Қарқарадағы той: Қалыбек батырға ескерткіш қойылды

Қарқарадағы той: Қалыбек батырға ескерткіш қойылды
Фото: massaget.kz| Өмірбек Сансызбай

Қазақ халқы кең байтақ мекенін ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалғаны әммеге аян. Ерлік ешқашан ұмытылған емес, ұмытылмайды да. Ел басына күн туғанда елін, жерін қорғап, тағдырын шүберекке түйіп, тас шайнап, құм бүркіп, өмірдің қызыл жалынына күйіп, жан алысып, жан беріскен батырларымыз қаншама?! Ер есімі - ел есінде.

Мемлекеттің "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" және "Ұлы даланың жеті қыры" бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында 2019 жылдың 20 шілде күні Алматы облысы Кеген ауданындағы Қайқы асуында (Алматы – Кеген тасжолының бойында) айтулы шара өтті. Албан елі Айт руының аты ұранға айналған батыры, биі Қалыбек Мамадайырұлына қойылған ескерткіштің салтанатты ашылуы өтіп, рухына құран бағышталды. Мемориалдық кешен көпшілікке таныстырылды.

Қайқы асуынан басталған айтулы шараға Қазақстанның барлық өңірінен келген қонақтар қатысты. Ақын-жазушы, тарихшы, зиялы қауым мен журналистер, өнер адамдары да бар. Алғаш болып Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Жылқышыбайұлы сөз алды.

- Баршаңызды Қалыбек батыр ескерткішінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Ескерткіштер - ел тарихы, халық мұрасы. Бүгін баршамыз өткеніміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар, осы бір тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Батырларымызды ұлықтау - ұрпақтар жадына ұлттық рухты, Отанға деген сүйіспеншілікті, ұлтқа деген ыстық сезімді орнату үшін жасалған игі қадамдардың бірі. "Өткенді  ескеру - елдіктің белгісі" - дейді. ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың "Болашаққа бағдар:Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында өткеніміз ұмытылмай, халық мақтаныш еткен тұғыры биік, ғұмыры жарқын азаматтар есімі ұлықталып келеді.

Қазақ тарихы мен мәдениетінде қасиетті Кеген өңірінің алатын орны ерекше. Осы киелі өлкеден аты аңызға айналған батырлар, ғалымдар, ақын-жазушылар көп шыққан. Солардың бірі емес, бірегейі - Қалыбек батыр. Бабамыздың атақ-даңқы жоңғарлар шапқыншылығы кезінде шыққан. Жастық шағы Әз Тәукенің уақытында, ал ер жетіп ел қорғанына айналған кезі Абылайхан дәуіріне сай келеді. Қалыбек батыр ғасырдан ғасырға зердеде сақталған алты батырдың бірі. Бар қазақтың мүддесін қара басының қамынан жоғары қойған текті перзент. Осындай асылдардың еркіндік жолында сіңірген еңбегі, жүрегінде рухы тасып, жанарында нұры ойнаған ұрпаққа үлгі. Сондықтан да осындай ұлы тұлғаларға ескерткіш орнату - кейінгі ұрпақ, яғни сіздер мен біздердің міндетіміз, - деп атап өтті.

Қалыбек Мамадайырұлы - Ұлы жүз Албан елі Айт руының аты ұранға айналған батыры, биі. Ол 1679 жылы бүгінгі Алматы облысы Кеген ауданының Сарытоғай жерінде дүниеге келіп, 1772 жылы  Қулық тауының етегінде өмірден өткен. Қазақ елі мен жерін жоңғар басқыншыларынан азат етуге ерекше атсалысқан. Еліміздің шекарасын айқындау мақсатында 1759 жылы Нарынқол аймағында орнатылған тарихи белгі "Көк тасты" қойған батырлардың бірі. Жан беріп, жан алысқан алапат шайқастарда сан рет ерлігімен көзге түскен баһадүр. Еркіндік пен бостандық жолында күрескен Қалыбек батырдың ауылы жеңістің туын тіккен жер болғандықтан "Жалаулы" деп аталады.

Мемориалдық кешеннің ашылу рәсімін белгілі ақын, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделханұлы жүргізді. Қайқы асуы құттықтау тілектермен ғана емес, күмбірлеген күй, асқақтаған әнмен де жаңғырды. Жиналған жұрт композициялық қойылымдардың да куәсі болды.

Салтанатты шара соңы әйгілі Қарқара жайлауындағы ұлан-асыр тоймен жалғасты.

Қарқарадағы тойға қаламын серік еткен бір топ тілшілер мен ақын-жазушылар қауымы да барды. 

Қалыбек батыр мен баһадүр бабалар рухына арналып ас берілді. Қаз-қатар тізілген киіз үйлер бір қонағын күтіп алып, бір қонағын шығарып салумен болды.

Ақылбек Мұқанұлы Желдібаев, Қалыбек батыр ұрпағы

- Қалыбек батыр жайлы біраз іздендік. Қытай мен Ресейдегі архивтерді қарадық. Тіпті, Египеттегі архивтерден деректер кездесті. Осыларды жинақтап, елге танытуды қолға алдық. Батыр бабамыздың ерліктері - болашақ жастарға үлгі-өнеге. 

Батырдың ескерткішін көрген жас өрендер "бұл кім екен?", "кім болған?" - деп тарихын іздейді. Ескерткіш қойғанда ол кісінің өмірбаяны мен өсиет сөздерін де тасқа қашап жаздық.

Ескерткіш жанында Қалыбек батыр бұлағы да бар. Кезінде үлкен болған десе-ді. Батыр әскерімен келіп, сонда ішіп, тоқтайтын болған. 2300 биіктіктегі сол бұлақ әлі күнге дейін ағып тұр. 

Болашақта тарихшылар жинаған, жазушылар жазып жүрген Қалыбек батыр жайлы деректерді жинастырып кітап шығару жоспарымызда бар, - дейді.

Көпшілік "Әнім саған, туған ел" мерекелік концертін тамашалады.

Балуандар бәсекесі өтіп, "жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" шыққандары бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ал түс ауа жұрт күткен бәйге басталды.

Тамашалауға жиналған жұрттың қарасы көп болды.

Бәйгеге тігілген автокөліктер

Алдымен топтық бәйге өтті.

Одан кейін 25 шақырымдық аламан бәйге басталды. 

Екі бәйгеде де Талғардан келген жігіттің тұлпары оза шықты.

Бәйге аяқталғаннан кейін жұрт тарқай бастады. Біз де, Қарқара өңіріне "қош" деп, жолға шықтық.

Ө. Сансызбай