Ашына (Ашина) атауы туралы

Ашына (Ашина) атауы туралы

Жаңа Қазақстанның ұстанған шамшырағы, бағыт-бағдары – Мәңгілік ел болу! Ол біздің әлемдік өркениеттегі орнымызды айқындайды. «Мәңгілік ел» сөзі  Күлтегіннің көк тасында жазулы. Түрк қағанаты кезінде түркілер өз қағанатын мәңгілік ел, мәңгілік мемлекет деп есептеген. Бұл олардың арманы еді. Қазақ хандығына дейін Шыңғысхан Еуразия даласында жаңа мемлекет құрып, оны Түрк қағанаты сияқты Мәңгілік ел атады. Ежелгі тарихымызға үңілген сайын  ғасырлар тереңінен бабалар үні  жаңғырып жеткендей болады. Жазушы, ғалым Қойшығара Салғариннің Қытай жылнамалық жазбаларына сүйеніп, тарихи ақиқатқа үңілген мына материалы да  мәңгілік ел ұғымының түп-тереңінен сыр тартады.

Далалықтардың дүниетанымынан бейхабарлығынан,  оларды жабайы санайтын менмендігінен, көне қытайлықтар өздеріне түрлі жолмен мәлім болған көшкіншілерге қатысты  кейбір мағлұматтарды өздерінің шындыққа кереғар ежелгі таным-түсініктері бойынша тарихқа кіргізіп,  кейінгі зерттеушілердің тарихи ақиқатты тануына зардабын тигізетін тұстары  кездесіп  қалып отырады. Соның бірі  – түрктердің шығу тегіне қатысты қытайдың әулеттік шежірелерінде берілген аңыздарда кездесетін  Ашына   атауы. Бұл атау үндіеуропа тілдестердің  қолдануында «ашина» деп алынған, ал қытайлық түпнұсқада «ашына» деп оқылады.

Көнеқытайлықтардың Сүй және Жыу әулеттерінің тарихында түріктердің шығу тегіне қатысты төрт аңыз дерегі берілген. Оның  бiреуiнде  Ашына – 500 үйлі жанның басшысының; екіншісінде – қасқырдан туған он баланың біреуінің; үшіншісінде – сиуңнудан бөлініп шыққан жеке тайпаның; төртіншісінде – Надулиу-шының  кіші әйелінің аты  деп түрлендіргенімен, бәрібір, қалай болғанда да,  шежіре авторларының мұнда Ашынаны  нақты тарихи тұлға деп түсінетіндері  анық көрініп тұр. Көне қытайлықтардың, міне, осы түсініктері сол күйі бізге де ауысқан. Сондықтан осы түсініктің негiзiнде «Ашина – түрiктердiң билеушi тайпасының аты», «түрiктердiң түп атасы – Ашина» деген  қос тұжырым ресми тарихқа қосарлана енiп, берік орнықты. Қазіргі зерттеушілер осының әрқайсысын өз қалауларына қарай ғылым мойындаған нақты тарихи шындық ретiнде пайдаланып жүр. Бұған бұл күнде ешкiм күдiктенбейдi,  шындығы осы деп біледі (Потапов Л.П.  «Этнический состав и происхождение алтайцев». Л. 1969, стр.) Жекелеген зерттеушiлердiң зерттеу мақалаларынан бастап, академиялық іргелі  еңбектерге дейiнгінің  бәрiнде ежелгi түрiктер жөнiнде осылай жазылып, өзгерiссiз осылай айтылып келе жатқаны соның айғағы.

Алайда, осыған қарамастан, бұл түйiндеудiң   дұрыстығына  кәдiмгiдей  елеулi күдiк келтiруге тура келедi.  Себебi, бұл – қанша жерден ресми тарихта орнығып, талассыз тарихи шындық ретiнде қабылданғанымен, шын мәнiнде ғылыми зерденiң талқылауына түсiп, жан-жақты зерттелiп,  нақты тарихи дерекпен айғақталып, ақиқаты анықталып,  ортақ шешiмiн тапқан  тұжырымдар емес. Сол себепті мұны да түрiктердiң шыққан тегiне қатысты жазба дереккөздерінде берiлген аңыздар дерегi мәлiметiн ешқандай талдаусыз, талғаусыз  тарихи фактi есебінде қабылдап, соны  сол күйi  ғылымға енгiзу арқылы көшкіншілер тарихына жасалынып келген әдеттегі қиянаттардың бірі деп ұққан жөн.

Осы қытай жазбасындағы көнеқытайлықтардың таным-түсінігі негізінде берілген деректi тарихи шындық ретiнде қабылдаудың салдарынан кейiнгi зерттеушi ғалымдар “Ашынаның” не атау ретіндегі  ұғымдық мағынасын, не жеке сөз  ретіндегі сөздiк төркiнiн (этимологиясын) анықтай алмай келеді. Белгілі бір іздер бағыт, ұстанар жүйе болмағандықтан, олар түрлі қателікке ұрынып, әрқайсысы әр қиырға тартуға мәжбүр.  Мысалы, С.В. Киселев Ашынаны, жаңағы төртінші аңызда көрсетілгендей, тайпа көсемінің анасының есімімен аталған десе,  Ю.А. Зуев басқа бір қиырдан шығып,  оны көне қытай дерегіндегі усұндардың атауы дейді. Ал А. Әбдірахманов болса, ашынаның баламасын “баба”, “ата” деген мағынаны бiлдiретiн парсы-түрк (баба түрiк) тiлiнiң  “еси” деген сөзiнiң өзгерiске ұшыраған түрi деп таныса, С.Г. Кляшторный  оны иран тiлiнiң  тохор диалектiсiнен түрк тiлiне кiрген сөз деп топшылайды.  Сондай-ақ З.В. Тоган белгiсiз автордың “Худуд әл-алам” атты еңбегiнде келтiрiлген хазарлардың  Тархан қағанының “Асана” деген  тайпасының атымен Ашына атауын салыстырса,  П.А. Будберг пен Л.Н. Гумилев «ашынаның» моңғол сөзi екенiне күдiк келтiрмейдi. Бiрақ соңғы екi ғалым ашынаның тегi  моңғол сөзiнен шыққанына бiрiгiп қол қойғанмен,  оны түсiндiруге келгенде екеуi  екi түрлi пiкiр айтады. Мысалы, П. Будберг ашынаны  моңғолдың он санын бiлдiретiн “арав”, арван” және бөрi дегендi бiлдiретiн “чино” сөздерiнiң бiрiгуiнен «он бөрi» («Ачино»)  ұғымын шығарса, Л. Гумилев  осы соңғы сөзге, яғни “чиноның” алдына көне қытайдың мәртебелiлiктi бiлдiретiн “а” дыбысының иероглифi қосылып, “қайрымды бөрi” деген мағынаны бiлдiрген деп түйедi.  Осылай жалғаса бередi…

Бiрақ осылардың қай-қайсысы да Ашынаға қатысты деректi қытай жазбасындағы түрк халқы тарихының нақты дерегiмен  салыстыра   сабақтастырып,  ғылыми тұрғыда жан-жақты зерттеп,  аңыз қауызынан шындық дәнiн аршып алудың орнына, «ашына» (“ашина”) сөзiнiң  дыбыстық үндестiгiн қуып, Сөздіктерде кездесетін соған ұқсас сөздерден тектiк мағына iздеп, болымы жоқ болжамға бой ұрады. Ал бұл, жаңа айтқанымыздай, сайып келгенде, жазба деректемедегі – түрктердiң аталығы делiнген Ашынаның не жеке тұлға ретiнде кiм екенiн, не жеке атау ретiндегi ұғымдық мағынасын, болмаса жеке сөз ретiндегi шыққан төркiнiн (этимологиясын) анықтауға  әлi күнге мүмкiндiк бермей  отыр.

Бұл арада бар мәселе еуроцентристiк бағыттағы ғалымдардың жазба деректiң ақиқатын анықтамай, оны талассыз шындық ретінде қабылдап, сол арқылы түрктердiң  ортақ ата тегiн Алтайдан шығарып, олардың түпкi негізін “Ашина түрктер” деп танытып, ресми тарихқа ендiрген өктемдiгiнде жатқанын ашып айтқан жөн. Егер олай болмай, жазба мұраның  дерегi ғылыми талдауға тән заңдылықпен нақты тарихи деректермен салыстырыла зерттелсе,  Алтай түрiктерiнiң, қалай дегенде де, бүкіл түрктердiң арғы тегi емес,  керісінше,  тарих тегерiшiнiң  бір айналысында түрктерден бөлiнiп барып, кейін өз алдына өркен жайып жетілген бiр бұтағы ғана екенiн түсiну онша қиындық тудырмас едi.  Солай болған күнде кез келген зерттеушi Ашынаның атаулық мағынасын бүгiнгiдей дыбысталуы ұқсас сөздерден iздеп әуре болмас та едi.  Ал бұл өз тарапынан  Ашинаның,  жазба дерекке түскен аңыздарда көрсетiлгендей, тайпаның да,  билеушiнiң де, сондай-ақ билеушінің әйелi мен баласының да аты емес, барлы-жоғы «алғашқы», «бұрынғы», «iлгергi», «әуелгi» деген  мағына бiлдiретiн байырғы түрктердiң кәдiмгi  қарапайым “ашынұ” («ашнұ») деген сөзi ғана екенiн тап басып тануына мүмкіндік берер  едi (Махмұт Қашқари. Түрк сөздігі. -Алматы. 1998., 160-б.).

“Ашына” сөзiнiң  шын мағынасын анықтау үшiн зерттеушiнiң жазба дерекке, соған қатысты ғалымдардың түрлi саққа жүгiрткен түрлі болжамдарына ден қоюдан бұрын, ең алдымен, түпнұсқалық дереккөздері арқылы жеткен түрiктердiң өзінің  төл тарихына үңiлiп, оны  жете танып, бiлуi шарт дер едік. Сонда, яғни түрк тарихын жан-жақты бiлген жанның көңiлiне: “егер «Ашына» (“Ашина”) түрктердiң асыл тегi болса, ол толып жатқан Орхон-Енесей тас жазуларының бiрiнде неге кездеспейдi?”, “Асыл тегі «Ашына» туралы түрктердiң өздерi, әсіресе түрктердің дәуірлеп, қағанат құрған кезіне таяу тұрған білікті түрк ғалымдары, мысалы, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұни  секілді білікті ғұламалар  неге ол туралы бір ауыз сөз айтпайды?», «Жекелеген  түрік тайпаларының шығу тегіне дейін саралаған атақты Рашид-аддиннің жарты әлемді жайлап жатқан түрк жұртының атасы – Ашына жайында  жақ ашпайтыны неліктен?», сондай-ақ «түрктердің ата тегін адамзат баласы жаралғаннан, яғни Адам-атадан бастап тарататын байырғы шежіре авторларының (Әбілғазының, Жалайыридің ж.б.) бір де бірінің Ашына есімін ауызға алмайтынына не себеп?» деген тәріздес заңды сауалдар оралып, соған нақты  жауап іздеген болар еді. Бірақ жазба дерекке жадылану мұндай ізденіске мүмкіндік бермеді. Сондықтан, ендігі жерде «ештен де кеш жақсы» деген қағидамен, әр зерттеушінің бұрынғыша ортағасырлық түрiктер жөнiнде айтқан әр ғалымның болжамын бір малдана бермей,  түпнұсқалық дереккөздерін қайта қарап, “Ашына” атауына қатысты әр деректiң астарына енді  өздерінің үңілгені жөн болмақ.

Біз де шамамыз жеткенше солай істеуге ұмтылдық. Сонда қытай жазбаларында берілген, жоғарыда айтылған төрт аңыздан басқа, түрiк тарихының ұзына бойында   “ашына”  атауы   еш жерде айтылмай келiп, тек Бірінші Шығыс Түрік қағанаты құлағаннан кейін,  он жыл өткен соң  ғана айтыла бастайтынына көз жеткіздік.  Онда да  тек Батыс Түрiк қағанатының Иби Шыгүй қағанының тұсында көтерiлiс жасап, оның иелігінің барлығын тартып алған иеху (шеху) Хылуға байланысты ғана айтылады. Бұл – түрктердің қытайдың жазба дерегіне ілігіп (545 ж.), алғаш танылғанынан кейінгі  100 жылдық тұтас тарихында  „Ашына” атауының тұңғыш рет кездесуі. Бiр ғажабы,  бұдан кейiн де  Хылудан соң  қаған болғандардың да бәрiнiң бiрдей атына “ашына” сөзі тiркелмей, тек кейбiреулерiне ғана қосақталады. Сондай-ақ Батыс түрктің қағаны Хылумен қатар Шығыс түрктің  қағаны Сымоның да есіміне «ашына» сөзінің тіркелгені бар. Бірақ  мұның да есіміне   «ашына» сөзі   қытай императоры оны «қаған» деп танып,  ол ресми қаған болған  кезден кейін ғана барып тіркелген,  одан бұрын оның есіміне «ашына» сөзі тіркелмейді.

Ерiксiз ойға қаласыз. Мұнда қандай сыр бар? Егер ресми тарих мойындатқандай, “Ашына түрктердiң билеушi тайпасының аты”, немесе  “түрктердiң  түп атасының аты”  болса,  онда ол әулеттік шежірелерде берілген бұған дейінгі түрктерге қатысты аңыздан басқа, нақты тарихи жазба деректердің бірінде болмаса бірінде неге кездеспейді?  Ең болмаса, не тайпа атауы, не кісі есімі есебінде неге бір рет аталмайды?

Көнеқытайлықтардың да көшкіншілер рәсімімен далалық билеушілердің қай тайпадан шыққаннын, мысалы, өзіміздің үйсін Төле, қаракесек Қазыбек, алшын Әйтеке дейтініміз сияқты, кейінгі өз жазбаларында чумгун Лүйжо, тучишы Сулу, басайгән Дүншибо тәрізді көрсетіп беретіні бар. Осы ретте Хылу қағанның атының алдына тіркеп беруіне қарап, ашынаны шынында да түрктердің жетекші тайпасының атауы шығар деуге де болар еді. Бірақ  онда түрктiң тұңғыш қағаны Бумыннан бастап, Хылуға дейiнгi аралықта болған (545 – 646 жж.) ұлылы-кiшiлi, атақты-атақсыз толып жатқан қағандардың бiрде-бiреуiнiң есiмiнің алдына “ашына” атауының тiркелмеу себебін немен түсіндіруге болады?

Ашына сөзінің тек Хылуға келгенде ғана тiркелуi неліктен? Әлде Хылуға дейiнгi қағандар ашына-түркке жатпай ма?  Олай болса, онда ресми тарих көрсеткендей, “Ашына” қалайша “түрктiң билеушi тайпасының аты” болмақ? – деген тәріздес сауалдар тағы да андыздап бой көтереді.

Мiне, осындай бiрiнен бiрi туындар толып жатқан сұрақтарға  жауап беру үшiн басқа табан тірер дерегің болмағаннан кейін, қытай жазбаларында берілген түрктердiң  төл тарихын  қайыра парақтап, зерделеуге мәжбүрсің. Сонда өзара аумақтық-әкімшілік iшкi бөлiнулерiн есепке алмағанда, түрктер тарихында  жұртқа белгiлi ресми екi Түрiк қағанатының болғаны өзiне назар аударады.

Оның бiрi – негiзiн  түрік-сыр тайпасының билеушiсi Бумын қаған қалаған Бiрiншi Шығыс Түрiк қағанаты. Бұл қағанат  552 – 630 жылдар аралығында, яғни 78 жыл өмiр сүрдi. Билiк  тiзгiнi  қашан  қағанат құлағанша Бумынның бауырлары мен  балаларының, солардың  ұрпақтарының қолында болды.

Екiншiсi –  шаңырағын  шыли-иуін тайпасының  билеушiсi  Құтылығ (Гудолу) қаған көтерген Екiншi Шығыс Түрiк қағанаты. Бұл қағанат 693-743 жылдар аралығында, яғни 50 жыл өмiр сүрдi.  Мұнда  да билiк тiзгiнi қашан қағанат құлағанша  бiрыңғай Құтылығтың бауырлары мен балаларының және солардың ұрпақтарының қолында болды.

Бұлардың сыртында осы екi қағанаттың  кезiнде де қағанаттың Шығыс Түрiк  қағанаты және Батыс Түрiк қағанаты  болып өзара iштей екiге бөлiнгенi тағы белгiлi. Осының Батыс Түрiк  қағанаты iшкi берекесiздiкке ұшырап,  басынан бағы тая бастаған кезiнде билiк басына  бұрынғы қағандардың ұрпақтары да, кейбір мықты тайпалардың көсемдері де кезек алмасып келiп жатты. Осындай  сапырылыс кезiнде  түсiнiк нақтылығы үшiн әрi алғашқы қағанатты мақтан, үлгi тұту мақсатыда кейiнгi өзара басы бірікпей, қырқысып жатқан түрктердiң өздерi  Бiрiншi Шығыс Түрiк қағанатының адамдарын  “ашнұ түрiктер”, яғни “бұрынғы түрктер”, “әуелгі түрктер” деп. атаған. Сондай-ақ қағанат ыдырап, жекелеген иеліктердің (хандықтардың) билігі басына атақты бабалары Бумын мен Істімі (Естеми) қағандардың ұрпақтарының бірі  келгенде, оларды  кейін қаған болған басқалардан, яғни Бірінші қағанат билеушілерінің тұқымы еместерден ерекшелеп, есімдеріне “ашына” сөзін әдейі  тіркеп айтуды әдетке айналдыра бастағаны анық байқалады. Бұл жерде Ашына Хылу –  қағанат құлағаннан кейінгі аласапыранан соң Бумын мен Істіми тұқымының билік басыны келіп,  тарихи жазбаға іліккен алғашқысы.  Бұл кезде түріктердің қаған есіміне “ашына” сөзін  тіркей айтуынан “бұрынғының асыл көзі еді” деп,  одан жаңалық, жақсылық күтіп, ырым ету дәстүрін де аңғаруға болады.

Қытай жазбаларында “ашына түрк”, “ашына пәленше” деген тіркестердің  алғашқыда болмай, кейін пайда бола бастауының сыры да осында жатса керек. Ортағасырлық түрктер үшін «ашынұ» сөзі «Алғашқы Қағанаттың түрктері», «Алғашқы Қағанның ұрпағы» ұғымдарының баламасына айналған тәрізді.  Байырғы қытай тарихшылары  “ашынұ” сөзінің осындай мағынасын тура дәл өз мәнінде дұрыс түсiнбегенімен, оның әйтеуір алғашқы Түрік қағанатына, соның негізін қалаушы алғашқы қағандарға қаратылып айтылатынын қалайда анық аңғарған. Қытай тарихшыларының біреуінің Ашынаны – «түріктердің  түп атасы», екіншісінің  – «түріктің билеуші тайпасының аты», үшіншісінің – «қағанның әйелінің аты», төртіншісінің – «қағанның баласының аты»  деп өздерінше әр түрлі пайымдаулары да осының дәлелі. Егер олар шынында тарихи ақиқатты нақты білген болса, онда олар, сөз жоқ,  мұндай ала-құлалыққа бармаған болар еді.

Бірақ мұның бәрі түрктердің ата-бабасының тегі жайында,  жоғарыда айтылған, торт аңыздың  дерегінде ғана кездесетін жағдай. Ал әулеттік шежіредегі түрктер тарихына қатысты нақты оқиғаларды баяндағанда олар  “ашына” сөзін тайпа атауы ретінде де, кісі есімі ретінде еш жерде қолдана алмаған. Өйткені, нақты өмірде ондай дерек жоқ.

 Міне, осының бәрі бізге түсініксіз болып келген Түрік қағанатының алғашқы қағаны Бумыннан  Хылу қағанға дейінгі аралықтағы қағандар есіміне  “ашына” сөзінің неліктен тіркелмеуінің  де, сондай-ақ түрктер арасында сапырылыс басталғаннан кейін билiк басына қаған тұқымы емес басқа адамдар келе бастаған кезде, билік тізгінін ұстаушының кім екенін ашып көрсету керек болғанда  тек Алғашқы Шығыс Түрiк қағанаты билеушiсiнiң тұқымынан шыққан қағандардың алдына ғана үнемi  “Ашына” сөзiнің тiркелуінің де себебін аңғаруымызға мүмкіндік береді. Мысалы,  түрiктер тарихына қатысты қытай  жазбаларында есiмiне алғаш “ашына” сөзi тiркелген Батыс Түрік қағанатының қағаны Хылу – Бiрiншi Шығыс Түрiк қағанатының екiншi қағаны Істімі қағанның шөпшегi Иебули-шы Шыгүй тегiн аталған Жиеүйөнiң баласы болатын.  Хылудан кейiнгі қаған болған Істімі қаған тұқымдарының атына  “ашына” сөзi тiркелiп келедi де, билiк тiзгiнi басқаларға ауысқанда олардың түріктер екеніне қармастан,  есімдеріне ештеме тіркелмей, тек өз аттары ғана беріледi. Бұл өз тарапынан  Ашынаның қытай жазбаларына ілінген аңыздардағыдай,  түріктердің бәріне бірдей ортақ атасы еместігін көрсетеді. Демек, бұл, яғни жазба деректің Ашынаны бұлайша бөле-жара ерекшелеуі – осы атау  жөніндегі біздің  пайымдауымыздың дұрыстығының бір айғағы болса керек. Егер  Ашына, ресми тарихта айтылғандай, түрктердің тегі немесе тайпаның атауы болса, онда билеушінің есіміне  шыққан тайпасының атын тіркеп беру дәстүрімен қытай  тарихшылары  басқа қағандардың  шыққан тайпасының да атын тіркеп көрсеткен болар еді. Бірақ,  көріп отырғанымыздай,  еш жерде ашынадан басқа тіркелген тайпа атауы тағы кездеспейді.

Осы айтылғандардан-ақ қытай жазбаларындағы аңыз дерегiне қарап, Ашынаны “түрктердiң түп атасы” деп жүрген  тұжырымның қате екенiн,  оның, яғни “ашынаның”  барлы-жоғы ежелгі түріктің «алғашқы», «бұрынғы», «әуелгі» деген ұғымды бiлдiретiн қарапайым “ашынұ” (“ашнұ”) деген сөзi екенiн, соған орай   ресми тарихта қалыптасқан  “ашина түрк” тiркесiнiң мағынасының да “бұрынғы түрк”, немесе “әуелгі түрк”, яғни Бірініші Шығыс  Түрік қағанатының халқы, ал кісі есіміне тіркелгенде «әуелгі немесе алғашқы қағанның тұқымы», яғни Бірінші Түрік қағанаты қағанының ұрпағы дегенді  ғана бiлдiретiнiн анық айта аламыз.

Осы  арада қытайдың әулеттiк шежiрелерi көне замандардан сыр шертедi дегенiмiзбен,  олардың бәрi бiрдей сол ескi заманда жазылмағанын  да ескерген жөн.  Мысалы, әулеттiк шежiрелердi құрайтын  24 тарихтың Таң империясы тұсында (618-907 ж.ж) не бары үшеуi ғана болған,   Сұң империясы тұсында (960-1279 ж.ж)  оның саны он  жетiге жеткен, қалғандары Миң (1368-1644 ж.ж.) және Чиң  (1644-1911 ж.ж) империяларының тұсында жазылған.  Мұны ежiктеп айтып жатқан себебiмiз, “ашынаға” байланысты сөз болғанда кездесетiн уақыт мерзiмiндегi кейбір сәйкессiздiктiң түрктердiң  шығу тегi жөнiнде аңыз-деректердi беретiн  “Жыу” (557- 581 ж.ж.) мен “Сүй” ( 581-618 ж.ж.) империяларының тарихы баяндалған “Жыу кiтабы” мен “Сүй кiтабының”  өз кезiнде жазылмай, кейiн жазылуынан екенін  ескерту мақсатынан.  “Бұрынғы түрктер”, немесе “әуелгі түрктер” деген қарапайым ұғымды  бiлдiретiн “ашнұ түрк” тiркесiн “ашына тужиөге” айналдырып,   Ашинаны   қасқырдан туған бала етiп көрсетiп, көнеқытайлықтар арасына заманында  кеңінен тараған аңыз дерегін тарихи дерекке айналдырып жүргендер – кейiнгi жазушылар, нақтырақ айтсақ, Таң патшалығының тарихшылары Лиң Ху, Ды Фың, Вiй Жың қатарлылар болса керек.

Міне, бұл күнге дейін тарихшыларымыздың бірі – Түрік қағанатының негізін қалаушылардың жетекші   тайпасының аты, енді бірі – түрктердің түп атасы деп келген  «Ашына» атауы жөніндегі  біз  пайымдаған шындық осындай.

Сонымен, жоғарыда айтылғандарды қорытындылап, ой түйсек, мынандай тұжырымға келеміз:

1). христианша жыл санаудан  кейінгі 545 жылы  Қытайдың жазба деректемелеріне алғаш ілігіп,  әйгілі Түрік қағанатының негізін қалағандар – бұрын қыпшақ тайпалары бірлестігінің құрамында болған, кейін тобалардың(табғаштардың) қуғын-сүргініне ұшырап, ақырында  Боғда тауына (Алтын тауға) қашып келіп бас құраған құрама жұрт. Сондықтан да олар кейін күшейіп тарихқа танылғанда, белгілі бір тайпаның атымен аталмай,  өздерін «түрк халқымыз» деп атаған.  Тас жазудағы «Сыр» деген атауды оларға жыужәндар берген.  Тоңүкөктің   «түрк-сыр» деп сыр атауына түрк сөзін тіркеп ерекшелеуі Білге қағанның «түрк будуным» дегенімен мәндес. Ал  қытай жазбаларына іліккен аңыздардағы «түрктердің түп атасы – Ашына» деген дерек көнеқытайлықтардың сөз мағынасын білмегендіктен жіберген қателігі.

2). Осыған орай бұл  түрктер, ресми тарих ғылымында айтылып жүргендей, түрктердің ата тегі емес, керісінше тарих тегерішінің айналымында ежелгі түрктерден бөлініп қалып,  кейін қайтадан бүр жарып, жаңадан өркен жайған соның мәуелі бір бұтағы.

3). Ал мұның бәрі, сайып келгенде, түрк халқының,  еуроцентристік бағыттағы ғалымдардың айтып жүргеніндей,  христианша жыл санаудан  кейінгі VI ғасырда ғана пайда болған жаңа, жас халық емес, әлемдегі  ең көне халықтардың бірі екенін көрсетеді.

Қытайдың көне жазба дереккөздерінде және шығыстың Рашид Ад-дин, Хондемир, Әбілғазы секілді байырғы тарихшыларының еңбектерінде  ерте заманда көршілерінің тосын шабуылына ұшырап, қырғын тапқан елдің артында  аман қалғандарының қашып барып,  жан-жағын биік таулар қоршаған бір кең алқапты  жерді  паналап, сонда  өсіп-өніп, кейін іргелі елге айналғаны  жөнінде дерек бар. Дәстүрлі тарих, міне, осыларды  қазіргі түріктектес халықтардың ататегі деп есептейді. Олардың сондағы қашып барып паналаған жерін «Ергене-қон» деп атайды.  Бұл – қазіргі таңда ғылымға енген, ғылыми орта мойындаған, тарихи санада қалыптасқан тұжырым. Бірақ соған қарамастан, байырғы түріктердің көне тарихына ден қойып, осы тақырып төңірегінде ұзақ жылдардан бері ізденіп жүрген адам ретінде осы тұжырымның дұрыстығына  шүбә келтіруге мәжбүрмін. Өйткені, мұнда  тарихи деректердің сырт ұқсастығына қарап, оларды бір-бірімен шатастырып, жаңсақ, жалған тұжырым жасаушылық бар.  Мысалы,   ХV ғасырдың авторы Әбілғазы Баһадүр-ханның «Түркі шежіресінде» соқырға таяқ ұстатқандай етіп, атын атап, түрін түстеп көрсеткен дерегін   кейбір зерттеушілердің ешбір негізсіз бұрмалауы осының айғағы деп білем.

Жалпы Әбілғазының еңбегі – ондай бұрмалауға көнбейтін, әр сөзіне абайлап қарап, аңыз бен ақиқаттың ара жігін анықтай зерттеуді керексінетін елеулі  еңбек. Өйткені, ол – жеке адамның авторлығымен белгілі болғанымен,  бір соның ғана таным-түсінігі негізінде қорытылған пайымдаудың  нәтижесі емес, ұжымдық ойдың ортақ жемісі. Бұл орайда Әбілғазының өзі «Түркі шежіресін» жазғанда  алдында Рашид Ад-диннің «Жылнамалар жинағы» және оның сыртында он жеті тарихи шығарманың жатқанын айтады ((Абуль-Гази-Багадур-хан. Родословное древо тюрков. М.-Т. –Б  стр.. 30.). Бұл кітаптардың бәрі бірдей бізге жеткен жоқ. Әбілғазы еңбегінің құндылығы да осында. Сондай-ақ, мұндағы, Әбілғазы атап көрсетіп отырған, Рашид Ад-диннің  «Жылнамалар жинағы» да бір адамның авторлығымен берілгенімен, бұл да кезінде Шыңғыс ханның шөпшегі Арғын ханның баласы Қазан (Газан) ханның тапсырмасымен сол заманның білікті бір топ тарихшыларынан басқа моңғолдың алты ғұламасы қатысып, бәрі  бірігіп жазған шығарма болатын. Бұл топты   заманында моңғолдың көне тарихын жетік меңгерген ғұлама Болад Бекадыр (басқа деректерде Болад Чансан) басқарғанын да Әбілғазы атап көрсетеді (Аталған еңбек. 30-бет.).  Демек,  Әбілғазының  «Түркі шежіресі» – шежіре деп аталғанымен, көп мәселеде ауызша деректер мағлұматы негізге алынғанымен, әдеттегі шежіреге де, ауызша дерекке де жатпайды. Бұл – сол замандағы   ғылыми ортаның білікті ғұламаларының таным зердесін тоқайластырған  өз тұсының  академиялық шығармасы. Біздің «Әбілғазының  әр дерегіне мән беру керек» дейтініміз де сондықтан.

Міне, осындай құнды шығармада  бір кезде  іргесін  Иафет баласы Түрік хан қалаған мемлекеттің  арада екі жарым ғасыр өткеннен кейін, Аланша ханның тұсында іштей ыдырауға ұшырағаны және одан бөлініп шыққан Мұңғұл хандығы мен Татар хандығының  арасында қандай тарихи оқиғалар болғаны жан-жақты баяндалады. Бір назар аударарлық жағдай – осындағы Мұңғұл хандығы мен Татар хандығының арасында болған бастапқы тарихи оқиғалар  мен қытайдың көне жазбаларындағы Сиуңну мемлекеті мен Дунху мемлекетінің арасында болған бастапқы оқиғалар бір-бірімен  өзара үндесіп, бір шығарманың екі тілдегі аударма нұсқасындай, бірін бірі қайталап жатады.  Содан да болар қытай деректері арқылы Шығыс халықтарының тарихын ден қоя зерттеген  белгілі синолог Н.Я. Бичурин (1777-1853 ж.ж.)   қытай тарихының атасы Сы-ма Чиәннің «Тарихи жазбаларындағы» сиуңнудың чәниүйі Маудунмен (Модэмен)  Әбілғазының «Түркі шежіресіндегі» моңғол ханы  Оғызды салыстырып, екеуін бір адам деген қорытындыға келеді. (Бичурин Н.Я.  «Собрание сведений о народах,... Т.1. М.-Л. 1950. Стр. 223.).

Басқа амалы қалмаған Тыумән баласына бір  түмен әскер беріп, жеке қояды. Маудун  еншісіне тиген жауынгерлерін,  күні-түні жаттықтырып, әбден өзінің әмірін екі етпейтін жағдайға жеткізген кезде,  аң аулап жүрген әкесінің соңынан барып,  оған  сарнама жебесін бағыттайды, сол-ақ екен жауынгерлері де чәниүйге қарсы жебе жаудырады.  Сөйтіп Тыумән чәниүй кімнің қолынан өлгенін білмей, мәңгілікке аттанады.

Маудун таққа отырысымен  шығыстағы  дунхуларға тосын шабуыл жасап, олардың тас-талқанын шығарып,  мал-мүлкіне түгел ие болады.  Содан кейін батыста жыужыларды талқандап,  оңтүстікте лыуфән менен бай-иән иелігін бағындырады, қытайды салық төлеп тұруға мәжбүр етеді.  Сөйтіп  Маудун санаулы жылдар ішінде терістіктегі көршілерінің бәрін жаулап алып, Сиуңну империясын құрады.  Елді сол және оң тужилер арқылы басқартады. Бұлардың бәрі чәнүйдің өз тұқымынан шыққандар – балалары, бауырлары.  Сол-тужи – тақ мұрагері. Сондықтан да чәниүй (қаған) үнемі сол-тужиден3  сайланады.  Сол және оң тужилармен бірге  24 әкімшілік дәрежесін белгілейді.

 Маудун қайтыс болғаннан кейін таққа оның үлкен баласы Лаушан отырады. Ол уәзірі, қытайдан келген оқымысты, Жұн-шин Иөнің ақылымен,  әкімдеріне еліндегі мал-жанның есебін алып,  одан салық алу қажеттігін үйретеді. (Сиуңну («Хән кітабынан»). А.1998.  31-32,34, 44 –беттер.).

Міне, осылай жалғаса береді.  Оқиғалардың түп тектестігінің бірлігіне куәлік берер осындай ұқсастықтарды салыстыра келіп, Н.Бичурин қытайдың  тарихнамаларындағы «сиуңну» деп аталған халық пен Әбілғазының «мыңғұл» деп отырған халқының,  сол секілді «дунху» мен «татардың» да бір халық екеніне ешқандай шәк келтірмейді.  Сондай-ақ ол Әбілғазының «Түркі шежіресі» мен парсы тарихшысы Хондемирдің «Мыңғұл тарихы» деректерін өзара салыстыра келіп, мыңғұлдар мен татарлардың түрік халықтары екеніне және олардың бір кезде Түрік аталған мемлекеттен бөлінгеніне сенім білдіреді.  Осы сенімнің ықпалы болуы керек, Н. Бичурин кейін  Татар хандығының шапқыншылығынан Мыңғұл хандығы құлағанда, оның жұртында  қырғыннан аман қалған аз ғана адамның қашып  барып, Алтай тауының өздері  «Ергене-қон» деп атандырған бір қуысын паналап, сонда төрт жарым ғасырдай болып, өсіп-өнген жұрт осы қуыстан шыққан соң,  Тугю(Тукюе) Үйінің (мемлекетінің)  негізін қалады деген пікір айтады.  Бичуриннің осы пікірін сол күйі шындық деп қабылдаған  қазіргі зерттеушілер осы Ергене-қоннан шыққандарды «ортағасырлық түрктердің  ата-бабалары» деп тарихқа енгізді. Соған байланысты қазір тарихта «ортағасырлық түрктердің шыққан жері – Алтай, әйгілі Түрік қағанатының шаңырағын көтерушілер – осы Ергене-қоннан шыққандар» деген тұжырым тарихи ақиқат ретінде орнықты.

Алайда, мұның бәрі тарихи шындыққа кереғар, кезінде Бичуриннің жаңсақ түсінігінен кеткен қате  тұжырым  еді. Бұлай деуге себеп не?

Бұл сұраққа жауап бермес бұрын,  алда айтылар ойдың дұрыс-бұрысын  оқушының өзінің де  зерделей отыруына мүмкіндік туғызу үшін, сөзді,  алдымен, Н.Бичурин пікіріне негіз болған  Хондемир мен Әбілғазының осыған қатысты деректерінен бастаған жөн. Бірақ бұл екі автордың деректерінің берер мағлұматында принципті  айырмашылық  болмағандықтан, уақыт алмас үшін оқиғаны біршама  кеңірек қамтып, жіліктей баяндайтын Әбілғазы  дерегін  ғана бергенді жөн көрдім.

Әбілғазының айтуынша: Мығұлдың ұрпағы Ел хан мен Татардың ұрпағы Сүйініш хан екеуі бір кезде билік құрған. Бұлардың тұсында «татар мен мыңғұл елінің арсындағы  дұшпандық оты өршіп,  оны Әмударияның суын құйсада өшіре алмайтындай» жағдайға жетеді.  Бірақ барлық кезде  соғыста мыңғұлдар жеңіске жетіп отырады.  Ақыры мыңғұлдарды жеке өзі жеңе алмасын білген Сүйініш хан  қырғыздарға және басқа түрік елдеріне елші жіберіп, олармен одақ құрып, осы біріккен күшпен мыңғұлдың Ел ханының әскерін талқандап, адамдарын қырып, мал-мүлкін  талан-таражға салады.  Сөйтіп Мыңғұл хандығын жояды.

Осы қырғыннан  өрттен аман қалған екі түп көдедей, мыңғұлдың  Ел ханының  Қиян деген  баласы  мен  інісінің Нүкүз (бұл баланың аты – Ходемирде «Тегүз», Бичуринде «Нагос»)  деген баласы аман қалады. Олар тұтқынға түскеннен кейін он күннен соң әйелдерімен қашып шығып,  еліне келіп, сонда талаудан аман қалған мал-жанның басын қосып, жаудан бассауғалау үшін бір таудың ішіне кіріп, арқар салған ізбен жоғары көтеріледі.  Таудың үстінде шөбі шүйгін, суы мол бір жазыққа кезігеді. Осы жерді мекен етіп, оған «Ергене-қон»1 деген ат береді. Олар осы жерді 400 жылдан астам уақыт мекендеп, өсіп өнеді. Қияннан тараған ұрпақ – қият, Нүгүзден тараған ұрпақ –  нүгүздер және дәрлікен (дурлаган) деп аталады.  Бұл кезде мыңғұлдардың ханы –  қияттың құрлас руынан шыққан  Бөрте-чино деген кісі еді. Ол елін бастап Ергенек-көңнен шығады. Мыңғұлдардың пайда болғанын естіген татарлар олармен тағы соғысады. Бірақ Бөрте-чино бастаған мыңғұлдар жеңіске жетіп, 450 жылдан кейін бұрынғы ата-бабасының мекенін қайтарып алады». (Әбілғазы. Түрік шежіресі. А.1992.  14 және 27-29 беттер.).

Міне, осы деректерге сүйене отырып, Н. Бичурин  Ергене-қоннан шыққандарды «Тугю Үйінің негізін қалаушылар» деп тұжырым жасайды. Оның бұлай ой түюіне екі жағдай себеп болған тәрізді.

Соның біріншісі –  тугюлердің ата-бабасын таудың бір үңгірінен шығаратын көне  қытай жылнамаларындағы аңыз деректерінің  Әбілғазы мен Хондемир еңбектерінде айтылған деректермен үндес келуі.

Екіншісі –   Солтүстік Сиуңну мемлекетінің христианша жыл санаудың 92 жылы құлағаны мен Тугю Үйінің  552 жылы шаңырақ көтергенінің  аралығында өткен 460 жылдың татарлар қырығынынан аман қалған мыңғұлдардың Ергене-қонға барып паналағандарының  өсіп-өніп тау қуысынан шығып, төңірегіне жеке ел болып танылғанға дейінгі аралықта өткен  450 жылымен шамалас болуы.

Міне, осы екі ұқсастық Н. Бичуринге шындықтың бұлтартпас айғағындай көрініп,  сиуңну мен тукюенің бір халық екеніне қалтқысыз сенген секілді. Қалай болғанда да, қазіргі «Түрік қағанатының негізін қалаушылар – Ергене-қоннан шыққандар» деген түсініктің тарихқа еніп, орнығуы – Бичуриннің осы  қате тұжырымынан  басталғаны анық.

Бірақ, әділдігіне жүгінсек, бұл – Бичуриннің де  қатесі емес,  кейінгі біздің қатеміз. Себебі, Бичурин еш жерде  Ергене-қоннан шыққандарды түріктер демейді, керісінше, Ергене-қонға барғандарды да, одан шыққандарды да мыңғұлдар дейді, сол секілді  олардың құрған мемлекетін де «Түрік қағанаты» демейді, «Тугю Үйі» дейді. Бұл арада бар мәселе мынада:

 Н.Бичурин ол кезде қытай жазбаларындағы  «Тугю Үйі» дегеннің   қазіргі таңдағы бәрімізге белгілі Түрік қағанаты екенін білген жоқ. Бір Бичурин ғана емес,   қытай дерегіндегі тугюдің (тукюенің) «түрік» екенін ол кезде әлем тарихшыларының бірде-біреуі білмейтін. Тугюдің «түрік» екені  ХІХ ғасырдың аяғында, дәлірек айтқанда, 1893 жылдың қараша айының 25 күні  атақты дат ғалымы Вильгельм Томсен түріктің руникалық жазуының оқылу кілтін тапқаннан кейін, яғни Н.Я. Бичурин өлгеннен кейін 40 жыл өткен соң ғана белгілі болды. Сондықтан да Н. Бичурин қытайша берілген осы «Тугю»  атауын өз түсінігі бойынша моңғолдың «дулыға» деген сөзі  деп жобалап, оны Азия тарихшыларының «Ергене-қонымен» мағыналас деп ұғады.(Бичурин Н.Я. « Собрание сведений о народах…» М.-Л. 1950.,. 226-227бб.).  Осыдан келіп ол  «Тугю Үйі»  дегенді  христианша жыл санау бойынша 92 жылы құлаған қытай жазбасындағы Солтүстік Сиуңну  мемлекеті мен Әбілғазы, Хондемир еңбектеріндегі Мыңғұл хандығының орынына пайда болған жаңа мемлекеттің атауы деп  пайымдайды. Сөйте отырып, шындықтың бұлай болмауы керектігін ішкі  түйсігі арқылы сезінген ғалым: «странно, что в монгольском языке нет слова тюрки; а персидский историк, производя монгольских владетелей  от Тюрка, и называя их владения Тюркистаном, самих монголов не называет тюрками и разделяет сей народ на татар и монголов» деп, өзі бұған кәдімгідей күдік келтіреді(сонда, 227б.).

 Бірақ біз Бичуриннің бұл күдігіне де, сондай-ақ Әбілғазының  Ергене-қонға барғандарды да,  кейін одан шыққандарды да «моңғолдар» деп атайтынына да мән бермедік.  Сол секілді Әбілғазының: «Ергене-қоннан шыққандардың алғашқы  билеушісі – Бөрте Чино деген кісі», ал қытай жазбаларының  тау қуысынан шыққандарды бастап шыққан билеушісін: «түрік Асиан-шы деген кісі еді» деп, екеуінің екі басқа адам екенінің басын ашып,  анық айтып отырғанына да қараған жоқпыз. Абай айтқан «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» дегенмен, өзіміздің адасқан бағытымызды жөн көріп, бар деректің белінен бір-ақ басып, «ортағасырлық түріктердің шыққан жері – Алтай»; «Түрк қағанатының шаңырағын көтерушілер осы Ергене-қоннан шыққандар» деген тұжырымды тарихқа енгіздік те жібердік. Ең ғажабы, неге олай істегеніміздің себебін айтып, талдап түсіндірген де  бір жан болған жоқ.

Ал тарихи шындық, тіпті, бұған керісінше, басқаша болатын.  Сөз болып отырған екі оқиғаның,  атап айтқанда, көршілерінің  тосын шабуылынан қырғын тауып, аман қалғандарының бір тауға қашып барып паналап, сонда өсіп-өнгендіктерінің ұқсастығынан басқа мұнда ешқандай ортақтық жоқ. Уақыт жағынан алғанда да екі оқиғаның арасында үлкен алшақтық бар. Қытай дерегіндегі Сиуңну (дұрысы Солтүстік Сиуңну) мемлекеті мен Әбілғазы дерегіндегі Мыңғұл хандығының күйреуі  христианша жыл санаудың 93 жылы болған. Мұндағы қырғыннан аман қалғандар қашып Алтай тауына барып, «Ергене-қон» деген жерді паналайды. Бұл жөнінде «Соңғы Хән кітабы» («Хыухәншу») мынандай дерек береді: «Юн-юань билігінің бесінші жылы (93 ж.) Үйчүйжиән көтеріліс жасап, солтүстікке оралды. Патша (император) әскери кеңестің бастығы Ваң Фуға Жін Шәнмен бірге мың атты әскер алып, оларды қууға жіберді. Олар чәниүйді оралуға үгіттеп бақты. Ақыры оны өлтіріп, әскерін (елін) қырып тынды». (Сиуңну (Хән кітабынан). Ал. 1998., 130-б.).

Осымен Солтүстік Сиуңну мемлекеті өмір сүруін біржола тоқтатады. Әбілғазы айтып отырған Ергене-қоннан шыққан мыңғұлдардың билеушісі Бөрт-чино – қытай дерегіндегі осы Үйчүйжиән чәниүйдің тікелей ұрпағы. Оның Түрік қағанатының шаңырағын көтерушілерге түк қатысы жоқ. Ергене-қоннан шыққан  елдің алғашқы билеушісі Бөрте-чино, кімнің кімнен тарағанын нақты ашып берген «Моңғолдың құпия шежіресінің»  дерегі бойынша, ХІІІ ғасырда Моңғол империясының негізін қалаушы, әлемге «Шыңғыс хан» деген қаһарлы есімімен белгілі болған Есукейұлы Теміршіннің (Темучиннің) жиырма екінші атасы екенін де ұмытпаған жөн. Мұның бәрі Ергене-қоннан шыққандардың  қазіргі моңғолдардың  ата-бабалары екенін көрсетеді.

Ал Түрк қағанатының негізін қалаушылардың ата-бабаларының қырғын табуы – жаңағы  сиуңну-мыңғұлдардың  қырғын табуынан үш ғасыр кейін, дәлірек айтсақ, жаңаша жыл санаудан кейінгі 439-ші жылы болған. Бұдан аман қалғандар Алтайға емес, Гаушанның батысындағы Алтын тауға (Боғда тауына)барып паналайды.  Олар жөнінде жоғарыда біраз айттық, енді оны қайталап жатудың мәні жоқ. Ал «Ергене-қоннан» шыққандар Алтай тауына барып паналаған.

Міне, осындай нақты деректермен негізделген басы ашық шындықты мойындамай, түпкі бастауы бір болғанымен, өскен өрісі бөлек, тағдыры ортақтас болғанымен, таралып, танылуы бөлек екі халықты ендігі жерде бірін біріне   сапырылыстырып, қойыртпақтай берудің ешқандай қисыны жоқ. Мыңғұлды түрік деп шатыстыруымыз бәйтеректің діңін  бұтағымен шатыстырып, діңі қайсы десе, бұтағын;  бұтағы қайсы десе, діңін көрсеткенмен бірдей, қолайсыз дүние. Өйткені, түрік – түрік тектес халықтардың діңі, ал бұл арада сөз болып отырған мыңғұл мен татар сол діңнен тараған көп бұтақтардың бірі ғана. Сондықтан ендігі жерде сорабын еуроцентристік бағыттағы ғалымдар салған ескі сүрлеуді шиырлай бермей,  азиялық байырғы тарихшылардың (Рашид Ад-дин. Әбілғазы, Хондемир және т. б.) еңбектеріне лайықты мән беріп, ондағы деректерді өзге деректермен салыстыра зерттеу арқылы  тарихи ақиқатты айғақтар кез жетті  деп білеміз. Солай істесек, көнеқытайлықтардың «кеуделі құл», «кекшіл құл» деген мағынада қолданып, тарихнамаларына халықтық атау ретінде ендірген «сиуңну» («сиуң-кеуде, ну-құл») этнонимінің ежелгі түріктің «мыңғұл» («көп құл»)  деген халықтық атуының тікелей  аудармасы екенінін аңғару еш қиындық туғызбайды.

Ал бұл өз тарапынан осы күнге дейін әрқайсысы жеке-жеке халықтық атау ретінде танылып, соған орай бірін-біріне жақындатпай келген екі халықтың – сиуңну мен мыңғұлдың негізі ортақ бір халық екеніне куәлік береді.

Бұдан кейін, егер сиуңнудың мұңғұл екенін мойындасақ, онда қытай жылнамаларындағы дунху халқы мен түрк халықтары тарихнамасындағы татар халқының негіздестігіне дау тумаса керек. Сонда бұл өз-өзінен түсінікті мәселе болып қалмақ. Мұның бәрі, түптеп келгенде, зерттеушілеріміздің қалыптасқан қағида шеңберінен шығып, түрік халықтарының төл тарихын өз болмысы тұрғысынан танып-білуіне мүмкіндік туғызар жаңа ізденіске кең жол ашады. Сонда ғасырлар тозаңы басып, тасада қалып келген тарихи шындықтың көзі ашылған бұлақ суындай бұлқынып жарыққа шығуына жағдай жасалады.


 


3 Көнеқытайлықтар беттерін оңтүстікке қаратып отырады. Соған орай олар шығысты «сол тұстық», батысты «оң тұстық» деп атайды. Сондықтан қытай дерегінің «сол-тужиі» «шығыс тужи», яғни «шығыс жақ» деген ұғымды білдіреді.

1 Әбілғазы «Ергене-қонды» – ергене – «таудың кемері», қон – «өткір» деген мағына береді деп түсіндіреді. Аңыздың дерегі бойынша «Ергене-қон» – төрт жағын бірдей түгел тау  жартастары қоршаған  жазыққа берілген атау.  Менімше, осы «ергенек-көң» деген сөз. Атаудың айтылуында  екі «к» дыбысы қосылуы салдарынан «ергене-қон» болып кеткен сияқты. Ергенек – есіктің төрт бұрышты  жақтауы.  Сонда «Ергенек-қонның»  ұғымдық мәні төрт жағын түгел қоршаған  «Ергенек-қоныс»  дегенді білдірсе керек.

Дереккөз: Ана тілі

Y. Almabek