Елбасы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған монументті ашты

Елбасы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған монументті ашты
Фото: tengrinews.kz

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған монументті ашты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Елбасы қазақстандықтарды мерекемен құттықтады. "Құрметті астаналықтар, жерлестер. Бүгін Тәуелсіздіктің 25 жылдығы, баршаңызды ортақ мерекемен құттықтаймын!", - деді Назарбаев.

Президент монументтің EXPO-2017 аумағында орналасуының ерекше мәні барын атап өтті. 

"EXPO-2017 аумағында орналасуы түсінікті. Келесі жылдан бастап әлемнің әр түпкірінен миллиондаған адам келіп, көрмені тамашалайды. Әрине, олар осы монументті көріп, Қазақстанның 25 жылға толғанын есте сақтап жүреді", - деді Елбасы.

"Бұл монумент көкке ұмтылып тұр. Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына кіру ұмтылысы сияқты. Біздің өрлеуге ұмтылысымызды бейнелейді", - дейді Мемлекет басшысы.

Еске салайық, былтыр желтоқсан айында Қазақстанның Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған монументтің үздік сызба-идеясының жеңімпаздары анықталған болатын. Конкурстың қорытындысы бойынша, бірінші орынды алматылық Еділ Әлімбев жеңіп алған еді.

Идея авторының түсіндіруі бойынша, көкке ұмтылған стелланың 25 қыры бар. 25 қыр - Тәуелсіздіктің 25 жылын білдіреді.

Дереккөз: tengrinews.kz

Ө. Сансызбай