Массагет порталында жаңа айдар ашылды

Массагет порталында жаңа айдар ашылды

Құметті оқырман қауым! Массагет порталында «Мәңгілік ел» атты жаңа айдар ашылды. Бұл айдарда қазақ халқының тарихына, әдебиетіне, ұлттық құндылықтарына, ән-күй өнеріне қатысты жазбалар жарияланады.

«Түп тамыр» бөлімінде Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты арнайы айдар ашылды. Бұл жерде қазақ халқының тарихына байланысты барлық мәліметтер қамтылады. Оның ішінде қазақтың хандары мен батырлары, би-шешендеріне арналған «Ақберен» бөлімі және қазақтың ардақты аналары мен батыр қыздарына арналған «Айтұмар» бөлімі болады. «Түп тамыр» бөлімінде қазақтың әдеби мұрасына арналған «Асыл сөз» айдары іске қосылды. Бұл жерде ауыз әдебиеті, жыраулардың өмірі мен шығармашылығы, 19 -20 ғасырдағы қазақ әдебиеті хақында жазбалар топтасады.

Келесі «Шаңырақ» бөлімінде қазақ халқының дәстүрлі мәдениетіне байланысты жазбалар болады. Бұл жерде «Салт-дәстүр», «Қолөнер», «Қансонар» атты айдаршалар болады. Ұлттық ойындар, ұлттық киімдер, ұлттық тағамдар туралы, құсбегілік, атбегілік, тазы, төбет өсіру және аңшылыққа қатысты танымдық материалдар жарияланады. Яғни, ұлттық құндылықтарымызға қатысты барлық мәліметтерді осы жерден таба аласыздар.

Үшінші «Көзайым» бөлімінде қазақ елінің ғажайып табиғаты, өлкелер тарихы, әр аймақтың өзіндік ерекшеліктері, қызықты мәліметтер баян етіледі.

«Сиқырлы саз» атты бөлім қазақтың дәстүрлі ән өнеріне бағытталады. Бұл бөлім «Ән», «Күй» атты айдаршалардан тұрады.

Одан кейінгі «Қазақфильм» бөлімі қазақ фильмдерінің жинағы болады деп жоспарланып отыр. Бөлімде қазақ киносына қатысты қызықты деректер, сұхаттар, жаңалықтар да тұрақты жарияланып отырады.

«Қазақстанда жасалған» бөлімі елімізде дайындалған отандық өнімдерді әйгі етеді.

Ең соңғы «Беткеұстар» бөлімі еліміздің танымал тұлғаларына арналады. Яғни, бұл жерде ұлт мақтаныштарына айналған белгілі тұлғалардың өмірі мен игі істері насихатталады.

Сурет: ©Мassaget.kz

Ш. Талап