Мен киіз үйдің жасалу құпияларын осы жұмысты қолыма алып, ден қойған соң білдім. Жердің жалғыз ғана серігі – Ай. Жердің орташа диаметрі – 12742 шақырым болса, Айдың орташа диаметрі – 3474 шақырым. Жер диаметрін Ай диаметріне бөлсек, 3,66 саны шығар еді.

Жеті қанатты киіз үйдің кереге көздерінің шаршысын келтіріп құрар болсақ, табанының 6,4 метр болады. Осындай табаны бар үй үстіне қандай өлшемді шаңырақ жарасар екен десек, 6,4 санын 3,66 санын бөліңіз. Екі санның бөліндісінен 1,8 метр шыққан болар еді. Жоғарыда көрсетілген екі үйдің шаңырақ диаметрлері 1,8 метрге тең жасалған болатын. Тағы да бір қызықты таңғаларлық жайт, осы 3,66 саны төңірегінде. Сол санды қасиетті таспиықтағы тас санына немесе 99-ға көбейтсеңіз, 362 саны шығады. Бұл сан "Маңғыстаудың ойында 362 әулие" деген ұғымды немесе арабтар өз елінде жылдың күнін бір әулие деген ұғымды еріксіз ойға салады.

Киіз үйдің бір қасиеті – құрылысы дөңгелек. Дөңгелек нәрсе жел өтіне төзімді келеді. Осы құпия ғасырлар бойы ізденісте болды. Киіз үйдің ағашын қайыңнан жасаса, бояп керек емес. Киіз үйдің тұла бойында қазақтың ұлттық өнері бар. Негізгі құрылысы жерде өсетін ағаштан, сосын мал өнімінен жасалады. Сықырлауықта табалдырық пен маңдайшаны ұя мен қалам арқылы жалғайды. Аты айтып тұрғандай, сықырлап тұрады.

Тарихи деректерге сүйенсек, Шыңғыс Уәлихановтың қайыңнан жасалған оң қанатты үйі болғанын айтады. Жәңгір ханның І Николай патшаға сыйға тартқан үйі он бір қанатты болған. Бұл үйді Жәңгірхан 1825 жылға І Николай патшаға сыйлады. Мұны шеберлер екі жыл бойы жасаған. Сондай-ақ, академик Ә.Марғұланның зерттеу жұмыстарында 30 қанатты киіз үйдің болғаны айтылады.

Тарихта Бату ханның көшінде киіз үйдің көлемін қадымдап өлшеген. Диаметрі 9 метр үйді 22 өгізбен тарттырған. Киіз үйдің өзі түрік тұқымдас және моңғол типтес болып бөлінеді. Түрік тұқымдасқа қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, башқұрт киіз үйлері жатады. Бұлардың иіні иіліп келеді. Моңғол типті киіз үйдің уығы тік келеді. Сол сияқты Адай үйлері, Әлім үйлері бар. Бұл – әдемі үйлер.

Киіз үйдің сұлу шығуы шебердің көзі мен қолына байланысты.

Киіз үй жасаудың хас шебері Бақыт Бозжігітұлының сұхбатынан

Қ. Слямбек