"Көш және Көшбасшы" кеші көрерменге рух берді

"Көш және Көшбасшы" кеші көрерменге рух берді

18 қараша күні Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Қамшы» порталы және «Қазақстан» Ұлттық арнасының ұйымдастыруымен «Көш және Көшбасшы» деген мерекелік концерт өтті.

Азамат Сатыбалды мен Анна Данченко жүргізген кештің алғы сөзін ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев ашты. Ол осындай кештердің өтуі санаулы күндерден кейін 25 жылдығын атап өткелі отырған Тәуелсіздіктің жетістігі екендігін айтты. Ұйымдастырушыларға алғыс айтып, ризашылығын білдірді.

Өткізілген кештің басты мақсаты «Қазақ көшінің» 25 жылына тарихи баға беру және қарашаңыраққа уық болып қадалған миллионнан астам қазақтың елге деген алғысын жеткізу болатын. Шара мақсатына жетті, туған жерге оралған қандастардың қазіргі өмірі, жағдайы туралы бейнежазбалар көрсетілді.

Мыңға жуық көрермен «Көш және Көшбасшы» концертінен рухани ләззат алды. Кеш барысында дәстүрлі ән-жыр, қоңыр күй орындалып, ұлттқ би де биленді. Көрермендер патриоттық туындыларды тамашалады. Кеште өнер көрсеткен барлық өнерпаз ұлттық болмысты аша түсіп, рухты көтерді. Әлем сахнасын бағындырған қазақтың жезтаңдай әншісі Майра Мұхаммедті халық сүйсіне тыңдап, қайта-қайта ән сұрады. Қалың қазақтың көңілін қимаған Майра «Ағажай, Алтайдай жер қайда-аймен» қоса «Бүлдіргенді» шырқап берді. Одан басқа Рамазан Стамғазиев, «Қоңыр» тобы, «Алашұлы», Шаба Әденқұл, Ибрагим Ескендір, Айнұр Қажимолла, Бибігүл Қилымхан, Мұартбек Сарбасов, Еркін Ерген, Өзгеріс Шерікбай және Қуаныш Алтыбаев секілді өнерпаздар өнер көрсетті. Кеш соңы дастарханмен жалғасты.

Суреттер сөйлесін:

Г. Берік